Аймақтар • Бүгін, 08:25

Өрт сөндіру бекеттерінің саны артты

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бородулиха ауданының Дмитриевка ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Нысан Дмитриевка, Боровое ауылдарына қызмет көрсетеді. Бүгінде бұл ауылдарда 1 151 адам тұ­ра­ды, 358 үй мен бірқатар әлеумет­тік нысан орналасқан.

Өрт сөндіру бекеттерінің саны артты

Өңірде өрт сөндіру бекеттерінің саны артып, олардың техникалық мүмкіндігі күшейіп келеді. Жаңа бекеттердің іске қосылуы – орталық-тан шалғайдағы елді мекендердің қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Заманауи техникамен жабдықталған бекеттер өрттің алдын алу мен салдарын азайтуда маңызды рөл атқарады.

Дмитриевка ауылындағы «ШығысОрманИндустрия» ЖШС базасында ашыл­ған жаңа өрт сөндіру бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Заманауи құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, демалыс бөлмесі, ас үйі, санитарлық торап, тазалық бөлмелері бар. Бекет тұрмыстық, дала, орман өрті кезінде жедел әрекет етуге бағытталған. Нысанның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов пен төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Шапағатов қатысты.

«Облыста 72 өрт сөндіру бекеті бар, соның тоғызы биыл ашылды. Бұл нысандар 94 мыңға жуық тұрғынды қамтитын 165 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Биыл Зенковка, Петропавловка, Михай­личенково ауылдарында да жаңа бекеттер іске қосылды», деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар Ақсуат ауданында да өрт қауіпсіздігі күшейтіліп, бөлімше заманауи техникамен толықты. Аудан аумағында Қы­зылкесік, Құмкөл, Ойшілік, Кіндікті, Көкжыра, Сәтбаев, Ырғызбай ауылдық округ­терінде орналасқан 7 өрт сөндіру бекеті тұрақты жұмыс істеп тұр.

«Онда 21 қызметкер тәулік бойы қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Биыл ауданда 30-дан астам өрт дер кезінде сөн­дірілді. Бүгінде «Ауыл құтқару­шы­лары» бағдарламасы аясында Қызыл­кесік, Кіндікті ауылдарында жаңа өрт бекет­терінің құрылысы жүріп жатыр», дейді М.Шапағатов.

Әкімдіктің дерегінше, Бородулиха ауданында орман алқабы шамамен 87 773 гектар. Бұған қоса «Семей орманы» табиғи резерватына қарайтын орманды алқаптар бар. Алайда орман өртінің түтіні сейіле қойған жоқ. Былтыр сәуір айында ғана Бородулиха ауданындағы «Семей орманы» табиғи резерватына қарасты аумақта орман өрті шығып, әлекке салғаны есімізде.

Осы ретте, жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылғанына қуанған тұрғындар бұл саланың әлі де жетіле түсуін тілейді. Олардың айтуынша, Бородулиха ауданында өрт қауіпсіздігін күшейту – өңірдің табиғи жағдайынан туындап отырған нақты қажеттілік. Мұнда орман алқаптары мен ауылдар бір-біріне таяу орналасқан, жаз айларында қураған шөп пен аңызақ жел өрттің лезде өршуіне әкеліп соғады. Осындай төтенше жағдайларда жаңа бекеттердің ашылуы, техниканың толығып, жедел топтардың дайын болуы – орманды да, елді мекендерді де қорғаудың басты кепілі. Өрт қауіпсіздігін күшейту қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, тұрғындардың да тыныштығын қамтамасыз етеді.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00