Айбын • Бүгін, 08:15

«Sarbaz+» – жауынгерді шыңдайтын жоба

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі цифрлық дәуірдің адамзат өміріне дендеп ене бастауы әскердегі құндылықтарды да өткен шаққа қалдыра бастады. Әрине, жауынгерлік дайындық, ептілік пен күштілік, білекті де білікті болуды әлі ешкім тізімнен сыза қойған жоқ. Десе де Қарулы күштерге цифрлық технологияларды дер кезінде енгізіп отырмасақ, көштің соңында қалып кететініміз белгілі.

«Sarbaz+» – жауынгерді шыңдайтын жоба

Бұл ретте әскердің ма­те­риал­­дық-техникалық ба­засын күшей­тіп, со­ғыс техникаларын цифрлық мүм­кіндіктермен жетілдіре түсу ісі – бөлек мәселе. Айтпағымыз – әскердегі адам капиталын дамытып, сарбаз қауіпсіздігін қам­тамасыз ету. Ал осы мәселенің қалай қолға алынып жатқа­нын жуырда Қорғаныс министр­лігі­нің Алматы қаласына арнайы ұйымдастырған баспасөз туры барысында көзімізбен көрдік.

Алматы сапарынан ұққаны­мыз, еліміздің Қарулы Күште­рін­де мерзімді әскери қызмет­тің жаңа форматы – «Sarbaz+» жобасы енгізіліп жатыр. Жоба цифр­лық құзыреттерді дамытуға, адам капиталын нығайтуға әрі жеке құрамның қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл туралы сәл кейінірек, алды­мен әскерге маман даярлайтын оқу орындарына барған сапарымыз­ды баяндасақ.

Алдымен Қорғаныс министр­лігіне қарасты екі оқу орнына ат ізін салдық. Бізді Астанадан оң­түстікке алып шыққан арнайы әскери борт Алматыға қонған бойда бірден Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік ­инс­­титутына бет алдық. Онда біз­ді институт бастығы генерал-ма­йор Нұртас Қабақов қарсы алып, оқу орнының маман даярлау­дағы соңғы соны жетістіктерін таныстырып шықты. Институт арнайы мемлекеттік тапсырыс аясында дәл қазір «Дегелек» атты отандық әскери ұшқыш­сыз ұшу аппаратын құрастырып, сынақтан өткізіп жатыр екен. «Дегелектің» мүмкіндіктерін есті­генде әлем жап­пай қолдана бастаған осын­дай заманауи техникаларға көбі­рек арқа сүйеу керектігі туралы ойымызды тіпті қамшылай түстік.

д

Институттың бірнеше бөлім­нен тұратын шеберханасы кіші­гірім фабрика ма дерсің. Мұнда радиотехникалық бұйым­дарды құрастыру, лазерлік кесу және 3D басып шығару, модельдеу және жобалау зертханалары мен оқу-өндірістік-цехында тіршілік қайнап жатыр.

Институттағы озық тәсілдердің қатарына жатқызатын тағы бір жетістік – электронды ату тренажерлары. Мұның бірі тир бол­са, екіншісінде сарбаздар коман­далық ұрыс тапсырмасын орын­дайды. Яғни үлкен монитор арқылы әуе күштеріне қарсы қор­ғаныс жүйесімен жұмыс істеп, ма­шықтанады. Генерал-майор Н.Қабақовтың айтуынша, бұл тәсіл қаншама уақыт пен қар­жыны шығындайтын дәстүрлі полигонға барып жаттыққаннан еш айырмашылығы жоқ.

Қорғаныс министрлігінің Б.Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде де айтуға тұ­рарлық жаңалық баршылық. Былтыр бұрынғы республикалық «Жас ұлан» мектебі базасында әскери-спорттық колледж болып қайта құрылуының арқасында оқу орнының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген. Оған қоса мүмкіндіктері де көбейген. Оқу корпусы, казармасы, спорттық базасы жаңа жиһаздармен, инвентарлармен жабдықталыпты. Ал колледждің ішкі әрлеуі соңғы интерьер үлгілерімен қайта жөн­деліп, адам танымастай өзгер­ген. Спорт залы мен стадионы да бүгінгі сұранысқа сай қайта жөнделіп, жабдықтары да арта түскен.

Қорғаныс министрлігінің бұл әскери-спорт колледжі осы оқу жылында өзінің алғашқы курсанттарын қабылдапты. Баспасөз туры барысында журналистерге колледждің спорттық және оқу инфрақұрылымы, сондай-ақ жас әскери-патриоттық кадрларды даярлаудың жаңар­тылған моделі де таныстырылды.

Ал «Sarbaz+»-ке қайта орал­сақ, жобаның қанатқақты алаңы ретінде Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімі таңдал­ған. «Sarbaz+» мерзімді әскери қыз­метке деген көзқарасты трансформациялау аясында жү­зеге асырылып, сарбаздарды даярлаудың неғұрлым саналы әрі дамуға бағытталған жүйесін көздейді.

Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиевтің айтуынша, мұндағы негізгі мақсат – сарбаздардың бір жылдық әске­ри қызметін барынша тиімді, мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасау.

д

– Жоба аясында әскери бөлім­де заманауи инфрақұрылым қа­лыптастырылған. Атап айтқан­да, дрондар аренасы, байланыс кабинеті жұмыс істейді. Соны­мен қатар сарбаздарға жаттығу кезінде фитнес-браслеттер бері­ліп, олардың денсаулығы мен физикалық белсенділігі тұрақты бақылауда болады. Сарбаздар спортпен жүйелі түрде айналысады: аптасына үш рет джиу-джитсумен жаттығады. Бұған қоса электронды тир, футбол алаңы, стритбол және воркаут алаңдары бар. Бір жылдық қызмет барысында сарбаздар ағылшын тілін меңгеріп шығады, шахматтан разряд алу мүмкіндігіне ие болады, спортпен күнделікті шұғылда­нып, джиу-джитсудан спорттық дәрежеге қол жеткізе алады. Яғни әскери қызмет тек міндет атқару емес, жеке даму кезеңі ретінде ұйымдастырылып отыр, – дейді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Д.Ахмедиев «Sarbaz+» жобасы бір жылдық қанатқақты жоба екенін де атап өтті. Алдағы уақыт­та бұл жоба басқа әскери бөлімдер­ге де кезең-кезеңімен енгізілмек. Алдағы көктемгі шақыру кезін­де тағы екі әскери бөлімді қосу жос­парланып отыр. Кейін жыл сайын екі-үш, одан да көп әскери бөлім қамтылып, жобаның ауқымы кеңейе түседі.

 

Астана – Алматы – Астана 

Соңғы жаңалықтар

Елімізде бір жылда 795 мың қалдық жиналды

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 14:20