Концерттік бағдарламаға Президенттік оркестр солистері Еркебұлан Сәрсенбеков пен Бауржан Нұрмұханов орындаған «Елім деп соқсын жүрегің», «Абырой» тобының «Рух», Ибрагим Ескендірдің орындауындағы «Сауыт» секілді танымал патриоттық әндер енді. Салтанатты шарада Президенттік полктың «Айбын» салтанатты бөлімшесі мен «Сардар», «Көкжал» арнайы бөлімшелерінің көз тартарлық көрсетілімдері қойылды.
Мемлекеттік күзет қызметі Ерекше мақсаттағы күштер штабының қызметкері, полковник Медет Елемесовтың айтуынша, қазақ халқының біртуар ұлының бейнесі СГО-ның жекелеген бағыттарының символикасында көрініс тапқан. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының әскери іс жөніндегі еңбектері мен жауынгерлік тәжірибесі терең зерттеліп жатыр.
«Біздің жеке құрам соғыс жылдарында дарынды қолбасшы, тактик және стратег ретінде танылған қайсар тұлғаны қастерлеп, оның жарқын бейнесін есінде сақтайды. Бауыржан Момышұлының ерлігі, батырлығы, Отанға адалдығы туралы жастар білуі маңызды», деді Медет Елемесов.

Президент оркестрінің бастығы, подполковник Дархан Рахимғалиев перформанстың идеясы – аңызға айналған қолбасшыға тірі арнау екенін атап өтті.
«Еліміздің өткені мен болашағы бір бірімен тығыз байланысты. Бүгінгі концерт батырдың жарқын бейнесі жас ұрпақтың есінде сақталып, ерен ерлігі ел қорғаған әрбір азаматтың бойынан көрініс табатынын көрсетті», деді Дархан Рахимғалиев.
Плац-концерттің соңында Мемлекеттік ту салтанатты түрде әкелініп, Президент оркестрі солистерінің орындауындағы «Көк аспан» атты патриоттық әні орындалды.