Балалар • Кеше

Өңірлерде бала құқықтарын қорғау жөніндегі дербес басқармалар құрылып жатыр

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдап, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер туралы ақпарат алған болатын, деп жазады Egemen.kz.

Өңірлерде бала құқықтарын қорғау жөніндегі дербес басқармалар құрылып жатыр

 

Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту бағытында жаңа институционалдық қадам жасалуда. Атап айтқанда, облыс әкімдіктері жанынан бала құқықтарын қорғау жөніндегі дербес басқармалар құру жұмыстары қолға алынды. Бұл құрылымдар өңірлік деңгейде балалардың қауіпсіздігіне, құқықтарының сақталуына және алдын алу шараларының тиімді іске асуына тікелей жауапты болады.

Соңғы жылдары балаларға қатысты зорлық-зомбылық, суицид және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесі ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты балалардың құқықтарын қорғау саласында заңнамалық және ұйымдастырушылық өзгерістер жүзеге асырылуда. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен соңғы екі жылда қолданыстағы заңнамаға 120 түзету енгізілді. Бұл нормалар баланың мүддесін қорғау тетіктерін күшейтіп, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруды көздейді.

2025 жылы еліміздің 13 өңірі мен 73 елді мекенінде балалардың жағдайына мониторинг жүргізілді. Оның аясында 272 мекемеде балалар арасында жасырын сауалнама алынып, 173 отбасыда тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің тұрмыс-тіршілігі зерделенді. Тексеру нәтижесінде бала құқықтарын қорғау саласындағы заң талаптарын бұзудың 171 дерегі анықталған.

Динара Зәкиеваның айтуынша, жүргізілген мониторинг өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау ісінде басқарушылық деңгейде жүйелі үйлестірудің қажет екенін көрсеткен.

— Балаларға қатысты мәселелер көбіне жергілікті деңгейде туындайды. Сондықтан өңірлерде дербес басқарма құру балалардың құқықтарын қорғау бойынша жедел әрі нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді, — деді уәкіл.

Қазіргі таңда аймақтарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасыларға қолдау көрсету мақсатында ашылған 112 отбасылық қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Алайда саладағы ахуал бұл жұмысты орталықтандырылған түрде басқару қажеттігін көрсетті.

Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағыты да кеңейтіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» қоры серіктестерімен бірлесіп 49 оңалту орталығын іске қосты. Бұл мекемелерде дамуында ерекшелігі бар балаларға медициналық, әлеуметтік және педагогикалық қызметтер көрсетіледі.

Алдағы кезеңде «Қазақстан балалары» атты кешенді бағдарламаны әзірлеу, балалардың онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жеке деректерін қорғау мәселелері де басым бағыттардың бірі болмақ.

Жалпы, облыс әкімдіктері жанынан бала құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма құру бастамасы балалардың құқықтарын қорғау жүйесін өңірлік деңгейде күшейтіп, жауапкершілікті нақты бөлуге және алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар