Әдебиет • 12 Желтоқсан, 2025

Ұмтылыс

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әдеби мерейтойлар аясында зерделі еңбектер жазылып, оқырманмен қауышып жатады. Осы орайда биылғы хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген жазушы Болат Жүнісбековтің «Күнге асығу. Абай – Заманай сыры» роман-новелласын атап өте аламыз.

Ұмтылыс

Өз халқын өркениет төрінен, ізгі қоғамнан көргісі келген Абай мен сол идеяның жалғасы – Заманайдың сырымен автор оқу-білім мен ілім-ғылымның жасампаз күш екенін айқындайды. Бұл – Жарық пен Күнге бет бұрудың көркем рәмізі іспеттес. Мыңдардың арманы мен мұң-зарын мың біріншінің – Абайдың, бірнеше ұрпақтың өкілі –  Заманайдың жан сыры арқылы санаға тоқытады.

Еске салсақ, автор бұған дейін хакім сөзінің «сәулесімен» әдіптеп, жалғыз әріппен таңбаланған «У» атты роман-эссесін, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, алғашқы Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов туралы «отАсу» роман-дило­гиясын жазғанын білеміз. Сондай-ақ Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайындағы «Абай сәулесі», «Ақиқат ұшқыны» атты зерттеулер мен мақалалар жинақтары және «Абайдың ақын ұлдары» кітабы оқырман қауымға кеңінен таныс. «Шуақ», «Ғайып» әңгімелер мен новеллалар жинақтары әдеби ортаға таңсық емес.

Төрт тараудан тұратын жаңа роман-новеллада автор тағы да Абайдың жанына, ақынның сөзіне үңіледі. «Сүйіну», «Күйіну», «Суыну», «Сейілу» – әр тарау үш бөлімнен құралған новеллалар арқылы өрбиді. Мәселен, Заманай «Сүйіну» тарауындағы «Келу», «Ояну», «Көру» бөлімдері мен «Күйіну» тарауындағы «Тану», «Айту», «Тақымдау» бөлімдерінде ұлт мұратын ортаға салады. Ал ел арманына деген сенімнің үзілуі мен қайта оралуы «Суыну» тарауындағы «Түршігу», «Түңілу», «Қайту» және «Сейілу» тарауындағы «Оралу», «Сергу», «Серпілу» бөлімдерінде бейнеленеді.

 «Өз басым ұлы ақын туралы ойланғанда Абайдың жап-жарық, сәулелі, бірақ «соқтықпалы, соқпақсыз», тауқыметті сапарының сүйіндірген, күйіндірген, суын­дырған және сейілу кезеңдерін сезінемін. Бұл төрт кезең – жай ғана уақыт өлшемі емес, хакімнің жарыққа сүйінуінің, қараңғылыққа күйінуінің және «қаңқ етер түкті байқамас, жартас»  қауымнан суынуының, еркін елімен  бірге сейілуінің  төрт кезеңі», деп жазады автор.

Даралық пен даналықтың өзара өзектес, түбірі тамырлас төрт кезеңі. «Оның біреуі олқы соқса, меніңше, ақын сыры да солғын тартпақ. Абай жырлаған мыңның мұңын, яки мың біріншінің мұңын  түсінуің де екіталай. Бұл төрт кезең, сондай-ақ дала данышпаны Құнанбайдың Абайының, қазақтың Абайының адамзаттың мәңгі Күншуағына айналған жасампаз сапарының бірін-бірі жалғаған мәңгілік жолының төрт кезеңі».

Жазушы бұл төрт кезеңді кешегі ата-әке, бүгінгі немере-шөберенің, яки Заманайлардың уыстан шығарып алған үміттерінің айнасына балайды. Сондай-ақ тәуелсіз қазағының өткенге салауат айтып, ертеңге зор үмітпен сейілу кезеңі деп те айшықтайды.

Иә, бұл туындының өзегі ата-баба арманымен, хакім Абайдың мұрат-мақсатымен және бүгінгі ұрпақтың тілегімен тереңнен астасқан өркениетке бастар жол – оқу мен білімге ұмтылыс, құштарлық пен жарық үмітке құрылған.

Айта кетейік, 1 000 данамен таралған кітап мұқабасы автордың ақылымен немерелерінің салған суреттерімен безендірілуі де оның өз ұрпағын Күнге – ілім-ғылымға «жетелеуін» меңзейді.