Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қаржылай және әлеуметтік ынталандыру
Бұған дейін де талай рет жазғанбыз, десе де қайталау артықтық етпейді, ғылымның дамуы қаржылай қолдауға тікелей тәуелді. Өйткені кейбір маңызды зертханалық жұмыстар, ғылыми зерттеулер, күрделі сынақтар көлемді қаражатты талап етеді. Сондықтан бұл салада экономикалық демеуге мән бермеуге болмайды. Осы және өзге де бюрократиялық мәселелердің шешімдерін сараласақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратта хабарланғандай, ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі 2025–2027 жылдарға 531,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Ғылымды дамытуға және сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған заңдар қабылданды. Сонымен қатар Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жоғары ғылыми ұйым түріндегі жаңа мәртебесі анықталды. Инновациялық инфрақұрылымды қолдау үшін бірыңғай терезе болатын және венчурлық қаржыландыруды тартатын Ғылым қорының мәртебесі кеңейтілді. Ғылыми қызметкерлердің мәртебесін арттыру үшін ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 18%-ға артты, ал ғылыми атақтар үшін қосымша ақылар 50 АЕК-ке (бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3932 теңге екенін ескерсек, бұл 196 600 теңге болады) дейін өсті. Жоғарыда аталғандар – ғылымды дамыту аясында қабылданған іс-шаралар.
Енді жас ғалымдарға арналған қолдау тетіктеріне ойыссақ, жалпы, елде ғылыми зерттеулермен 425 ұйым айналысады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11-ге көп. Ғылыми қызметкерлер саны 25,4 мың адамға жетті, оның 46%-ы – жас ғалымдар. Ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру мақсатында 2024 жылы 560 жас ғалым пәтерге қол жеткізді. Оның 290-ы «Отбасы банкімен» бірлесіп іске асырылатын арнайы ипотекалық бағдарлама аясында, ал 25-і өтеусіз негізде тұрғын үй алды. 2025 жылдың басынан бері 36 жас ғалым тегін пәтер иеленді.
Сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2021–2024 жылдар аралығында гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді, соның нәтижесінде 2 мыңнан аса ғылыми жоба іске асырылды. Жыл сайын ғылымға қосқан үлесі және ғалымдарды ынталандырғаны үшін 2000 АЕК (бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3932 теңге екенін ескерсек, 2000 АЕК 7 млн 864 мың теңге болады мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріледі. Докторларды даярлауға мемлекеттік білім тапсырысы өсіп жатыр. Мәселен, егер 2022 және 2023 жылдары докторантураға берілетін гранттар саны тиісінше 1815 және 1919 грантты құраса, 2024 жылы 2919 грант бөлінді.
Кәсіби һәм өндірістік демеу
Осы күні ғылымда шешімін күтіп тұрған көп түйткіл бір ғана елге тән емес, жаһандық мәселеге айналғандары жетерлік. Мұндайда ғалымдарымызға шетелдік әріптестерімен серіктестік орнатуға тура келеді. Бұл ретте тағылымдамалардың орны ерекше. Осыған орай елімізде әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында 500 ғалымның жыл сайын ғылыми тағылымдамалардан өтуіне жағдай жасалып отыр. Бүгінде 1475 тағылымдама берілді. Бұл ғылымға жастардың келуіне және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу инфрақұрылымын нығайтуға ықпал етеді.
Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту – аса маңызды іс. Мұның сәтті мысалы – ғылыми-технологиялық сессиялар. Бүгінде «Қазақмыс», «Қазатомөнеркәсіп», «ERG», «Қазминералс», «Қармет», «ҚазақОйлАқтөбе», «Қазмырыш» сияқты ірі кәсіпорындармен бірлесіп, ел өңірлерінде осындай 12 сессия өткізілді. Ғылыми-технологиялық сессияның қорытындысында Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысына 11 техникалық тапсырма ұсынылды. Осылайша, ғылыми-техникалық тапсырмалардың жалпы көлемінің 10%-ын ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижелеріне негізделген. Сонымен қатар 2024 жылдың басынан жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымы мен технологияларын дамытуға күрделі салымдардан 1%-ын аударудың жаңа тетігі енгізілді.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жоғары оқу орны базасында ғылыми инфрақұрылымды күшейту және кәсіпорындармен әріптестікте заманауи зертханалармен технологиялық парктер, инжиниринг орталықтарын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Айталық, осы ғылыми жобаларды іске асыруда 10 зертхана ашылды, 5 спин-офф цехтары, 3 стартап іске қосылды, 468 млн теңгеге жеке ұйымдармен ғылымды қажет ететін қызметтер шығаруға 14 шарт жасалды, 788,9 млн теңге жеке қоса қаржыландыру тартылды. Сонымен қатар еліміздің университеттерінде (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ) күрделі ғылыми міндеттерді шешуге, озық зерттеулерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған 3 суперкомпьютер бар. Академиялық кластердің жалпы өнімділігі – 2 PFLOPS.
Ал отандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелері әртүрлі салада қолданылып келеді. Мысалы, Балқашта Satbayev University Металлургия және байыту институтының зерттеушілері әзірлеген бірегей технология бойынша тазартылған селеннің алғашқы партиясы шығарылды. Сонымен қатар биолог-профессор Дос Сарбасов бастаған Nazarbayev University ғалымдары қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты. «DVC» деп аталатын дәрі-дәрмектің құрамына С витаминінің жоғары дозасы және төмен концентрациядағы мышьяк кіреді. Препарат глюкозаны сіңіретін қатерлі ісік клеткаларына әсер етеді. Бүгінгі таңда бұл препарат пациенттерге оң әсер етіп, клиникалық сынақтың екі бастапқы кезеңінен сәтті өткенін еске салған жөн. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары Қазақстанда алғаш рет травматология, нейрохирургия, жақ-бет хирургиясы, онкология және радиология үшін отандық имплант дайындады. Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ғалымдар металлургиядағы коррозиямен күресудің инновациялық әдісін – «Сақтау» коррозияға қарсы жабын әзірледі. Осыған қоса біздің зерттеушілер қазақ тілінде жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған «KazLLM» үлкен тілдік моделін әзірледі. «KazLLM» қазақ тіліндегі мәтіндік ақпаратты өңдеу, аудару және талдау, сондай-ақ қазақ тілін заманауи технологияларға интеграциялау үшін тиімді шешімдер жасауға ықпал етеді.