Руханият • 26 Желтоқсан, 2025

Қос аққу жылжымайды: «Жақын барып хал-жайын кім сұрайды?»

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғат қашанда тосын құбылыстарға толы. Осыдан төрт-бес күн бұрын Семей қаласындағы ақ Ертістің айдынына қос аққу келіп қонған еді. Міне, бір аптаға айналып барады, жыл құстары әлі жылжыған жоқ.

Қос аққу жылжымайды: «Жақын барып хал-жайын кім сұрайды?»

Фото: Ашық дереккөз

Махаббаттың символына айналған еркін даланың ерке құстарын алғаш байқап, фото-видеоға түсірген семейлік әріптесіміз Мұрат Рақымжан. Оның айтуынша, мұндай көріністі Семейде бұрын-соңды көрмеген.

– Семейде тұрғанымызға отыз жылға жуықтады. Ертісте жүзіп жүрген аққуды тұңғыш рет көруім. Әуелде бірқазан шығар деп ойлаппын. Камерамен жақындатып көрсем – аққу екен. Мұз жұқа болған соң жақындап барып жем беруге тәуекел ете алмадық. Содан бері жұбайым екеуміз алыстан бақылап жүрміз, – дейді ол.

Мұрат Рақымжанның айтуынша, қос аққу жағалаудан қашықта, Тері зауыты маңында, «Парус» ықшамауданы тұсында жүр. Видеода көрінетін балықшылар да негізгі арнада емес, тоған бөлігінде отырғандықтан, қауіп төндіріп отырған жоқ.

Бүгін таңертең хабарласып, аққулардың хәлі қандай екенін сұрадық.

– Кешегі мен көрген аққу мойнын бауырына басып, мұз үстінде жатыр. Екіншісі суда жүзіп жүр. Әлсіреп қалған жұбына жем іздеп жүрсе керек. Сәлден соң судан шығып, сұлқ жатқан сыңарының қасына келіп, түртініп иіскегендей болды. Серігі басын көтерген жоқ. Сыңарының дәрменсіз күйін түсінген қайран ғашық, құбыла жаққа қарай бес-алты қадам жасап, мойынын төмен қаратып, тағдырына бас игендей болып, мүлгіп тұр. Ол біз кеткенше орнынан тапжылған жоқ, – дейді ол.

9

Бұдан соң өзім де барып, жағалаудан бақылап қайттым. Расында да, қос аққудың бірі анда-санда қанатын қомдап қозғалғанымен, екіншісі мүлде қимылсыз. Құстардың хәлі мүшкіл екені анық байқалады.

Мамандардың айтуынша, Семейдегі Биологиялық орталық мұндай жануарды арнайы анықтамасыз қабылдамайды.

– Егер екі-үш күн осылай отыра берсе, аштық пен суықтан өліп кетуі мүмкін. Қазір аққулар бойындағы май қорын жұмсап жатыр. Май таусылған соң әлсіреу күшейеді. Құтқару үшін қайықпен жақындап, жағаға шығару қажет. Алдымен сәбіз турап берген дұрыс. Кейін ветеринарлар анализ алып, анықтама жасаса, Биологиялық орталық қабылдауы тиіс, – дейді ветеринария ғылымдарының кандидаты Әділқасым Жақыпбаев.

Ғалымның сөзінше, аққулар әдетте судың саяз жерінен балдыр мен шабақ теріп жейді. Ал суық күшейіп, мұз қабыршықтанып қата берсе, олардың жағдайы одан әрі қиындайды.

Міне, Семейде ақ жорға боран соғып тұр. Ал алдағы күндерде ауа температурасы төмендейтіні туралы хабарламалар келіп жатыр. Ақын Кәкімбек Салықовтың сөзімен айтсақ, «Сырғиды аққу айдында, сырғымайды, Жақын барып хал-жайын кім сұрайды?».

Соңғы жаңалықтар