Тәуелсіздік • Бүгін, 08:55

Тәуелсіздік табалдырығы: «Егемен» не жазды?

20 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігін алар тұстағы кезеңге зер салсақ, 1991 жылғы желтоқсан айының 12-сі мен 16-сы күндері аралығын шын мәніндегі «өліара шақ» деп сипаттауға болатындай. Бұл – одақтың іргесі түбегейлі сөгіліп, бізден басқа республикалардың бәрі еншісін алып, бөлек кеткен шақ. Бір жағынан, іс жүзінде ешкімге тәуелді емес едік. Екінші жағынан, заң жүзінде әлі тәуелсіздігімізді де жарияламадық. Бұл кезеңді «Тәуелсіздік табалдырығы» деп те атауға болады.

Тәуелсіздік табалдырығы: «Егемен» не жазды?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Алайда бұдан ата-бабамыз армандаған азаттық бізге өзінен-өзі аспаннан түсе салды деген қорытынды жасау асығыстық болар еді. Өйткені саяси аренада ашық түрде де, жасырын түрде де қазақ жерінің бір бөлігін Ресей құрамына қосып алуға, елдегі тіл мәселесін қоздыруға, т.б. бағытталған арандатулар мен жымысқы әрекеттер жүріп жатты. Ондай келеңсіздіктерге қарсы іс жүзінде де, ақпараттық тұрғыда да батыл тойтарыс берілуі керек еді. Осы іске ұлт басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті аянбай үлес қосты.

Сол күндері ел президенті М.Горбачевтің украин телеарнасына берген сұхбатында сол­түстіктегі бес облысымыздың Қазақстанға заңсыз берілгені туралы мәлімдеме жасауы отқа май құя түскен еді. Елімізде жаппай наразылық орын алып, 12 желтоқсанда газетіміздің бірінші бетіне «Солженицындікі – сандырақ, Горбачевке не жоқ?» деген тақырыппен пікірлер топтамасы берілді. Байқасаңыз, бұл кезде КСРО әлі ресми түрде тарқаған жоқ, Горбачев президент ретінде тағында отыр. Солай бола тұра, ұлт басылымының мемлекет басшысын сынайтын мақала жариялауы шын мәніндегі батылдық пен жанкештілік еді.

«Бір елдің, елдің болғанда әлем­нің алтыдан бір бөлігін алып жатқан, бір заманда қырық жыл бойы дүние апатынан өз айбары, қуатымен қорғап келген, әлем халықтарының панасы болған ғаламат алып елдің әлі де болса сеніп, үміт күтіп отырған президенті М.С.Горбачевтің бұл сөзін не деп түсінуге болады? Бұл жай бір адамның немесе өз абыройын асырмақ бишікеш, әкімқұмар біреудің аузынан шықса: «Ой, оттай береді, соның сөзі не, өзі не?» деп қоя салуға болар еді. Ал өзі ылғи да жер мәселесі, территория, шекара дауы дегенді халықты бұзатын ең қауіпті қырсық деп қайта-қайта нұсқап, бекітіп берген басты кісіміздің енді қалайша «сайрап» кеткенін ұғудың өзі күш болайын деп тұр», деп жазады ақын Ғафу Қайырбеков сол мақалада.

Ол мұндай бассыздыққа ендігі жерде қазақтың егемен мемлекеті көне алмайтынын, бұл істің ақыры айқас, өмір үшін қырқысуға, үлкен апатқа апарары сөзсіз екенін айтып, қолынан билік сусып бара жатқан Горбачевтің жұрт назарын аудару үшін жасаған мәлімдемесін сын садағына алады.

Сол кездегі Орал облысынан хат жолдаған мектеп директоры Т.Жазықбаев болса, қазақтың жері кең екенін, бірақ бұл жердің бір сүйемін де өзге халықтан еншіге алмағанымызды айтады. «Одақтың іргесін шайқалтпаймыз, шекара өзгерту туралы сөз болуы мүмкін емес деп талай жерде, талай елде, талай тілде қайталап ай­тушы Михаил Сергеевичтің Украина журналистеріне берген интервьюінде сөзінен жаңылғаны несі? Қазақстанға кетіп қалған Ресейдің қай облыстары еді? Аңдаусыз айтса, пікірін қайтып алар, әдейі айтса, амал не...» деп жазады ол.

Газетіміздің сол күнгі санында «Славяндар одағына» кіреміз бе? Қазақстан қайда барады деген сұраққа жауап ізде­генде» деген тақырыппен тағы бір пікірлер топтамасы бері­ліпті. Бұл 8 желтоқсандағы Ресей, Украина, Беларусь пре­зи­денттерінің КСРО-ны тарату туралы Беловежье келісіміне ар­налған мақала еді. Кіріспесінде «Басында ақ патша қылыштың жүзімен, мылтықтың дүмімен басып алған, кейін оны большевиктер одақ деп бүркемелеп қойған алып империяның шаңырағы ортасына түспек. Тарыдай шашыла бастаған республикалардың басын қосып, оларға пәтуалы сөз айтатын Михаил Горбачев халықтардың ортасына от тастау­дан да тайынар емес. Осындай жағдайда егемендікке енді жетіп, Президентін халық болып сайлап алған Қазақстан қайда барады? Славяндар ынтымағына қосылып, тағы да олардың «кіші інісі», «айылтартпасы» боламыз ба? Әлде дербес мемлекет болып, енші алып бөлек кетеміз бе?», дей келе Ж.Ілиясов есімді қала тұрғының мына пікірін жариялапты:

«Тарихтан белгілі, ешбір империя (Ескендір, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, т.б.) мәңгі-бақи тұра бермеген. Бәрі күйреп, бірнеше мемлекетке бөлініп кеткен. Біздің империя да соның кебін құшып отыр. Ұлттық сана-сезім оянған жерде басқаға тәуелді болу мүмкін емес. «Қазақстан өз бетінше өмір сүре алмайды» деген бос сөз. Басқа болмаса да, астық пен азық-түлік жеткілікті. Халық аш болмаса, иіні бүтін болса, тәуелсіздікке де тезірек жетеді. Тек мәселені ушықтырып алмай, байыппен шешкен жөн», дейді ол.

Жалпы, жоғарыдағы үш республика басшыларының Беловежье тоғайында өз беттерінше бас қосып, КСРО-ны тарқатып, тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы келісімге келуінен бұрынғы одақта болған басқа елдерді көзге ілмеу, олардың да пікірі барын назарға алмау мен менсінбеушілік сыңай байқалатынын айта кету керек. Бұған жауап ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары 13 желтоқсанда Ашхабадқа жиналып, ортақ мәлімдеме жасап, онда Беловежье келісімінің басқалар үшін тосын жайт болғанын айтады. Бұл мәлімдеме газетіміздің 14 желтоқ­сандағы санында жария­ланған.

«Осы құжаттарда, шешімдерде және келісімдерде Орта Азия рес­публикалары мен Қазақстанның тарихи және әлеуметтік-эконо­микалық ақиқаттары ескерілуі қажет, олар, өкінішке қарай, дос­тық одақ туралы келісімді әзір­леу кезінде назарға алынбаған», делінген мәлімдемеде.

Газеттің осы күнгі санында «Егеменнің» арнаулы тілшісі Қайнар Олжай «Алаң көңілден ақылды шешімге дейін» атты мақаласында: «Минск қызбалық танытқанымен, Ашхабад ақылға шақырды. Экономикалық, сая­си, тарихи және экологиялық жіптермен шырмалған қазіргі егеменді мемлекеттер бір-бірімен есептеспей, бір-бірінің қабағына қарамай қадам жасай алмайды. Сол себепті де Ашхабадта бас қосқан бестік бұра тартқан жоқ. Үш славян мемлекетін қайтадан, заңды негіздегі қоғамдастық құруға шақырды. Ендігі сөз – соларда», деп сөзін түйіндейді.

Айта кетейік, Горбачевтің еліміздің бес облысы туралы арандатуына жауап ретінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің мәлімдемесі де 14 желтоқсандағы газет нөмірінде жарияланған. Еліміздің заң шығарушы орга­нының мұндай дүрдараздыққа тым кешігіп үн қатуы сол кездегі саяси жағдайларға байланысты болған шығар деп топшыладық.

Газеттің 15 желтоқсан күнгі санында сол кездегі Талдықорған облысы, Қапал аудандық кеңе­сінің төрағасы Тұрсынғазы Ме­детбековтің «Өз жерімізде өгей болып қалмайық десек, жан-жағымызға бағдарлай қарап, халық игілігі үшін еңбек етейік» деген тақырыппен мақаласы жарық көрген. Бұл жарияланымда сол уақыттағы маңызды да түйткілді мәселелер көтеріледі.

«Біздің Қапал ауданында тұратын 22 ұлт өкілінің 80 процентке жуығы – қазақтар. Демек, мұнда ана тілімізді, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, дамыта түсуге мүмкін­діктер мол. Осыны ескере келіп, 1992 жылдың қаңтар айынан бастап іс қағаздарын қазақша жүргізуге шешім де қабылданған еді. «Қазақ тілі» қоғамының аудандық бөлімшесі арнаулы шаралар белгілеп, соны жүзеге асыру жолында жұмыс жасап жатыр. Осы орайда аудан мектептерінің сегізі таза қазақ тіліне көшіріліп, ұлттық балабақшалар, ал аралас­тарында қосымша қазақ топтары жұмыс жасай бастады», дей келе әлі де бөрікті аспанға атуға ерте екенін, өйткені отарсыздану жолында қолға алынуға тиіс істер бас­тан асатынын айтады.

«Тіл жайында астанада отыр­ған ағайындарға айтар өкпеміз қара қазандай. Бір-екі айдан кейін іс қағаздарын қазақ тілінде жүргіземіз деп отырмыз. Ал қазақ тіліндегі жазу машинкасы аудандық газет пен кеңесте ғана бар. Жалынып сұрамаған жеріміз қалмады. Бәрінің айтатыны – жоқ. Шаруашылықтар, мекемелер құнына қарамастан мұндай машинкаларды сатып алуға дайы­н. Ендеше, оны неге көптеп шығармасқа?» деп налиды автор.

Газеттің 16 желтоқсан күнгі санының 1-бетінде «Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады» деген тақырыппен шағын ақпарат жарияланыпты. Онда Жоғарғы Кеңес Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін және дербес мемлекет – Қазақстан Республикасын құруды салтанатты түрде жариялайтынын мәлімдейді.

«Жоба халық депутаттарының талқысынан өтеді. Оған өзгерістер, түзетулер, қосымшалар болуы мүмкін. Бірақ ең басты нәрсе – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланатындығы ақиқат. Жоғары Кеңес қабыл­дайтын құжаттардың бәрі де маңызды, ал мына заңның мәні ерен, жөні ерекше болмақ. Ол қабылданатын күн бүкілхалықтық мейрам болуға тиіс. Ендігі жаңалықты Алматыдан, парламент жұмыс істеп жатқан үкімет үйінен және Президент заңға қол қоятын Ақ Ордадан күтейік. Ақсарыбас айтуға дайындалайық», делінген.

Ал Тәуелсіздік жарияланған күннің ертеңіне, яғни 17 желтоқ­санда «Тәуелсіз ел болдық» деген бас тақырыппен шыққан жария­ланымда, азаттықты аңсаған хал­қымыздың сан ғасырлық күресі парламенттік жолмен жеңіс­ке жеткенін және бұл күрес парла­менттің ішінде де жүргенін айтады.

Парламенттік тілші Рысбек Сәрсенбайұлы заңды талқылау кезінде тәуелсіздік алуды қала­майтындар да табылғанын жаза келе, депутат В.Чернышевтің баяндамашы Сұлтан Сартаевқа: «Кімнен және неден тәуелсіз болмақпыз? Жетпіс жыл бойы желкелеп сөгіп жүрген ресейлік империяның үлгісі бойынша қазақ империясын құруға әрекеттеніп жүрген жоқпыз ба?», деп сұрақ қойғанын, депутат А.Козловтың мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңның қа­был­дануын қолдағанымен, алдымен бүкілхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс тас­тағанын, сондай-ақ «Республика президенті қазақ болуы керек» деген талапты азаматтық теңдікке қол сұғуға балағанын, депутат Суховтың «Ертең 17 миллион адам, оның бақандай жартысы орыс тілді халық, басқа, жат мемлекетте қалып қоймай ма?», деп сұрақ қойғанын, т.б. керітартпа мәселелер ортаға тасталғанын, ал баяндамашы оның бәріне заңды, әділетті жауабын айтып, сабырлылықпен түсіндіргенін жазады.

Депутат Т.Жаворонкова тіпті Қазақстанда үш мемлекеттік тіл – қазақ, орыс және ағылшын тілдері болуы керек деп ұсыныс тастап, айды аспаннан бір-ақ шығарғаны да осы мақалада келтірілген. «Депутат Водолазов одан да асып түсті. «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, оның заңды түрде сайланған өкімет органдарына қарсы кез келген күштеу әрекеттері, республиканың территориялық тұтастығын бұзуға шақыратын, сондай-ақ саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер немесе жекелеген адамдар тарапынан ұлтаралық араздықты тұтандыратын жария-уағыздар заң бойынша жазаланады» деген сөздерді тұтастай қысқарт­қысы келді. Оралдағы оқиғаға тікелей түрткі болған, соның ұйымдастырушысының бірі Водолазов өзін де, сыбайластарын да жазадан құтқарып, оларын заңды әрекеттей қабылдатпақ па сонда?» деп жазады парламенттік тілші.

Дегенмен өзге этнос өкілдері арасынан тәуелсіздік туралы заңның қабылдануын қолдап, пікір білдіргендер де табылған. «Заңды қабылдау керек. Кез келген ұлтшылдықтың тамыры тәуелсіздік жолындағы, азаттық, өз ұлты үшін күресте жатыр. Бұл – қастерлі сезім. Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар, бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық», деп мәлім­дейді депутат А.Княгинин.

«Кешкі мәжілісте депутаттар жобаны қайта қарап, оның әр сөйлемін талқыға салды. Талас-тартыс күшейді. Ж.Әбділдин,  Ә.Ке­кіл­баев, Х.Дрейлер, Н.Қой­шыбеков сияқты депутаттар ұлттық мүддеге қатысты қағида­ларды өзгертуге қарсы дәлелді пікір айтты. Заңды 270 депутат қолдаса, 12-сі қарсы дауыс берді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабыл­данды. Республика Президенті құттықтап сөз сөйледі. Осы бір қуанышты, тарихи сәтте барша халқымызға, «Егеменді Қазақ­станның» оқырмандарына «тәуелсіздігіміз құтты болсын!» дегіміз келеді» деп сөзін тәмам­дайды Р.Сәрсенбайұлы.

Жүз жылдан аса уақыт бойы елдігіміздің жылнамасы болған «Egemen Qazaqstan» азаттықтың хабарын да алғашқылардың бірі болып осылайша көпке жеткізді. Бұл жолда жазылған әрбір ақпарат пен мақала Тәуелсіздіктің тасқа қашалған жазуындай тарихта сақталып қалды.

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00