Экономика • Бүгін, 08:52

Әлеуеті жоғары мегаполис

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен көшпелі брифингте Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 2025 жылы қаңтар-қараша айларындағы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндап, журналистер сауалына жауап берді.

Әлеуеті жоғары мегаполис

Әкімнің айтуынша, қаланың басты басымдығы — ұзақмер­зімді дамудың негізі саналатын экономиканың тұрақты өсі­мін қамтамасыз ету. Биыл Алма­тыда іскерлік белсенділік жоға­ры деңгейде сақталып, инвести­циялық серпін оң бағытта дамы­ған. 11 айдың қорытындысы бойын­ша қысқамерзімді эконо­ми­калық индикатор 11,4%-ды құраған. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері — құрылыс (38,3%), көлік саласы (21,5%) және өңдеу өнеркәсібіне (16,8%) тиесілі.

2025 жылдың қаңтар-қараша айларында қаланың негізгі капиталына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға көп. Жыл ішінде жалпы құны шамамен 500 млрд теңге болатын 12 ірі инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында Haval, Chery және Changan маркалы жеңіл автокөліктер шыға­ратын мультибрендті зауыт, автокөлік шиналарын резеңке үгіндісіне қайта өңдеу зауыты, шыны ыдыс өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ күн модульдерін шығару жобалары бар.

«Жыл қорытындысы бойын­ша Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімінің өсімі 6,4% дең­гейінде болмақ. Экономиканың дамуы салық түсімдерінің тұрақ­ты артуымен қатар жүруде. 2025 жылы 11 айда жергілікті бюджетке 1 трлн 970 млрд теңге түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,4%-ға жоғары. Қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы Алматыда 92 мың жұ­мыс орны құрылды, оның 87%-ы – тұрақты. Тоғыз айдың қо­­­­ры­­­тындысы бойынша қаладағы ор­таша айлық жалақы 539 мың теңге болып, номиналды мәнде 14,5%-ға өсті және республикалық орташа деңгейден 29%-ға жоғары болды», деді Алматы қаласының әкімі.

Брифингте әкім шағын және орта бизнестің мегаполис эко­номикасындағы үлесі артқанын, сондай-ақ қалада туризм тынысы кеңейгенін атап өтті.

«Шағын және орта бизнес Алматы экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. Бұл сектор жалпы өңірлік өнімнің шамамен 60%-ын және жергілікті бюджетке түсетін кірістердің басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Қаладағы еңбекке қабілетті халықтың шамамен 90%-ы, яғни 1 миллионнан астам адам шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,4%-ға өсіп, 387 мыңға жетті. Ал өндірілген өнім көлемі 21%-ға артып, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қоры­тын­дысы бойынша 13,2 трлн теңге­ге жетті. Биылғы 9 айда қала­мызға 1,9 млн турист келді, оның ішінде 563 мың адам – шетелдік қонақтар. Көрсетілген туристік қызмет көлемі 17,4%-ға артып, 82,4 млрд теңгені құрады. Бұл көр­сеткіштер қаланың тар­тым­­­дылығы артып, турис­тік инфра­құрылымның жүйелі түр­де дамып келе жатқанының дәлелі», деді әкім.

Шаһар басшысы өз баяндамасында миллиондар тоғысқан мегаполистің тыныс-тіршілігі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін айтып, негізгі атқарылған жұмыстарды шолып өтті. Бұл ретте мегапо­листе жайлы қалалық орта қа­лып­тастыру және инженерлік инфра­құрылымды жаңарту бағы­тындағы жұмыстардың маңызы зор.

Әкімнің айтуынша, 2025 жылы Алматыда жалпы ұзындығы 49 шақырым болатын 11 көшеде кешенді көріктендіру жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта Дос­тық даңғылының Әл-Фараби даңғы­лынан Абай даңғылына дейін­гі бөлігі, сондай-ақ Пушкин көше­сінің Гоголь көшесінен Райым­бек батыр даңғылына дейінгі аралығында көріктендіру жұмыс­тары жалғасып жатыр. Алда­ғы уақытта Алматы облысы аума­ғындағы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосылатын жолдарды ұзарту Алматы қала­сының бюджеті есебінен жүзеге аспақ.

Мемлекет басшысы айқын­даған стратегиялық міндет­терді орындау мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған қаланы дамыту жоспары қабылданған. Жоспардағы негізгі басымдықтар қатарында көлік жүйесін жан-жақ­ты дамыту, қолайлы қала­лық орта қалыптастыру, әлеу­мет­тік тұрақтылықты нығайту, экологиялық бастамаларды қол­дау, цифрлық трансформацияны жеделдету және қауіпсіздік дең­гейін арттыру көзделген. Осылай­ша, алдағы бес жыл ішінде Ал­ма­тының жалпы өңірлік өнім көлемін 70 трлн теңгеге дейін жеткізіп, шамамен екі есеге ұлғайту жоспарланып отыр.

Алматы үшін экологиялық күн тәртібі басым бағыт саналады және ол тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мен орнықты мегаполис қалыптастырудың негізгі шарты ретінде қарастырылады. 2026 жылдың соңына дейін 2-ЖЭО-ні көгілдір отынға көшіру жұмыстары аяқталады. Келесі кезеңде бу-газ технологиясын енгізе отырып, 3-ЖЭО-ні қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жылу көздерінен шығатын зиянды заттар көлемін 92%-ға дейін азайтуға мүмкіндік бермек.

Алматы жасыл желекке оранған бақ-қала ретінде танымал. Бұған дейін Мемлекет басшысы қала билігіне шаһар аумағында 2,5 млн түп ағаш егуді тапсырған еді. Брифинг барысында әкімнен бұл тапсырманың орындалу барысы туралы сұ­рап білдік. Ол өз кезегінде атал­ған ауқымды жұмыс жүйелі жалғасып жатқанын жеткізді.

Әкімнің айтуынша, көгалдан­дыру бағдарламасы 2030 жылға дейін есептелген және бүгінгі таңда жоспарланған көлемнің жартысы орындалған. Келесі кезең аясында қалада қосымша шамамен 1,3 млн ағаш пен бұта егу көзделіп отыр. Дар­хан Сатыбалды қалада көгалдан­дыру­ға қатысты тәсілдер қайта қара­лып жатқанын, бұл ретте цифрлық көрсеткіштерге ғана емес, егілетін материалдың сапасына да басымдық беріліп отырғанын мәлімдеді.

«Біз егу технологиясын өзгер­теміз және ірі көлемді ағаш­тарды қолдануға көшеміз. Сарап­шылармен бірлесіп, қалалық экология мен жоғары көлік жүк­темесі жағдайында жақсы бейім­делетін ағаш түрлері ірікте­ліп жатыр. Алдағы уақытта санға емес, жасыл желектің сапасы мен төзімділігіне басымдық беріледі», деді қала басшысы.

Брифингте көптен күрмеуі шешіл­мей келе жатқан көлік кепте­ліс мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Әкімнің айтуынша, көлік қозғалысының шамадан тыс жүктемесі қаланың экологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан жеке автокөліктерге балама ретінде қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріліп отыр.

«Бұл – күрделі мәселе. Кепте­ліс экологияға тікелей әсер етеді, себебі көліктер ауаға тарайтын зиянды заттардың 60%-ын шыға­рады. Біз Шанхай, Лондон және Мәскеу секілді қалалардың тәжірибесін зерделедік. Мәскеуде 2016 жылы жеке автокөлікті пайдаланушылардың үлесі 60% болса, бүгінде бұл көрсеткіш 30%-ға дейін төмендеді, ал қалған 70% тұрғын қоғамдық көлікті пайдаланады. Мәселені шешудің тиімді жолының бірі – жылдам жүретін қоғамдық көлік бағыттарын дамыту. Біріншіден, BRT желілерін тез әрі салыстырмалы түрде оңай іске қосуға болады. Сонымен қатар LRT жобасы да дайындалып жатыр, бұл бағыттар қатар жүзеге асырылады», деді Дархан Сатыбалды.

Қала басшысы метроның да­муына да жеке тоқталды. Оның ай­туынша, қазіргі уақытта бірқа­тар нысанды аяқтау мерзім­дері қайта қаралып жатыр.

«Маусым айында метроға бар­ға­нымда маған «Қалқаман» беке­тін аяқтауға 24 ай қажет делін­ген. Қазір бұл жұмыстарды 8-9 айда бітіру жоспарланып отыр. Мұндай жобаларды жедел жүзеге асыру керек. Келесі жылы «Қалқаман» бекеті мен «Барлық» базары арасындағы 5,3 шақырымдық метро желісінің құрылысы басталады. Сондай-ақ «Жібек жолы» бекетінен әуежайға дейінгі 14 шақырымды қамтитын екінші желі жобасы әзірленіп жатыр. Метро мен қоғамдық көлік дамымай, қаладағы көлік кептелісі мәселесін шешу мүмкін емес», деді Дархан Сатыбалды.

Брифинг барысында Дархан Сатыбалды білім беру, денсаулық сақтау, инвестиция, шағын және орта бизнесті қолдау, эколо­гия, туризм, жұмыспен қамту, мә­дениет секілді негізгі бағыттардың бәрінде ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын, алдағы уақытта бұл бастамалар жүйелі жалғасын табатынын жеткізді.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00