Тағзым • Бүгін, 07:55

Шілтөбе – Мекемтас биігі

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында ғибратты ғұмыр кешіп, соңына өшпестей өнегелі із қалдырған Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, фило­логия ғылымдарының докторы, профессор, біртуар абайтанушы Мекем­тас Мырзахмет­ұлының ғылыми мұраларына ар­налған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шілтөбе – Мекемтас биігі

Ғалымның  есімін есте қалдыру мақсатында Түл­кібас ауданының әкім­дігі мен жанашыр ағайын тарапынан бірқатар ауқымды шараларды жүзеге асыру да қолға алынып жатыр. Сондай игі шаралардың қатарында Қазақ ру­ханиятының абызы Мекемтас Мырзахметұлына арнап, өзінің туған жері Түлкібас ауданы, Түркібасы ауылында салынып жатқан «Шілтөбе – Мекемтас биігі» тағзым кешенінің техникалық ашылу рәсіміне қатыстық. Біз, Дархан Мыңбай бастаған бірқатар азамат ең алдымен Мекемтастай ғұлама ағамыздың рухына мінәжат етіп, тағзым кешенінің құрылыс жұмыстарымен таныстық. Кешенге жазылған сөздерде қате кетпеуін қадағалап, өз пікірімізді ортаға салдық. Содан кейін ауыл мешітінде берілген асқа қатысқан қонақтар қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ұлт рухания­ты үшін ерен еңбек сіңірген ғалымның мол мұрасын насихаттап, оны ел-жұртқа кеңінен танытатын Музейді ашу, жыл сайын 16 желтоқсанда ғылыми конференциялар ұйымдастыру, тағы басқа да мәселелерді көтерді. Жиналған қауым осы айтылған ұсыныстардың барлығын да бір ауыз­дан қолдады.

Айтпақшы, ауданның бел­сенді азаматтары тағзым кеше­ніне қатысты айтқан бір-екі ескер­тулерімізді орынды деп қолдап, бір аптада түзетіп қой­ғанына риза болдық.

«Жұмыла көтерген жүк же­ңіл» дегендей, Мекемтас ағаның шәкірттері мен ағайындардың күшімен «Шілтөбе – Мекемтас биігі» тағзым кешені бой көте­ріп, оған баратын жолды да тегіс­теп, асфальттап қойыпты. Бір сөзбен айтқанда, алдағы уа­қытта мұнда келген адамдар ғұлама ағамызға мінәжат етіп, М.Мыр­захметұлының рухына Құран бағыштап, тағзым кешенін көріп тамашалауына толық мүмкіндік жасалған.

Мекемтас Мырзахметұлы бүкіл саналы ғұмырын Абайтану, Ясауитану, Бауыржантану, Мұх­тартану мұраларын зерделеуге, оларды халыққа та­нытуға, отан­дық ономастика, әдебиеттану ғы­лымдарының ке­регесін кеңейтуге арнаған ғұлама болғаны бәрімізге белгілі. Мәкең ұзақ жылдар бойы ұлт руханиятының ілгері басуына сүбелі үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ұзақ жылғы қажырлы ізденістерінен туған құнды еңбектері билік пен оқырман тарапынан жоғары бағаға ие болды. Елге, әдебиет пен ғылымға сіңірген сүбелі еңбектерін ескере отырып, болашақта желтоқсан айын­дағы бір күнді «Мекемтас күні» деп белгілеу мәселесін қарас­тыру жағын Үкіметке ұсы­намыз. Бұл ұсынысты зиялы қауым өкіл­дері де қолдайды деген сеніміз мол.

 

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

журналист, қоғам қайраткері

Соңғы жаңалықтар