«ALTAI MAI» өсімдік майын өндіруге арналған соңғы үлгідегі заманауи кешен. Мұнда шикізатты өңдеудің барлық циклі қамтылған. Мәселен өнімді қабылдау, оны кептіру, экстракциялау, тазарту және қаптау толық автоматтандырылған жүйеде жүргізіледі. Кәсіпорын жергілікті жерде өсірілетін күнбағыс пен рапс сияқты майлы дақылдарды өңдеп, бірнеше түрлі өнім шығарады. Атап айтқанда, тазартылған және тазартылмаған өсімдік майы, күнжара (шрот), пеллет және басқа да өнімдер. Зауыттың цехтары жоғары технологиялық жабдықтармен жарақталған.
«Бүгін біз көптен күткен іргелі зауыттың ашылуына жиналдық. Инвесторлар бұл жобаны іске асыру үшін 23,5 млрд теңге қаржы құйды. Жаңа зауыттың ерекшелігі майлы дақылдарды толық циклді өңдеуден өткізеді. Қазір мұнда 280 адам еңбек етеді, алдағы уақытта 350 адам жұмыс істейтін болады. Ең бастысы бұл кәсіпорын экология талаптарына сай әрі қалдықсыз жұмыс істейді», деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Мамандардың айтуынша, өнімнің әр партиясы көп сатылы сапа бақылауынан өтеді. Бұл оның табиғи құндылығын сақтауға, халықаралық стандарттарға сай болуына мүмкіндік береді. Оған қоса кәсіпорында экологияға жүктемені азайтатын заманауи жүйелер енгізілген, айталық тиімді тазарту құрылғылары, қауіпсіз қайта өңдеу технологиялары және қалдықсыз өндіріс шешімдері қолданылады.
Жаңа зауыттың іске қосылуы өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, бүкіл агроөнеркәсіп секторын дамытуға тың серпін береді дейді мамандар.
«Тәулігіне 500 тонна күнбағыс майын, 120 тонна тазартылған май, 178 тонна сығымдалған май, 50 тонна экстракциялы май, 200 тонна түйіршікті күнжара өңдеп шығарамыз. Сағатына 2 мың бөтелке май құйылады. Дайын өнімдер ТМД елдерінен басқа көрші Қытайға, Азия мемлекеттеріне экспортталады. Болашақта Еуропаға, Араб елдеріне шығарсақ деген жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде Қытайдан сұраныс көп түсіп жатыр. Біздің кәсіпорын олардың бәрін қамтамасыз етуге дайын» деді, «ALTAI MAI» зауытының бас технологы Дәулен Бейсенбаев.
Зауыттың жұмысы қалдықсыз өндіріске бағытталғандықтан бұл жерде майлы дақылдардың қабығына дейін кәдеге жаратылады. Мәселен, күнбағысты сығып, майын алған соң қабығынан отын дайындалады. Оны кәсіпорынның бу қазандығына жағып, энергиясын өндіріске пайдаланады.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, бұл кәсіпорынның ашылуы жаңа өндірісті іске қосу ғана емес, бірінші кезекте импортты алмастыруға, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысы