Өнер • 28 Желтоқсан, 2025

Қазақ жұрты актер Нұрлан Сегізбаевты соңғы сапарға шығарып салды

120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы жұртшылығы қазақ киносы арқылы жалпы халықтың жүрегінен орын алған актер Нұрлан Сегізбаевты Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратынан ақтық сапарға шығарып салды. Өнерімен көрермен көңілінде қалған азаматтың жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақ жұрты актер Нұрлан Сегізбаевты соңғы сапарға шығарып салды

Orda.kz

Актер әрі сценарист Нұрлан Сегізбаевпен қоштасу рәсіміне марқұмның жақындары, достары, әріптестері, кино және театр актерлері жиналды.

Қоштасу рәсімінде сөз алған марқұмның досы, белгілі режиссер Болат Қалымбетовтің сөзі жиналғандардың қабырғасын қайыстырды. Ол Нұрланның өнер жолындағы биіктігін ғана емес, ішкі жан дүниесіндегі айтылмаған өкпесі мен арманын да ақтарды.

«Ол – аты аңызға айналған футболшы Тимур Сегізбаевтың туған інісі еді. Бірақ ол ешқашан біреудің тасасында қалған жоқ. Нұрланның ең басты қасиеті – жанының тазалығы. «Қазақфильм» тоқырап, әлі еш сериал түсірілмей тұрған шақта, ең алғашқы «Періште» туындысы дәл осы Нұрланның сценарийімен жарық көрді», деп еске алды Болат Қалымбетов.

Режиссердің айтуынша, талантты актер соңғы жылдары өзіне лайықты қолдаудың жоқтығына іштей ренжіп өткен. Керемет сценарийлері қағаз жүзінде қалып, үлкен экранға жолдама ала алмағаны оның жанына батқан.

«Жасыратын несі бар?! Бізге кішкене ренжіді ғой. Себебі оған дұрыс көңіл бөлінген жоқ. Керемет сценарийлері іске аспай қалды. Ол өзінің өмірінің аз қалғанын сезді. «Маған қашан мүмкіндік береді?» дейтін. «Мен қайдан білемін. Өзім түсіре алмай жүрмін» дейтінмін», деді досы.

Нұрлан Сегізбаев тек шығармашылықтың ғана емес, тағдырдың да қатал сынағына тап болған еді. Биылғы наурыз айында дәрігерлер оған өкпенің ауыр дерті (ХОБЛ, 4-ші сатысы) деген диагноз қойды.

Соңғы жаңалықтар