Оқу-ағарту министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, бұл сабақтардың мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді қауіпсіздік ережелерін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ білім алушылардың бойында жеке қауіпсіздігі мен басқаларды қорғауға қатысты саналы әрі жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау.
Жеке қауіпсіздік сабақтары апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі. Сабақтың мазмұны балалардың жас ерекшелігі мен қабылдау деңгейіне сәйкес әзірленген. Ұсынылған оқу-әдістемелік кешен 130 сабақты қамтиды. Негізгі тақырыптар жылына үш рет қайталанып, балалардың жеке қауіпсіздік дағдыларын жүйелі және тұрақты меңгеруін қамтамасыз етеді.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, балалардың жасы мен даму деңгейін ескере отырып, әр сабақтың пайдалы әрі қызықты өтуіне назар аударылады.
«Бүгінгі бала екі әлемде – шынайы өмір мен цифрлық кеңістікте қатар өсіп келеді. Сондықтан олардың өз қауіпсіздігін білуі өте маңызды. Сабақтың 10 минуттық қысқа форматта өткізілуі бекер емес. Аз-аздан, бірақ жиі қайталанған ақпаратты бала бойына тез сіңіреді. Біздің мақсат – әрбір баланың өзіне сенімділігін нығайтуға, кез келген жағдайда өзін қорғауына көмектесу. Біз балаларды қолдайтын, оларды жақсы істерге ынталандыратын орта құруға ұмтыламыз. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай сабақтар балалардың мазасыздығын төмендетіп, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады, оларды өмірдегі, онлайн ортадағы күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді», деп атап өтті.
Сабақтардың тиімділігін анықтау мақсатында республикалық мониторинг жүргізілді. Мониторинг жұмысына 46 мың педагог, 318 мыңнан аса оқушы қатысты. Оның нәтижелері сабақтардың жоғары сұранысқа ие екенін айғақтайды. Мәселен, педагогтердің 92%-ы мектептегі жалпы ахуалдың жақсарғанын, 96%-ы оқушылардың өзіне деген сенімділігі артқанын айтты. Ал оқушылардың 95,5%-ы сабақтарды оң бағаласа, 90%-ы олардың күнделікті өмірде пайдалы екенін жеткізді.
Бағдарламаны іске асыру барысында үшкезеңді мониторинг жүргізілді. Оның ішінде педагогтер мен психологтерге арналған кеңестер мен вебинарлар ұйымдастырылды, сондай-ақ полиция, ТЖМ және денсаулық сақтау өкілдері тартылды. Анкета алу, жобалар, бейнероликтер және өзге де интерактивті әдістер қолданылды.
Балабақшаларда балалар шұғыл қызмет нөмірлерін жаттайды, қауіпсіздік ережелерімен танысады, бейтаныс адамдардан сақтану және ойын алаңында, қоғамдық орындарда қауіпсіздік шаралары мен тәртіп сақтауды үйренеді.
Мектептерде күнделікті өмір мен цифрлық ортадағы қауіпсіздікке басымдық беріледі. Оқушылар жеке мәліметтерді қорғау, кибербуллингті танып, одан қорғану, онлайн-қарым-қатынас орнатуда қауіптерді ажырату, жалған ақпарат үшін жауапкершілікте болу, күдікті заттарға қатысты дұрыс әрекет ету, табиғатта, суда және мұзда қауіпсіздік шараларын сақтау ережелерін меңгереді.
Колледждерде жасөспірімдер мен жастар арасында жиі кездесетін әлеуметтік және цифрлық тәуекелдер қарастырылады. Олар өз құқықтарын қорғауды, алаяқтықтан сақтануды, қауіпті онлайн табыстардан алшақ болуды, қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті, төтенше жағдайлардың алдын алу және эмоцияны басқару дағдылары оқытылады.