Қоғам • 26 Желтоқсан, 2025

Қазақ хандығы туралы құнды еңбек

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарих докторы, PhD, Токио шетел тілдері университетінің оқытушысы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының «Елдік феномен: Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей дипломатиялық құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу» атты кітабының тұсаукесері Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасы мен Алматыдағы Ғылым ордасында өтті. Аталған еңбек Токиода жарық көрген.

Қазақ хандығы туралы құнды еңбек

Мұнда Қазақ хандығының жазба мұралары, Цин патшалығына жолданған дипломатиялық құжаттар, Қазақ хандығының Цин еліне елші аттандыру үдерісі, сондай-ақ дипломатиялық құжаттардың транслитерациясы, транскрипциясы, қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы жан-жақты қамтылған.

Кітаптың тұсаукесерінде автор еңбектің маңыздылығына тоқталды: «Тарихи деректану ғылымының зерттеу нысаны – ықылым заманнан бүгінге дейін жеткен тарихи құндылыққа ие барлық жазба деректер. Сол деректердің маңызды бөлігі – мұрағат құжаттары. Қазаққа қатысты мұрағат материалдары саны жағынан көп болмаса да, әр дәуірде, әр өңірде, түрлі тілде жазылып, сақталған. 1757 жылы Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасында ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнап, өзара хат алмасу күшейе түсті. Кітап дәл осы тарихи кезең мен құжаттарға негізделіп жазылған. Бұл еңбек Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне пайдалы болады деп сенемін», – деді кітап авторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы.

Тұсаукесерде Қазақ хандығы дәуіріндегі дипломатиялық құжат­тардың тарихи мәні, Цин патша­лығымен болған саяси байланыс, сондай-ақ қазақтың жазу мәдениеті мен деректанулық зерттеу мәселелері талқыланды. Кітаптағы жаңа архивтік деректердің отандық тарих ғылымына қосатын үлесі, құнды құжаттардың халқымыздың тарихын, мемлекеттік басқару жүйесін және сыртқы саяси байланыстарын қайта зерделеуде, сондай-ақ қазақтың жазу мәдениетін терең зерттеуде теңдесі жоқ дереккөз екені айтылды.

Аталған еңбек – автордың көп жылдар бойы жүргізген жүйелі ғылыми зерттеуінің нәтижесі. Осы сала бойынша ел ішінде де, шетелде де тұңғыш рет дайындалған, мазмұны терең, деректік негізі берік ғылыми монографияның маңызы зор. Зерттеу аясында Қытай мұрағат қорларында сақталған қазақ хандары мен сұлтандарының 160 дипломатиялық хаты, сондай-ақ Цин патшалығының 6 патша жарлығы ғылыми айналымға енгізілді. Сонымен қатар 31 тарихи құжаттың факсимилесі беріліп, төл жазба мұрамыздың мазмұны, тілі мен жазу мәдениеті жан-жақты талданды.

Соңғы жаңалықтар