Фото: Астана әкімдігі
Сол күні сағат 17:30-дан бастап барлық негізгі локацияларда концерттік бағдарламалар басталады. Қала тұрғындары мен қонақтарын мұз айдындары, сырғанақтар, шағын сәулеттік формалар, фотозоналар және түрлі мерекелік ойын-сауық күтеді. Сонымен қатар: «Астана Арена» стадионында – дрон-шоу, Ақбұлақ өзенінің жағалауында – мерекелік отшашу өтеді.
Нұра ауданы
Ауданда шыршалар 11 локацияда жағылады. 25 метрлік аудандық шырша «Астана Арена» стадионының автотұрағында орнатылады. Мұнда мұз айдыны, сырғанақтар, фотозоналар мен балаларға арналған интерактивтер ұйымдастырылады. Шырша шамы жағылар алдында дрон-шоу көрсетіледі.
Орталық саябақта ұзындығы 213 метрлік шеңберлі мұз айдыны, сырғанақтар, фотозоналар және «Аюлар отбасы» жарық инсталляциясы орнатылды. Саябақтың орталық кіреберісінде 24 метрлік шырша қойылған.
Ғашықтар паркінде сауда павильондары, мұз айдыны, жарық аркалар, «Бақыттымын» мүсіндік композициясының мерекелік безендірілуі және бұғы, қоян, аю бейнелеріндегі шағын сәулеттік формалар бар.
Әйтеке би көшесіндегі аллеяда және «Бухарест» паркінде жарық инсталляциялар мен фотозоналар орнатылған.
«Үркер» тұрғын алабында мұз айдыны мен қар сырғанақтары ашылады.
Алматы ауданы
Ауданда шыршалар 4 негізгі локацияда жағылады.
Ақбұлақ жағалауында 25 метрлік шырша орнатылып, гномдар, қояндар, жарық ағаштар мен фотозоналар қойылады. Бұл жерде мерекелік салют болады.
«Жерұйық» паркінде диаметрі 80 метрлік мұз айдыны, сырғанақ және 2 тірі шырша безендірілген.
Сондай-ақ Қажымұқан Мұңайтпасов көшесіндегі «Колизей» алаңында және Қошқарбаев даңғылы бойында мерекелік инсталляциялар мен сырғанақтар жұмыс істейді.
Есіл ауданы
Негізгі мерекелік алаң – EXPO аумағы. Мұнда 22 метрлік шырша, мұз айдыны мен сырғанақ орнатылады. Шыршалар сондай-ақ Ботаникалық бақта, «Жетісу» паркінде, «Бағыстан» тұрғын кешенінде және басқа қоғамдық кеңістіктерде жағылады.
Сарайшық ауданы
«Қазақ елі» монументі алаңында биіктігі 25 метрлік шырша орнатылады. Алаң ертегі әлемі стилінде безендіріліп, фотозоналар жасалады.
Сарыарқа ауданы
Ауданда 6 жаңажылдық шырша қойылған. Қалалық алаңда 13 метрлік тірі шырша, 600 шаршы метрлік мұз айдыны, сырғанақтар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Балаларды Аяз ата мен Ақшақар қарсы алады.
Байқоңыр ауданы
К.Ататүрік атындағы саябақта 20 метрлік шырша, мұз айдыны мен сырғанақтар орнатылады. «Жастар» сарайы маңында 18 метрлік шырша жанып, концерттер мен балаларға арналған ойындар өтеді.
Биылғы концепция
Биыл елордадағы жаңажылдық іс-шаралар «Ертегі Fest» бірыңғай ертегілік стилінде өтеді. Қала жарық, инсталляциялар мен қысқы ойын-сауықтарға толы нағыз ертегі әлеміне айналады.
Әкімдік мәліметінше, мұз айдындары, сырғанақтар, фотозоналар мен безендіру жұмыстары желтоқсан айының басында басталған, жұмыстар кезең-кезеңімен аяқталады.