Құқық • Бүгін, 08:27

Адалдық өлшемі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйым­дастыруымен «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті.

Адалдық өлшемі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жастардың құқықтық мәде­ниетін арттырып, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы көзқарасын қалып­тастыруды мақсат тұтқан жиынға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Форум­ның ашылуында Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов қатысушыларға сәттілік тілей отырып, аталған іс-шараның қоғамдағы маңызын айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек», деп атап өтті. Бұл міндеттің табысты орындалуы жас ұрпақтың бойына адалдық, жауапкершілік және азаматтық мәдениетті сіңіруге тікелей байланысты. Сыбайлас жемқор­­лық – кез келген мемлекеттің да­муын тежейтін қауіпті құбы­лыс. Оған ең тиімді қарсы шара – алдын алу, яғни сананы өзгерту және білім арқылы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру. Бүгінгі форум – осы мақсатқа бағытталған маңызды бастаманың бірі», деді Ж.Жұмаділов.

Форум қатысушылары қо­ғам­да­ғы адалдық, әділеттілік және жауап­кершілік құнды­лық­тарын қа­лыптастыру жө­нін­­дегі пікірлері­мен бөлісті. Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, облыс білім басқармасының басшы­сы Бауыр­жан Ердембеков, жас­тар белсендісі Қуаныш Молдақашев, Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық кол­леджі­нің студенті Назерке Кадекова жас буынға арналған жаңа профи­лактикалық бағдарла­маларды таныстырып, өз көзқарасын білдірді. Ректор Думан Орынбеков білім орнындағы адалдық қағидатын нығайту жөнін­де атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырды.

«Университет тарапынан адал­дық қағидатын қалыптастыру мақ­сатында студенттеріміз өздері­нің тың идеялары мен жоба­ларын ұсынып келеді. Бұл бастама­лар жастардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, академиялық адалдық мәдениетін нығайтуға зор үлесін қосып жатыр. Соның нәтижесінде біз оқу орнында жаңа бағыттарға бет бұрып, ашықтық пен әділдікке негізделген ортаны қалыптастыруға мүмкіндік алып отырмыз», деді ректор.

Тағы бір маңызды бағыт – өңірде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдар­ламасы. Бұл бағдарлама мектеп­ке дейінгі кезеңнен бастап құ­қықтық сауат, азаматтық жауапкер­шілік және әділдік қағидаттарын қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда өңірдегі 286 мектепте 7 375 оқушыны қамтитын «Адал ұрпақ» клубтары, сондай-ақ 30 студенттік клубта 490 студент жұмыс істейді.

«Біздің басты міндетіміз – жас ұрпаққа жауапты азаматтық қасиеттерді сіңіріп, оларды адал және құқыққа құрметпен қарай­тын азаматтар ретінде тәрбиелеу. «Адал азамат» бағдарламасы мектептен бастап құқықтық сауат, әділдік пен адалдық қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған. Құқық­тық мәдениет жүйелі түрде енгізілген жағдайда оқушылар­дың құқықтық сауаты артып, мектеп­тегі тәртіп деңгейі нығаяды, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасады, әділдік, адалдық және жауапкершілік құндылықтары оқушылардың мінез-құлқының негізіне айналады», деді Б.Ердембеков.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар