Жастар • Бүгін, 08:33

Жастардың жаңа белесі

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғаннан бергі 34 жыл – еңсесін енді тіктеген мемлекеттің тарихи белесі ғана емес, ұлттың жаңа болмысы қалыптасқан кезең. Осы уақыт ширегінде есейген буын – кеңестік жүйенің салмағын сезінбеген, жаһандық трендпен біте қайнасқан, цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін еркін қабылдаған жастар. Бүгінде олар түрлі салада еңбек етіп, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени тынысына жаңаша серпін беріп жүр.

Жастардың жаңа белесі

Егемен елдің топырағында дүниеге келген ұрпақтың бел­сен­ділігі әсіресе білім, технология, кәсіпкерлік және шығармашылық бағыт­тарда айқын көрі­неді. Ғылым мен инновация саласында да тың идея­лар ұсы­нып, ұлттық мәдениет­ті заманауи маз­мұн­мен толық­ты­рып, мемлекеттік қыз­метте жаңа басқару моделін қалыптастырып келеді. Бұл қазіргі қазақ жастарының тек дайын жү­йеге бейімделуші емес, оны өзгер­туші, жаңартушы күшке айналғанын байқатады.

Әлдеқашан «менің еліме тиер пайдам қандай» деген сауалдың сан жауабын тауып қойған жастың бірі, тәуелсіздікпен түйдей құрдас – Нұрхан Тілеумұратов. Ол – егемендіктің елең-алаңын­да ашылған «Болашақ» бағдар­ла­ма­сын қалт жібермей, шекара асып, білімін жетілдірген стипендиант. Тұманды Альбиондағы Warwick University-де «инновациялар және кәсіпкерлік» мамандығын меңгерген жас үздік дипломын құшақтай елге оралып, қазір орда бұзар жаста Ақтөбе облысы Хромтау ауданы әкімі ретінде қызмет етіп жатыр.

«Жастайымнан ата-анам мені қолдап, бойыма өмірлік құнды­лық­тарды сіңірді. Осылай қатарға қосылғаныммен, азамат ретінде қалыптасуыма ортам ықпал етті. Мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Алматыдағы Халықаралық бизнес университетінің студенті атандым. Онда «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, кейін осы бағытта магистрлік оқуды аяқтадым. Еңбек жолым студент кезде-ақ түзілді. Демалыс кезінде Ақтөбе облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­ма­сын­да тәжірибеден өтіп, диплом алған соң, сол жерге оралып, үш жыл ішінде іс жүргізу инспекторынан бөлім басшысына дейін көтеріліппін. Мемлекеттік қызметте бірнеше жыл жұмыс істеп, әрі қарай оқуға бел будым. Сөйтіп, Warwick University-ге түстім. Бұл жақта менің тұлғалық болмысым қалыптасты десе болады. Көзқарас, түсінік, пайымым да өзгерді. Елге оралған соң, екі жылға жуық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істедім. Өзімді бірнеше бағытта сынап, байқадым. Президенттік Жастар кадрлық резервінде де болдым. Мендегі түпкі мақсат – туған жердің игілігі үшін аянбай еңбек ету, адамдық қалыпты сақтап, ар-ұжданмен әрекет қылу», дейді Н.Тілеумұратов.

 

ь

Жас мемлекетпен жарыса шауып, таным-көкжиегімді же­­тілдіремі­н деп Нұрсұлтан Мұсаханұлы да өз дарыны мен білі­мін әлемдік аренада шыңдап жүр. Британияның «Ғаламдық талант» визасының иегері, жас ғалым бүгінде белді университет Оксфордта қызмет етіп жатыр. Баянды Баянауыл топырағында қарапайым отбасында дүниеге келген ол жиған-терген қазынасын, қарым-қабілетін туған жерге сіңіруге ниетті.

«Бакалавр дә­ре­­жесін «жылу­­энергети­ка» ма­ман­ды­ғы бо­йын­­ша Еу­разия ұлт­тық универ­си­тетінде тәмам­­дадым. Кейін «Бола­шақ» бағдарламасымен Ұлы­бри­танияның Манчестер уни­вер­ситетінде «баламалы энергетика және таза технологиялар» саласында магистрлік оқыдым. Білімімді одан әрі тереңдету мақсатында PhD дәрежесін Аустралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінде «фотоэлектрика және баламалы энергетика инжиниринг» бағытында қорғадым. Қазір әлемдегі белді оқу орны Оксфорд университетінің физика департаменті, наноғылым, фотоэлектрлік (PV) пленкалар саласында постдокторлық қыз­мет­темін. Фотоэлектрлі пленкалар, «перовскит» поликристалды күн ұяшықтар саласына зерттеу жүргізудемін. Яғни бағытым – перовскит күн торлары тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру жолдарын табу. Постдокторантура – тек ғылыми ізденіс алаңы емес, сонымен қатар өзін-өзі дамыту кезеңі. Бұл тәуелді зерттеушіден тәуелсіз ғалымға өтуге мүмкіндік беретін аралық саты. Осы тұста зерттеу жүргізумен қатар, жобаларды басқаруды, халықаралық әріптестік орнатуды, жас ғалым­дарға жетекшілік етуді үйрене­міз. Оның үстіне еліміздегі баламалы энергетикаға тиесілі электр энергиясының үлесі – шамамен 6%. 2030 жылға қарай осы көрсеткішті 15%-ға жеткізу көзделген. Бәлкім, осы мақсатты ғылыммен ұштастыру тиімді шешімдердің қабылдануына септігін тигізер. Сондықтан шетелде жинаған білімім мен тәжірибемді елге қайырып, ең алдымен жаңартылатын энергия мен перовскит күн батареялары саласын дамытуға үлес қосуды мақсат етемін», дей келе Нұрсұлтан Мұсаханұлы өзінен кейінгі жас ғалымдарға заманауи зерттеу әдістерін үйретіп, сыни ойлау мен креативтілікті қалыптастыруға атсалысқысы келетінін айтты.

Расымен, қазір біраз мәселенің түйінін тарқату үшін ғылыми зерттеулер қажет. Оның айтуынша, мұндай тәсіл тек проблемаларды шешіп қоймай, олардың болашақта қайталануына жол бермейді. Демек тәуелсіздік дәуірінде қалыптасқан жастар – білім алушы ғана емес, қоғамға нақты үлес қосатын стратегиялық ресурс.

Мұны ел дамуының негізгі тетігі ретінде көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жастар қатарын то­лық­тыру үшін жас буынға мейлінше қол­дау жасап ке­­леді.

«Қай салада болмасын, жас­­тарға жол аша­тын мүм­­­кін­дік көп. Прези­дент­­тің жас­тар кадрлық резервін құруы, осылайша билік тармақтарына жас буынды тартуы, түрлі гранттар мен әлеуметтік қолдауларды тағайындауы, кәсіпкерлік не шығармашылық бағытта жол бастауына жағдай жасауы елдің адам капиталына салып отырған инвестициясы. Өзім Аустрия, Германия, Швейцария секілді елдерде қызмет істеп жүріп, сол аймақтарда білім алып жатқан қазақ жастарымен жиі кездестім. Олар шетелде қара жұмысқа ғана телміріп жүрген жоқ, жақсы лауазымдарда, беделді салаларда өз орнын тапқан. Сондықтан қазақ жастары өзіне сенеді, дамуға ұмтылады, тіл меңгереді, бәсекеге қабілетті дер едім», дейді сыртқы істер саласында 20 жылдан аса еңбек еткен, бірінші дәрежелі кеңесші, дипломат Гаухар Бейсеева.

Тәуелсіздік жылнамасы – тек тарихи деректер тізбегі емес, еліміздің жаңа даму бағытын айқындайтын тұтас дәуір. Бұл кезеңнің басында білімді, батыл, ашық ойлы, жаңашыл жастар тұр. Олар әлемдік үрдістерді меңгеріп, ел дамуына нақты үлес қосып қана қоймай, Қазақстанның болашақ келбетін айқындап отыр. Тек талабы таудай 6 млн-ға жуық жастың міндеті – осы даму динамикасын сақтап, әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстан құру. 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00