Базарлық. 80 х100. к.м.б. 2007
Ол орта мектепті тәмамдағанда өзінің суретші болатынына нық сенімді еді. Содан болар, Әбілхан Қастеев атындағы өнер училищесі мен Мемлекеттік театр және көркем сурет институтын үздіктер қатарында бітіріп, ұзақ жылдан бері еңбектеніп, қолтаңбасы бар қылқалам шеберіне айналды.
Кескіндемешінің «Базарлық» картинасы композициялық құрылымы ерекше туындыларының бірі. Композициядан қазақы нақышта өрнектелген қоржынын иығына асқан, әсем қимылдағы әйел бейнесін көреміз. Оның артқы жағында дөңгеленген пішінде қанық түсті жануарлардың бейнесі салынған қазақы киізге ұқсас, тұтас қара сызықпен жиектелген, бұрыштары дөңгеленген төрбұрышты пішіндегі кілем. Картинаға тұтастай қарасақ, әсем қозғалыстағы әйел қоржын толы базарлықты өзімен алып келе жатқандай әсер береді. Кескіндемеші бейнелерді бірінің артына бірін орналастырып, қатпарлы жазық бетті композицияда орындаған. Әйелдің киіміндегі, қоржынындағы өрнектер мен артқы жағындағы жануар мотивтегі бейнелер бақуатты қазақтың дәстүрлі мәдениетінің көрінісі. Сонымен қатар қызыл, жасыл, көк, сары негізгі түстер сәнді, қанық ұлттық стильді одан әрі айқындай түседі. Ерекше көзге түсетіні, қазақтың киіз өрнегіне ұқсас әрбір бейненің сыртынан жүргізген қара түсті сызық – бейнелерді айқындайды. Қазақ халқының дәстүрінде киіз басқанда алдымен қара түсті жүннен иректеп өрнегін сызып алып, оның ортасын әр түсті боялған жүнге толтырып барып басады емес пе. Содан өрнектер қара түспен жиектеліп, анық, дара-дара болып көрініп тұрады. Мұндай тәсіл өрнекке даралық, монументалдылық береді. Болат Тұрғынбай картинасында таза әрі қанық түстерді алуы, бейнелер мен өрнектерді қара сызықпен жиектеуі – қазақтың өрнекті киізіне келеді. Картинада алдымен қою қараңғы түсті қылқаламмен қысқа сызықтар арқылы жазып, оның үстіне келесі түсті орналастыра жазған тәсілі жалпы суреттегі бейнеге қозғалыс үстейді. Суретші адамның жанары екі нүктені көргенде көзі оны қозғалыста қабылдайтын оптикалық заңдылықты ескере отырып жазады. Бірінші жағылған бояудың үстін толық жауып тастамастан, оның үстіне түскен екінші түс екі нүктелі қозғалыс иллюзиясын тудырады. Бұл бір жағынан қимылды берсе, екінші жағынан – тоқылған кілемге ұқсас фактура. Автордың мұнысы өзіне тән қолтаңбалық шеберлігін байқатады.

Ғұмыр. 60х80. К.,м..б. 2009
Картинадағы әйел бейнесін қазақтың ошақ иесі, даналық пен дәстүрдің сақтаушысы мен ұрпақ жалғастырушысы деп танимыз. Яғни картинаның негізгі мазмұны рухани-мәдени байлықты шашпай-төкпей тарихи кезеңдерден алып келе жатқан қазақ әйелінің рәміздік бейнесі деп білеміз. Кескіндемешінің әйелге жеке келбет берместен, жалпы ұлтқа тән әйелдің образын жасағанынан да осыны байқауға болады.
Кескіндемешінің келесі туындысы «Ғұмыр» – нағыз көрнекті, сәнді стильде жазылған шығарма. Туынды ритм мен символизм қағидатына және метафоралық, философиялық мазмұнға құрылған.
Композиция орталығы ашық жасыл және қызыл түсті киім киген, басын иығына түсіріп, жабық қалыпта діңгекте отырған, өзінің ішіне үңіліп ойға шомған адам бейнесі. Оның айналасына балықтар мен құстарды шахматты тәртіпте орналастырған. Мұндағы құс – жер мен аспанды жалғастырушы, еркіндіктің әрі адам жанының, ал балық болса түйсіктің, бейсаналықтың, мәңгі қозғалыстың, судың рәмізі. Картинаның оң жағының жоғары жағында үш миндальды пішіннің ішіне балықтар мен құстарды толтырған. Картинадағы кеңістікті көлденеңінен екі бөлікке бөлген. Төменгі бөлігі жасыл түсті жерді білдірсе, жоғарғы жағы қызыл түспен боялған. Сол жақ қызыл бөлікте сопақша миндальды пішін горизонталды орналасқан. Картинадағы сарғыш пен жасыл, көк пен қызыл түстер басым болғандықтан, көрушіге кереғар әсер ететіндей туындыға тербелмелі қозғалыс беріп, бір-бірімен үйлесімділік тапқан. Туындыны тұтас алып жатқан аясы қысқа штрихтар мен нүктелер арқылы қозғалыс пен «жарықтың пульсациясы» әсерін беретін, нүктелі (пуантилисті) орындалған. Түстер арқылы кеңістікті төменгі және жоғарғы етіп екіге бөлу арқылы, жер мен аспан, рух пен материя сияқты әлемнің дуализіне баса назар аударады.
Туындыда түстердің негізінде құрылған ырғақты қозғалыс арқылы адамның ішкі рухани халін көрсеткен. Яғни адамның ішкі пульсациясы мен тіршілікті айқын бейнелеп отыр. Туындыдағы орталық фигура адам және оны қоршаған құстар, балықтар – жан мен табиғатты бір кеңістікке жинайды. Бұл ғарыштың, басқаша айтқанда, жаратылыстың бірлігі идеясын білдіретін медитациялы, философиялық композиция.
Жалпы, суретші мен табиғат және ғарыш тыныштығының мәңгі қарым-қатынаста болатынын, тұтас әлемді бір арнаға тоғысқан рухани жүйе ретінде береді. Ал шығармада пішін мен түс және өрнек көркем туындының айқындаушы құралы ретінде бірдей мәнге ие, олай болса біз бұл картинаны символды-декоративті өнер деп тұжырымдаймыз.

«Көкжайлау» 50х60 к.м.б., 2011
Болат Тұрғынбайдың көп туындылары айқын бейнелі, көркем мәнерде жазылған. Оны әсіресе «Көкжайлау» туындысынан айқын байқауға болады. Алдымен картинаның композициясына тоқталсақ, суретші көрерменнің бар зейінін қара контурлы сызықтармен жазылған қою қара шыршалармен біртіндеп жоғарыға қарай көкжиектегі әдемі таулы алқапқа жетелейтін пейзаждың орталығына аударған. Картинаның алдыңғы бөлігіндегі айқын сызықпен сызылып, әсем иіле үлкейтіліп берілген өсімдіктердің пластикасы көзге түседі. Мұндай жазу мәнері модерндік суретшілердің витражды немесе апплекацияда орындалған картиналардың мәнеріне келеді. Туындыда ашық жарқын және қою қараңғы кереғарлы түстік гамма бір-бірімен әсем үйлесімділік тапқан. Картинада қанық жасыл, қызғылт-охра тәріздес және көк түстер өте әсем бояуларға толы палитраны құрайды. Қою қараға жақын қанық жасыл түсті шыршалар ашық аспан мен мұндалаған аппақ тәкаппар тау шыңдарының аясында көзге айқын көрініп тұр.
Мұндағы шыршалардың ырғақты қайталануы – сәнді әрі өрнекті әсер береді. Болат Тұрғынбай үшін табиғаттың көшірмесінен гөрі, одан алған әсерді бейнелеу маңызды. Көкжиекте орналасқан айқын сызықтармен сызылып үшкірленген тау шыңдарын оның басындағы аппақ қар одан әрі асқақтата түскен. Картинаның алдыңғы жағында бейнеленген өсімдіктер ботаникалық атластағыдай түсінікті әрі сәнді оймышталып бейнеленген. Бейненің сыртқы жиегін қара сызықтармен жүргізу модерн мен постмодернге тән мәнер (Ван Гог, Гоген және «Наби» тобының суретшілері). Сонымен қатар ХХ ғасырдың басындағы ар-нуволық суретшілердің стилистикалық ерекшелігі, туындыларында өсімдік элементтерін ірі, сәнді етіп бейнелейтін.
Модерн суретшілері академистік сурет салудың қатаң ережелерінен бас тартқанымен, бейнелеудің сезімдік, терең рухани бастауларын өздерінің туындыларында ұтымды қолдана білген. Сол сияқты Болат Тұрғынбай да өзінің ерекше жазу мәнерін дәстүрлі бейнелеу мен ұлттық сәнді стильдің тоғысынан іздестіреді. Оның туындыларында табиғаттың шынайы көрінісін сәнді әрі ырғақты беру ұлттық өнер өрнектеріндегі қозғалысты еске түсіреді.
Осы картинада бір қарағанда байқала қоймайтын, адамдарды нүктеге дейін кішірейтіп бейнелеу суретшінің табиғатты пантейстік қабылдау философиясы. Мұнда табиғат мистикаға толы, тірі, ешкімге бағынбайтын тәуелсіз кейіпте бейнеленген. Туынды бір шетінен тыныштықты, екіншіден ұлылықты білдірсе, сондай-ақ киеліліктің әсерін де береді.
Болат Тұрғынбайдың көптеген картинасына ортақ қолтаңбалық ерекшелік – тербелмелі қозғалыс. Оның түстерді пульсивті-вибрациялы жазу тәсілі картинадағы фигуралар мен табиғат көріністерін қозғалысқа енгізеді. Қозғалысты берудің ырғақты, динамикалы деген сияқты дәстүрлі түсініктері бар. Дегенмен Болат Тұрғынбайдың картиналарындағы қозғалыс ғаламның көзге көрінбейтін, денемізбен сезінбейтін тоқтаусыз қозғалысына ұқсас екені айқын аңғарылады.
Қалдыкүл Оразқұлова,
өнертанушы