Марапат • Кеше

Астанада көлік пен логистика саласының мамандарына «транспорттық Оскар» табысталды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада көлік пен логистика саласындағы Еуразиялық беделді марапат саналатын «Magistral Awards – 2025» премиясының жеңімпаздары анықталды. Кәсіби орта бұл сыйлықты көптен бері «транспорттық Оскар» деп атап келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада көлік пен логистика саласының мамандарына «транспорттық Оскар» табысталды

Биылғы марапаттау рәсімі көлік және логистика саласының ауқымы кеңейіп, маңызы артқанын тағы бір мәрте көрсетті. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, 2025 жылы байқауға 100-ден астам өтінім түскен. Оған ТМД елдері, ЕАЭО мемлекеттері, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдердің компаниялары мен сарапшылары қатысқан.

оскар

Жеңімпаздар 21 номинация бойынша анықталды. Олардың қатарында инфрақұрылым, цифрландыру, кадр даярлау, қоғамдық бастамалар және саланың тұрақты дамуына бағытталған жобалар бар. Бұл премияның тек технология мен бизнеске ғана емес, адам капиталы мен әлеуметтік жауапкершілікке де мән беретінін көрсетеді.

Magistral Awards премиясы Көлік министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының, «KAZLOGISTICS» көлік одағының және Н. Исингарин атындағы көлік бастамаларын қолдау қорының ұйымдастыруымен өтті.

Салтанатты жиында Еуразиялық экономикалық комиссияның құттықтау сөзі оқылды. Онда көлік пен логистика бүгінде аймақ елдері экономикасындағы стратегиялық ресурсқа айналып отырғаны айтылды. Қазіргі кезде жаңа бағыттар қалыптасып, цифрлық шешімдер енгізіліп, ұлттық стратегиялар өзара үйлестіріліп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі біртұтас еуразиялық кеңістік құруға жол ашып отыр деген ой айтылды.

оскар

Марапаттау барысында Қазақстанның көлік саласына жауапты өкілдері мен қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі. Олардың қатарында Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Сенат депутаты Евгений Больгерт, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, «Қазақстан темір жолы» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкенов, БҰҰ Ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі және БҰҰ Қазақстандағы ақпарат бюросының басшысы Властимил Самек болды.

Саланың дамуына үлес қосып жүрген спикерлер көлік инфрақұрылымының экономика мен өңіраралық байланыстардағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар көлік дәліздерінің қауіпсіздігі, цифрландыру және халықаралық әріптестіктің маңызына ерекше тоқталды.

Премияның бастамашысы әрі TLK Media компаниясының бас директоры Жанна Исингарина жобаның кейінгі 4 жылда үлкен жолдан өткенін айтты. Оның сөзінше, алғашқы кезде бұл бастама ұлттық деңгейде басталғанымен, бүгінде халықаралық кәсіби мойындау алаңына айналған.

«Бұл жоба алғаш құрылғанда біз салалық қауымдастықты біріктіруді мақсат еттік. Бүгін премия шекара асып, халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби платформаға айналды. Бұл көлік пен логистика саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның еңбегіне берілген баға деп білемін», деді ол.

2025 жылы премияның мазмұндық бағыты да кеңейе түсті. Дәстүрлі салалық жетістіктермен қатар экологиялық жауапкершілік, ұрпақтар сабақтастығы және жастар бастамаларына айрықша назар аударылды. Ұйымдастырушылар бұл бағыттарды Еуразиядағы көлік жүйесінің тұрақты дамуы үшін маңызды факторлар деп атап өтті.

Соңғы жаңалықтар