Орал қаласының Зашаған кентінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орынға арналған жаңа білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Бұл осы жоба аясында Орал қаласында салынған үшінші мектеп.

Мектептің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, облыстық мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары, мердігер ұйым өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – аса маңызды мемлекеттік міндет» деген болатын. «Келешек мектептері» жобасы өскелең ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлықтың жарқын үлгісі» деді өз сөзінде облыс әкімі.
600 орынға есептелген жаңа білім ошағында 33 оқу кабинеті, дизайн-технология, робототехника, инклюзивті білім беру кабинеттері, хореография залы, шығармашылық және техникалық бағыттағы шеберханалар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, екі спорт залы, заманауи кітапхана, бірнеше коворкинг алаңы, 130 орындық акт залы және 176 орындық асхана толық жұмыс істеуге дайын.

Жаңа мектептің ашылуына қуанған жан көп. Өйткені осы өңірдегі Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі үш ауысымда жұмыс істеп тұрған болатын. Бұйырса жаңа мектепке 1272 оқушы көшіріліп, 91 педагог ауысады деп жоспарланған.
Айта кетейік, соңғы үш жылда облыста 9806 орынға арналған 28 мектеп салынды. Оның ішінде «Келешек мектебі» жобасы аясында 6900 орындық 7 мектеп пайдалануға берілді.