Сурет: gov.kz
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдан бері порталдарға 1 миллионнан астам пайдаланушы кіріп, 71 мыңнан астам адам оқыту курстарын толық аяқтаған.
Сонымен қатар CitizenSec.kz платформасында мемлекеттік қызметшілерге арналған оқыту жүргізіледі. Бүгінгі күні курстарды 5 мың тыңдаушы сәтті тәмамдады.
Nomadguard.kz порталы азаматтарға жеке деректердің таралуын анықтауға, сондай-ақ күмәнді сілтемелер мен сайттарды фишинг және басқа да киберқауіптерге тексеруге мүмкіндік береді. Портал арқылы пайдаланушылар өз жеке мәліметтерінің таралуы болған-болмағанын, қандай ресурстардан тарағанын және қандай көлемде деректердің бұзылғанын біле алады. Портал іске қосылған сәттен бастап Nomadguard.kz платформасында 608 мың азамат тіркеліп, 6 мыңнан астам сілтеме қауіпсіздік мақсатында тексерілді.
Citizensec.kz және nomadguard.kz порталдары азаматтарға интернеттегі қауіптерді жақсы түсінуге, өз деректерін қорғауды үйренуге және алаяқтардың құрбаны болмауға көмектеседі. Бұл – әрбір пайдаланушының және елдің қауіпсіздігіне қосылған маңызды үлес.
Халықтың цифрлық сауатын арттыру және кибергигиена мәдениетін қалыптастыру мақсатында қазіргі уақытта киберқауіпсіздік ережелерін сақтауға үндейтін ақпараттық материалдар мен визуалды баннерлерді сыртқы цифрлық экрандар мен билбордтарда орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Көпшілік жиналатын орындарда кибергигиенаға арналған әлеуметтік жарнаманы орналастыру азаматтарды кеңінен ақпараттандыруға және жеке деректерді қорғау бойынша алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жақында eGov mobile мобильді қосымшасында Citizensec.kz порталының кибергигиена бойынша курстары, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздікке арналған негізгі материалдар мен практикалық ұсынымдар жинақталған тақырыптық журнал қолжетімді болды.
Осы ретте еліміз әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып келесі жылдың ақпан айынан бастап «SpaceX» компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс технологиясын кезең-кезеңімен енгізуді бастайтынын айта кеткеніміз жөн.
Осы күзде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына барған ресми сапары барысында маңызды келіссөздер өтіп, елімізге әлемдік озық технологияларға жол ашатын бірқатар құжаттарға қол қойылған-ды. Солардың бірі «Starlink» компаниясының Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясын енгізу туралы келісім еді.
Жуырда Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, «Beeline Қазақстан» компаниясының президенті Евгений Настрадин және «SpaceX (Starlink)» компаниясының өкілдері Орталық Азияда алғаш рет Direct-to-Cell технологиясын сынақтан сәтті өткізді.
Сынақ кезінде Starlink спутниктік желісі мен Beeline Қазақстанның жерүсті мобильді желісі біріктіріліп, қарапайым ұялы телефон арқылы SMS-хабарламалар мен мессенджер арқылы қоңыраулар сәтті жіберілді.
Спутниктік байланыс төңірегіндегі бұл жағымды жаңалық осы саладағы ақпараттық технологиялардың алға басуына мүмкіндік ашып, халықтың цифрлық сауатын арттыра түсуіне және цифрлық платформалардың тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізбек.