Фото: Ашық дереккөз
Сала өкілдерінің есебінше, жалпы шығын көлемі миллиардтаған гонконг долларын құрауы мүмкін. Тек қана өртенген пәтерлердің нарықтық құнының өзі шамамен 5 млрд гонконг долларына бағаланып отыр, бұл – 642,3 млн АҚШ долларына тең.
Алайда, бұл сомаға әлі де жанама экономикалық шығындар енгізілмеген. Яғни қайғылы оқиғадан кейін қалада жыл сайынғы «Hong Kong Cyclothon» веломарафоны және 50 мың көрерменге арналған жаңа Kai Tak стадионындағы әнші Карен Моктың алғашқы концерті кейінге қалдырылған.
«Natixis Corporate and Investment Bank» экономисі Гэри Нг Чхек Йанның пікірінше, іс-шаралар индустриясындағы үш апталық үзіліс шамамен 265 млн гонконг доллары (34 млн АҚШ доллары) көлемінде қосымша шығынға әкелуі мүмкін.
Гонконг үкіметі зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек пен өтемақы төлеу тетіктерін әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта тұрғындарға көмек ретінде 3,7 млрд гонконг доллары (474 млн АҚШ доллары) көлемінде қайырымдылық қаражаты жиналды.
Еске салсақ, 26 желтоқсан күні өрт Тай По ауданындағы сегіз ғимараттан тұратын «Wang Fuk Court» тұрғын үй кешенінен шықты. Тұрғын үй кешенінде 2 мың пәтер болған, онда 4600 адам тұрып жатқан. Жергілікті билік жалпы өрт құрбандарының саны 159-ға жеткенін мәлімдеді.