Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Аудиториядан – нарыққа
Колледжде білім беру дуалды оқыту моделіне негізделген. Яғни оқудың 60 пайызы практикаға, 40 пайызы теорияға бағытталған. Бұл тәсіл әсіресе маркетинг, тамақтандыруды ұйымдастыру, аспаз-кондитер мамандықтарында толық жүзеге асып отыр. Студенттер оқу барысында-ақ ірі сауда желілерінде, қоғамдық тамақтандыру орындарында тәжірибеден өтеді.
Колледж директоры Мырзабек Күжімовтің айтуынша, көзқарас өзгермей нәтиже болмайды.
«Шындығында, үй салатын да, жол төсейтін де, көлік жөндейтін де, тамақ әзірлейтін де – осы жұмысшы мамандар. Кейінгі жылдары бұл кәсіп иелері лайықты бағасын алмай, марапат пен құрметтен тыс қалып келді. Көпшілік оңай әрі тез байып кететін мамандықтарға ұмтылды. Жұмысшы мамандықтар жылы осы көзқарасты өзгертті. Бүгінде мемлекет те, білім саласы да, жұмыс берушілер де бұл бағытқа айрықша көңіл бөліп отыр. Ең басты өзгеріс – жұмыс берушілердің көзқарасы. Бұрын кадр даярлау тек колледждің міндеті деп қаралса, қазір нарыққа қажетті маманды бірлесе даярлау қажет екені айқындалды»,
деді ол.
Осы ұстаным колледждің күнделікті жұмысынан анық көрінеді. Мұнда дуалды оқыту қағидасы құжат жүзінде емес, студенттің нақты өндірістік ортада шыңдалуына бағытталған жүйе ретінде іске асып жатыр.

Мәселен, маркетинг мамандығында оқитын студенттер ірі сауда желілерінде тәжірибеден өтеді. Олар кассада ғана тұрмайды, тауарды қабылдау, орналастыру, өткізу, тұтынушымен жұмыс істеу, сатылымды талдау сияқты жұмыстарға араласады. Біліктілік емтихандары да колледжде емес, сол кәсіпорындардың өзінде қабылданады. Ал тамақтандыру саласында студенттер заманауи аспаздық зертханаларда жұмыс істейді. Аспаз бен кондитерлер технологиялық карта жасап, тағам дайындап, оны әлеуметтік серіктестер алдында қорғайды. Бұл – өндірістік ортаға барынша жақын формат. Дегенмен дуалды оқыту барлық мамандықта бірдей жүзеге аса бермейді. Директордың айтуынша, есеп және аудит, бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтарында практикадан өту жағы күрделі. Бұл – бір колледждің ғана емес, жалпы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің ортақ мәселесі.
Бірақ мұнда тәжірибелі практик-мамандардың сабақ бере алатыны көңіл қуантады. Өндірісте 10 жылдан астам тәжірибесі бар маманның педагогикалық білімі болмаса да колледжде жоғары санатпен сабақ бере алады. Бұл шешім студенттердің сапалы әрі пайдалы білім алуына жол ашады.
Шеберлікті меңгереді
Колледж базасында «Сатушы» және «Студент» оқу дүкендері жұмыс істейді. Бұл – шағын кәсіпорынның толық моделі. Студенттер жеке кәсіпкерлікті тіркеуді, есепшот ашуды, «Kaspi Pay» жүйесімен жұмыс істеуді, тауар алуды, үстеме баға қоюды, кассалық операция жүргізуді, салық төлеуді үйренеді.
Директордың әдістеме жөніндегі орынбасары Айжан Талғатқызының айтуынша, бұл жерде басты мақсат – табыс табу емес, тәжірибе қалыптастыру.
«Студенттер жеке кәсіп ашуға қажетті 20–25 негізгі құзыретті меңгереді. ЖК тіркеуден бастап, инвентаризация, жалақы есептеу, әлеуметтік аударымдарға дейін бәрін өз қолымен жасайды. Бұл – аудиторияда үйрету мүмкін емес дағдылар», дейді ол.
Сонымен қатар өз хоббиінен шағын стартап бастаған студенттер де бар. Қолдан жасалған сабын, әшекей бұйымдар, гүл композициялары колледж шеберханаларына қойылған. Ата-аналармен келісімшарт жасалып, бәрі заң аясында жүргізіледі.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледж халықаралық әріптестікке де басымдық беріп отыр. Биыл мамыр айында Түркияның SAFA компаниясымен келісімшарт жасалып, 25 студент пен 1 педагог алты айлық өндірістік тағылымдамадан өтуге жолдама алған. Тағылымдама барысында студенттер ай сайын шамамен 250 мың теңге көлемінде жалақы алады. Студенттер аспаз, кондитер, өндірістік цехтер бойынша бөлініп, нақты кәсіпорындарда жұмыс істейді. Бұған дейін колледж студенттері Самарқандта, Екатеринбургте тәжірибеден өткен. Ал Түркиядағы ұзақмерзімді тағылымдама – халықаралық ынтымақтастықтың жаңа белесі болмақ.
Айта кетейік, колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 86 пайыз. Бұл – жай статистика емес, оқу үдерісінің еңбек нарығымен тікелей байланысының нәтижесі. Екінші курстан бастап-ақ студенттердің бір бөлігі ата-анасының рұқсатымен жұмысқа орналасады. Кейбірінің айлығы 300 мың теңгеге дейін жетеді. Ал 18 жасқа толғандар жазғы демалыста толыққанды еңбек етеді.
Маман тұрақтылығы маңызды
Колледж директоры Мырзабек Күжімовтің айтуынша, дуалды оқытуды кеңейтіп, сапаны тұрақты ұстау үшін, ең алдымен, қаржыландыру мәселесін қайта қарау қажет. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың орташа мөлшері бір студентке жылына шамамен 430 мың теңгені ғана құрайды. Ал балабақшаларда бұл көрсеткіш 700 мың теңгеге дейін жетсе, мектептерде 800 мың теңгеден асады, жоғары оқу орындарында бір студентке 1 млн теңгеден жоғары қаржы қарастырылған.
«Колледждегі оқу үдерісі материалды көп қажет етеді. Әсіресе аспаздық, кондитерлік, сервис, өндірістік бағыттарда өнім, шикізат, құрал-жабдық, қауіпсіздік талаптары дегендей шығын көлемі жоғары. Қаржыландыру төмен болған жағдайда шеберхананы жаңарту, зертхананы күшейту, заманауи құрал алу секілді жұмыстардың қарқыны бәсеңдейді. Бұл түптің түбінде кадр даярлау сапасына әсер етпей қоймайды», деді ол.
Директор тағы бір өзекті түйткіл ретінде педагогтердің санаты мен біліктілігіне байланысты төлемдердің толық орындалмай отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, магистратураны тәмамдаған, тәжірибесі мол оқытушыларға қарастырылған үстемеақының толық көлемде төленбеуі кадр тұрақтылығына кері ықпал етеді.
«Бізге дәл қазір өндірісті көрген, практикалық тәжірибесі бар, заманауи талапты білетін мамандардың колледжге келіп, тұрақтап сабақ бергені маңызды. Ал оқытушы еңбегі лайықты ынталандырылмаса, кадр тапшылығы тереңдей береді. Сондықтан педагогке төленетін үстемеақы мәселесін реттеу керек», деді Мырзабек Күжімов.