Экономика • Бүгін, 09:55

Отандық өнім, озық технология

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағанды өңірінен кейінгі он айдағы көрсеткіш бойынша 4 трлн теңгенің өнімі шығарылыпты. Осыған орай облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы көшелі көрсеткішке үлес қосып отырған «Kaz-metiz» ЖШС мен «WEC Trade» кәсіпорнына баспасөз турын ұйымдастырды.

Отандық өнім, озық технология

Суретті түсірген – Александр МАРЧЕНКО

«Kaz-metiz» кәсіпорны – Орталық Азияда дайын арматуралық арқан мен мырышталған сымға дейін толық ай­на­лыммен жұмыс істейтін жалғыз кә­сіпорын. Зауыттың алғашқы қадамы мемлекеттік импортты алмастыру бағ­дарламасынан басталған. Он алты жыл ішінде өнім көлемі жылына 5 мыңнан 35 мың тоннаға дейін өскен. Ендігі межелері – 50 мың тоннаға жету.

Зауыт басшысы Дмитрий Малахов компания 1,8 млрд теңгеге жаңғыртудың алғашқы кезеңін аяқтады дейді.

– Біз кәсіпорын жұмысын 2008 жылдың соңында бастадық. Бірақ кә­сіп­орын туған күнін  2009 жыл деп санаймыз. Алғашқы өнім жол шпалдарына сарп етілді. Кейіннен – жабын плиталарын өндірдік. Сосын шахталарға арналған темір арқандар шығарылды. Міне, жаңа цех та даяр.  Бұл да соңғысы емес. Жыл сайын жаңғырып отырамыз, – дейді кәсіпорын директоры.

Мырышталған сым оралымдарын тиеген электрлі жүк көтергіш келесі тапсырыстың қамында. Мұны Ресей­дегі теміржол шпалдарын өндіретін зауыттарға жеткізеді. Бір бөлігі Өзбек­станға, бір бөлігі Беларуське жөнелтіледі. Компанияның ең басты бағыты – ішкі нарықты қамту. Орталық Азиядағы сұраныс 73 мың тоннадай.

«Оның басым бөлігін жаба аламыз. Ең бастысы, ұлттық компаниялар отандық өнімді алса, сонда экономика шынымен өседі», дейді компания өкілдері.

– Болат арқан өндірісі ісінде биыл 63 жаңа жұмыс орнын аштық. Бағдарлама аяқталғанша 345 адамға жетеді. Орташа жалақы қазірдің өзінде 400 мың теңгеден асты. Ал бюджетке жыл сайын шамамен 3,5 млрд теңге төлейміз. Бес жылдық инвестбағдарлама 2027 жылы аяқталады. Сұраныс арта түссе, әрі қарай дами бермекпіз, – дейді Дмитрий Малахов.

«WEC Trade» кәсіпорны бірден-бір толық айналымды экологиялық тұрмыстық химия өндіреді. Аумағы 1 500 шаршы метр болатын алапта заманауи желілер, зертхана, қоймалар мен әкімшілік ғимараттары бар. Қазір кәсіпорын 80 түрлі өнім шығарады. Экологиялық таза, тиімді, әрі «отандық өнім» болғаны үшін емес, шын мәнінде сапасымен өз тұтынушыларын қуантады.

– Кәсіпорын атауы ресми түрде 2019 жылы пайда болғанымен, 2016 жылы қарапайым ғана автожуу бекетінен өрістеген серіктестікпіз. Сол кездің өзінде құрылтайшылар ай сайын қанша автохимия жұмсалып жатқанын көріп, бір ойға келген-тін. «Мұны неге біз өзіміз шығармасқа?» деген. Сол сәттерден бас­тап  алғашқы өндіріс өнімі де жарыққа шықты. Кейін уақыт өте келе түсінік те тереңдеді. Іздендік те. Енді біз тек көлік иелеріне ғана емес, үйін таза ұстағысы келетін әрбір адамға пайда әкеле бастадық, – дейді кәсіпорын маркетологі Дина Беделбаева.

Кәсіпорын өнімдері Magnum, SMALL, Galmart сөрелерінде де, елдегі ірі желілерде де, Kaspi, Freedom, Halyk, Wildberries, Ozon сөрелерінде кезегін күтіп тұр. Ал ауыр канистр арқалағысы келмейтіндерге де шешім бар. Қоймадан тікелей жеткізіп беру қызметін ұсынып қойған. Қазір мұндай оңтайлы қоймалар Қарағанды, Астана, Алматы мен Жез­қаз­ғанда жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, маркетплейстер ар­қы­лы бүкіл ТМД аумағына өнім таратылады.

Ең көп сатылатын өнімдер қатарында кір жуу гельдері тұрса, одан кейінгі қа­тар­ды тұрмыстық тазалағыш заттары, күнделікті көмекші құралдардан бас­тап, кәсіби клинингке арналған құрам­ды сұйықтықтар алады. Мұның бәрі кәсіпорын зертханасында жаратылған дүниелер.

Химик-технолог мамандар формулаларды күнбе-күн жетілдіріп отырады. Иә, базалық технологиялар – шетелдік. Бірақ оны әлемдік брендтермен жұмыс істеген мамандар қайта өңдеп, отандық қалыпқа бейімдейді.

– Жаңа жыл қарсаңында Грузияға үлкен фура жөнелткелі жатырмыз. Ол жақтан жақсы серіктес таптық. Бұған дейін Өзбекстанға да тауар жолдап тұратынбыз. Бұл тек бастамасы ғана. Екінші бір мықты бағытымыз келісімшарттық өндіріс. Ассортиментін кеңейткісі келетін дайын брендтер бізге келеді. Біз болсақ, солардың атымен шығатын жаңа өнім жасап береміз. Бірақ сапа  өзгермейді. Сапа әр кезде жоға­ры деңгейде, – дейді маркетолог маман.

Бүгінде ұжымда 50 адам қызмет етеді. Ай сайын өсіп, жаңа желілер сатып алып, ірі желілерге шығуға тастүйін дайын. Өткен жұмада серіктестіктің бас директоры Вячеслав Цой ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның үздік тауары» атты марапатын алды. Келер жылға балаларға арналған экологиялық серия шығару және Қырғызстан мен Тәжікстан нарығына шығу жоспары тұр.

– Кәсіпорындарды модерниза­циялау шеңберінде прокат, болат, шо­йын өндірісінде ілгерілеу бар. Өсім – 5 па­йыз. Бұл – қуаттылығы артқан пеш­тердің, жаңартылған конвейерлердің, тозығы жеткен желілердің қайта тыныс алғанының белгісі. Әсіресе Saran өндірістік аймағы биыл өндірістің жаңа магистраліне айналды. Мұнда бүгінгі күннің өзінде 2000-ға тарта автобус құрастырылып, жарты миллионға жуық автокөлік шинасы шығарылған. 250 мыңға тарта тұрмыстық техника таспа бойымен үздіксіз жол тартып жатыр, – дейді облыстық кәсіп­керлік және өнеркәсіп басқарма­сы бас­шысының орынбасары Әлібек Рысбайұлы.

«Kaz-metiz» зауыты импортты алмас­тыру бағытында өндіріс ауқымын жыл сайын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, ішкі және сыртқы нарыққа сапалы өнім жеткізіп отыр. Ал «WEC Trade» экологиялық тұрмыстық химия өндірісін жолға қойып, отандық брендтердің бәсекеге қабілетті болатынын дәлелдеп отыр.

Жалпы, Қарағанды өңірінің өнер­кәсіптік дамуы – нақты нәтижелерге сүйенген жүйелі жұмыстың жемісі. Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасып, жаңа жобалар мен өндіріс орындары арқылы өңір экономикасын одан әрі ілгерілетуге негіз болмақ.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар