Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты CRT-P Amvia Sky құрылғысын орнату арқылы жүректі физиологиялық стимуляциялау жөніндегі шеберлік сабағын өткізді. Құрылғы кәдімгі стандартты кардиостимуляторлардан ең алдымен жүрек ырғағы өзгергіштігі табиғи ырғаққа барынша ұқсастығымен ерекшеленеді. Стимуляция алгоритмі физикалық әрі психоэмоционалдық жүктемеге жауап беріп, денсаулықты жақсартып, қолайсыздықтың болмауына ықпал етеді.
Операцияны аритмология қызметінің аға ординаторы Асылхан Паримбеков Польшаның Краков қаласынан келген профессор Кшиштоф Бочардың қатысуымен жасады. Жүрекшелер абляциясы мен кардиохирургиялық араласуларды өткерген, жүрек қарыншаларының жиырылу біркелкілігі бұзылып, жүрек қызметі жеткіліксіздігі, сол жақ қарыншаның жиырылу фракциясы төмендеген жағдайда пациенттерге арнайы үш камералы кардиостимуляторлар (CRT-P) қажет. Шеберлік сабағына қатысқан хируругтер кардиоресинхрондау терапиясы қағидаттарымен танысты. Терапияның клиникалық тәжірибеде қолданылуы, жүректің өткізгіштік жүйесі аймағына имплантация жасау көрсетілді.
– Шеберлік сабақтары мамандарымыздың медицинаның соңғы жетістіктерінен хабардар болуына, жаңа емдеу әдістері мен технологияларды меңгеріп, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, кәсіби өсуіне мүмкіндік береді. Тәжірибе алмасу дәрігерлердің кәсіби қызметке қажетті білімдерін, біліктілік пен дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді, – деді институттың Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.
А.Паримбековтің айтуынша, үш камералы CRT-P кардиостимуляторлары қарыншалардың синхронды жұмысын қамтамасыз етіп, жүректің қан айдау қызметі мен үздіксіз жұмысын жақсартады. Кардиоресинхрондау терапиясы жүрек қызметінің жеткіліксіздігін емдеудің маңызды компоненті болып қала береді, ал үш камералы құрылғыларды қолдану ұзақмерзімді клиникалық нәтижелерді жақсартады.
– Жүректің өткізгіштік жүйесіне бағытталған CRT-P имплантациясы жүрек қызметі жеткіліксіздігі бар науқастарда ұзақмерзімді нәтижелерді жақсартуға жаңа мүмкіндік ашады, – дейді жүрек ырғағы мен өткізгіштігі бұзылыстары бөлімшесінің меңгерушісі Бағдат Ахыт.
Екі операция да сәтті өтті. Енді озық кардиостимулятор орнатылған науқастар ел қатарлы өмір сүріп, қалаған ісімен, тіпті спортпен айналысып, саяхаттай алады.
АЛМАТЫ