Медицина • Бүгін, 14:13

Севоран: Баланы ұйықтатып тісін емдеудің қаупі мен тиімділігі қандай?

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары балалар тісін жалпы анестезиямен емдеу жиілеп, ата-аналарды севоранның қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Мамандар бұл препарат баланың психикасын қорғайтынын және қорқыныш сезімін сейілтетінін айтады. Осы орайда Egemen.kz тілшісі білікті мамандардан севоранның қолданылуы, артықшылықтары мен мүмкін қауіптері жөнінде толық ақпарат алды.

Севоран: Баланы ұйықтатып тісін емдеудің қаупі мен тиімділігі қандай?

Фото: istockphoto.com

Севоран қалай әсер етеді?

«Севоран немесе севофлуран – қазіргі таңда балалар стоматологиясында ең кең наркоздық аппарат. Біз оны әсіресе жас балаларға, көп тісі зақымданған немесе ем кезінде тыныш жата алмайтын балаларға қолданамыз», дейді тіс дәрігері Давронов Мардон Нусратович.

1

Дәрігердің айтуынша, препараттың ең үлкен артықшылықтарының бірі – әсерінің жылдамдығы.

Балаларға әсері:

  • 1-2 минутта тез ұйықтатады;
  • Жүрек пен тынысқа әсері өте төмен;
  • Ем кезінде психологиялық жарақаттың алдын алады.

Қауіпсіздік шаралары қалай сақталады?

Дәрігер севоран қолданар алдында қауіпсіздік талаптары қатаң сақталатынын айтады:

  1. Баланың толық медициналық тексерісі (жүрек-тамыр, тыныс жолы, неврологиялық ақаулары). 
  2. Мөлшерді жасына және салмағына қарай нақты есептеу.
  3. Пульс, дене қызуы, қан қысымы, сатурацияны тұрақты бақылау.
  4. Бала кемінде 6 сағат тамақ ішпеуі керек.
  5. Реанимациялық жабдықтың толық дайындықта болуы.

«Севоранның әсері тез басталып, тез аяқталады. Орташа наркоз 2-3 сағатқа созылады. Кейбір күрделі жағдайларда 4-5 сағатқа дейін ұзаруы мүмкін, бірақ оны анестезиолог шешеді. Баланы ұзақ уақыт наркозда ұстамас үшін бір сеанста 6-8 тіс емдеген дұрыс. Егер 15-20 тіс зақымданса, емді екі бөліп жасаймыз», дейді Давронов.

Препараттың артықшылықтары қандай?

  • Ауырсыну мен қорқыныш жоқ;
  • Бірнеше тісті бірден емдеуге мүмкіндік;
  • Ояну кезеңі жеңіл;
  • Аллергиялық реакциялар сирек кездеседі.

Тыйым салынатын  жағдайлар:

  • Астма, ларингоспазм сияқты тыныс жолдарының ауыр аурулары;
  • Бауыр немесе бүйрек жеткіліксіздігі;
  • Жүрек аурулары;
  • Жергілікті анестетиктерге аллергия;
  • Ауыр неврологиялық аурулар;
  • Эпилепсияның бақыланбайтын түрі;
  • Жақын арада инфекциялық аурулармен ауырса (мәселен, ЖРВИ-мен 1-2 апта бұрын ауырса)

Балалар үшін қауіпсіз бе?

«Севоран арнайы наркоздық аппарат арқылы беріледі. Аппарат севофлуран газын дәл мөлшерде араластырып, маска арқылы балаға жібереді. Оның басты артықшылығы – тез ұйықтатып, ауырсынуды сездірмеу, баланың бұлшықеттерін аз мөлшерде босаңсыту және тез оятатындығы. Балалар үшін қауіпсіздігі жоғары», дейді анестезиолог-реаниматолог маман Темірғалиев Қанағат. 

2

Қандай жаста ерекше сақтық қажет?

  • 1 жасқа дейінгі балалар – тыныс жолдары өте сезімтал;
  • Шала туған балалар – қосымша тексеру қажет.

Анестезиологтың айтуынша, қауіпсіздіктің негізгі факторлары:

  • Мөлшерді жасына және салмағына қарай дәл есептеу;
  • Сатурация, тыныс, жүрек жиілігін үздіксіз бақылау;
  • Тіс саны көп болса, наркозды екі кезеңге бөлу.

Процедура кезінде үздіксіз бақылау жүргізіледі:

  • Сатурация – оттегінің деңгейі (пульсоксиметр).
  • ЭКГ – жүрек ритмі мен жиілігі.
  • Капнография – сыртқа шығатын CO₂ мөлшері, тыныстың сапасын көрсетеді.
  • Қан қысымы, дене қызуы 5-10 минут сайын өлшенеді.

«Бала 6 сағат тамақ, 4 сағат су ішпеуі керек. Ұйықтау-ояну кезеңі қалай өтетіні, қандай тістер емделетіні алдын ала түсіндіріледі. Қысқа мерзімді бас айналу, мазасыздық болуы мүмкін. Үйге барған соң кешке таза ауада серуендеу пайдалы», дейді Темірғалиев.

Дәрігерлердің пікірінше, ата-ананың негізгі міндеті – баланы алдын ала тексеруден өткізіп, наркоз алдындағы талаптарды дұрыс орындау. Ал қалғаны арнайы дайындықтан өткен мамандардың бақылауында болады. Ең бастысы – процедураны кәсіби орталықта, тәжірибелі дәрігерлердің қатысуымен өткізу.

Бұған дейін министр Ақмарал Әлназарова Астанадағы стоматологиялық клиникада наркоздан кейін көз жұмған үш жасар қызға қатысты жағдай бойынша севофлуран (севоран) препаратының қолданылуына тыйым салу мәселесіне түсінік берген еді. Қазір бұл іске қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 

Елімізде балалардың бір сәтте бірнеше тісін жалпы наркозбен емдеу жағдайлары бойынша шағымдар жиілеп кеткен соң, Денсаулық сақтау министрлігі стоматалогиялық клиникаларға тексеріс жүргізіп жатыр.