Ақынның «Социалистік Қазақстан» газетіне тұңғыш жарияланған фотосы мен өлеңдері. 1945 жыл, 15 тамыз.
Абай хакімнің туғанына 70 жыл (1915), 80 жыл (1925), 90 жыл (1935) толғанда жарық көрген отандық басылымдарды шолып көрдік. Бұлардың ешқайсында фотосы жарияланбаған.
1945 жылы фашизм талқандалып, жеңіске жеттік. Күллі халық қуанды. Осы жылы қазақ үкіметі тарихта тұңғыш рет Абай тойын, яғни ақынның туғанына 100 жыл толу мерекесін өткізді.
Ақынның осы 100 жылдық тойынан кейін дана ақынға көзқарас түзеліп, хакімнің фотосы мен жаңадан табылған бір топ өлеңі ҚК (б) Орталық Комитетінің ресми органы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды.
Бұл суретте дананың ойлы келбеті барынша әдемі көрсетілген. Басында оюсыз қара тақия, үстінде қаусырма өңірлі жағасыз шапан. Ежелгі сопылық мүриттердің әдебіне тән оң қолымен шапан өңірін қусыра ұстап, төрт саусағын сыртына, бас бармағын ішіне алып, сол қолын тізесінің үстіне қойыпты.
Жалпы бәріміз білеміз, Абайдың дәл осындай жеке түскен суреті жоқ. Бұл фото 1896 жылы екі ұлымен бірге (Ақылбай және Тұрағұл) Семейде түскен суретінен алынып отыр. Фотоға тартқан – Н.Г.Кузнецов екен. Құнды жәдігерді 1941 жылы 6 наурыз күні Мұхтар Әуезов Семейдегі Абай музейіне тапсырған.
Бұл туралы Мұхтар Мағауин: «1896 жыл. Абай 51 жаста. Арылмас мұң қалыпты байыпқа айналып, сырттағы қайғы ішке түскен кез. Ой мен сыр, сезім мен парасат жарастық тапқан. Өзінің өлмесін, мәңгі жасарын айқын аңдаған пәни тіршілігі бақимен астасқан сәт», деп суреттепті.
Семейлік журналист-зерттеуші Дәулет Сейсенов «Ер қазақ» атты кітабында: «Қандай бір жұмыстан сырт қалмаған Қайым аға Әуезовтің ұсынысымен Абайдың 100 жылдық мерейтойын әзірлеу жөніндегі мерейтойлық Үкімет комиссиясының ғылыми хатшысы бола жүріп, Абайдың бұған дейін мәлім емес, тоғыз өлеңін айналымға қосты. Бұл өлеңдердің бірнешеуі «Ақының жарияланбаған өлеңдері» деген тақырыппен және ақының фотосымен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 15 тамыз күнгі нөмірінде жарияланды» деп жазады.
Абайтану мен ақынды ұлықтау ісінде Қайым ағаның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Автор «Тарта көр, Семейімнің топырағы» атты еңбегінің 5-бетінде: «Абайдың бұрын белгісіз болып келген 9 өлеңін таптым. Олар 1945 жылы шыққан Абай шығармаларының толық жинағына енді» деп жазады.