Жәдігер • Бүгін, 08:22

Досжан ишан мешіт-медресесінен табылған өрнектер

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырдағы діни-сәулеттік ескерткіштердің бірі – Досжан ишан мешіті Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінің оңтүстік-батысында орналасқан. 1880–1890 жылдары қам кірпіштен (саманнан) салынып, одан беріректе қараусыз қалып, жауын-шашын мен желдің әсерінен желкенді күмбездері, жоғарғы қабырғалары қирап, үйінді топырақтың астында қалған қасиетті орынды қарттар күні бүгінге дейін «Ишан төбе», «Досжан ишан қыстауы» деп қастерлеп келді.

Досжан ишан мешіт-медресесінен табылған өрнектер

Тұтас кешеннің аумағын­дағы мешіт пен медресе үйін, шәкірттер мен оқы­тушыларға арналған жатақхана, оған жапсарлас салынған шаруа­шылық жайын ағартушы Досжан ишан Қашақұлы (1815–1896) салдырған. Мешіт жанындағы медреседе 150-ге жуық шәкірт оқыпты. Оқу жылы ерте көктемнен бас­талып, қыс түскенше созылған. Шә­кірттер қыстың үш айында каникулға кетіп, наурызда оралған. Медреседе араб тілі, шариғат қағидалары, ислам тарихы, математика, жазу-сызу сабақтары өтті. Оқу бітірген шәкірттері ел ішінде молда, ұстаз, хат танушы ретінде еңбек еткен. Алғашқы жергілікті кадрлар дайындаған оқу орны кеңес өкіметі жылдарында қажетсіз қалып, Досжан ишан ұрпақтары аяусыз қудаланды. Төбесінде бір-бірімен жалғасқан жеті күмбезі бар «желкенді» мешітті Бірман Көшімқұлұлы тұр­ғызған. Оның зираты қазіргі Қобда ауданының Құмсай деген жерінде. Қабырғалары өте қалың, жел өтпейтін етіп салынған, төмен орналастырылған үлкен терезелерінен күн сәулесі ғимарат ішіне мол түскен. Сол заманда Темір уезінде қазақы діни жоралғылар мен келелі кеңестер өткізетін рухани орталыққа айналған, екі мың адам сыятын мешітте намаз залы, имам бөлмесі, дәрістерге арналған шағын хұжралар болған. Шайыр Әбубәкір Кердері 1896 жылы Досжан ишан өмірден өткенде жоқтау өлеңін жазып, Шилісу бойында тамаша бақ отырғызып, түрлі жеміс ағаштары мен дәнді дақылдар егіп, шаруашылықта мал ұстаған еңбегін: «Хұжра шәкірт жатқан жүз елу, Үшбулары және басқа қонақ­жайдан...», «Мұнара және салған жарастырып...», «Бір түрлі сондай форма мұнарасы...», деп сипаттайды. Сол кезеңнен жеткен деректерге қарағанда, ел ішіндегі талапты да қабілетті, бірақ оқуға қаражаты жоқ жастарды осы жерде тегін оқытқан. Ал ауқаттылары оқу ақысын төрт түлікпен өтеген. Мал өсіріп, оны сатудан түскен қаражатқа медресе шәкірттеріне киім-кешек, қалам, кітап алынған. Іргесіндегі Шилісу өзенінің бойындағы бау-бақшада егілген жемістер мен арпа-бидай, тары, көкөністер жатақхананың қоймасына түсіріліп, балалардың ас-суына жұмсалған. Осындай тиімді шаруашылық әдісін ұйымдастырып, Темір уезі мен оған іргелес ауылдардың балаларын оқытқан Досжан ишан кешенінде бірнеше жылдан бері қазба жұмыстары жүргізіліп, мешіттің беткі бөлігі үйінділерден тазартылып, іргетасы ашылды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, мешіттің іргетастары жақсы сақталған, қалың әрі биік. Қазір ішкі бөлігінде қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. «Осы жылы кешен аумағынан Дос­жан ишанның сегіз бөлмелі үйінің орнын таптық. Көміліп қалған үйінділерді аршыған архео­логтер осы үйдің ұзындығы 19,5 метр, ені – 16 метр деп анықтап берді. Бұдан өзге, мешіттің алдынан аумағы 8х5 метр мұнараның іргетасы анықталды. Ишанның үйі келесі жылы қалпына келтіріледі. Биыл тек іргетасын шығарып қойды. Жұмыс сәтті аяқталса, ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі тұтас кешенді тамашалап, сол заманның өмірін көргендей боламыз. Мұны ашық аспан астындағы музей деуге болады», дейді Алтынай Юнисова.

2

«Қалпына келтіру жұмыс­тарына орыс зерттеушісі, геоботаник Владимир Дубянскийдің 1904 жылы түсірген фотосуреті негіз болды. Ол Шилісу бойына келген сапарында «желкенді» күмбезді Досжан мешіт-медре­сесінің сыртқы көрінісін түсір­ген. Мұрағаттан табылған осы фотосурет бізге мешіт пен медресе, тұрғын үйлер мен мұнара орындарын анықтауға негіз болды. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде мешіттің он бөлмеден тұратыны анықталды. Қабырғалары қалың, саман кірпіштен қаланып, лай қосылып иленген. Іргетасы да жақсы сақталған. Дәл қазіргі уақытта мешіттің ішкі қабырғалары тазартылып болды. Енді есік-терезелері мен бөлмелерді жалғастырған маңдайша арқалықтарын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Осы шаруамен Алматыдағы «Қырым аралдары» ЖШС-нің мамандары айналысып жатыр. Айтып өте­тін маңызды жайт, мешіт бөлме­лерінің қабырғаларын тазарту кезінде қазақы ою-өрнектер шықты. Олардың кейбірінде Құран аяттары жазылып, қызыл, көк, жасыл бояулармен өрнектер салынған. Реставраторлар мұн­дағы бояу құрамына сараптама жүргізуді бастап кетті. Досжан Қашақұлы мешітінің мұнарасы 2026 жылы қалпына келтіріліп, ишан үйінің орнына консервация жұмыстары жүргізіледі. Топырақтарды аршыған кезде, ишан үйінің іргетасының беріктігі мен биіктігіне қарап, өз заманында талай жақсылар мен жайсаңдарды қонақ етіп күткен, келелі кеңестер өткізген еңселі шаңырақ болғанын көруге болады», дейді Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

пп

«Досжан ишан мешіті қабыр­ғасындағы ою-өрнектер мен жаз­баларға консервация жүргізу және қайта қалпына келтіруді бастадық. Бояулар ұзақ уақыт жердің астында жатып, ылғал мен сыздың әсерінен бүлінген. Санкт-Петербургтегі Эрмитаждың ғылыми-техникалық сараптама бөліміне бояу құ­рамдарын анықтауға жіберіп, қорытындысын алдық. Нәтижесінде бояулардың мал сүйегі мен терісінің тіндерінен жасалған желімнен әзірленгені анықталды. Арасынан минералды дақтар табылды. Бұл – сол замандағы желім бояуының классикалық нұсқасы. Бояулар гипске әктас қосылып иленген қоспаның үстіне жапсырылған. Оның асты майдаланған қамыс қосылып сазбен сыланған. Енді ою-өрнектердің көшірмелерін арнайы кескіндемеге түсіріп алып, сол құрамда қайта жасаймыз», дейді мешітті ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп жатқан Қырым Алтынбекұлы.

мм

Бірнеше қабырғаларға қызыл, көк, жасыл, ақ түстермен жапсы­рылған ою-өрнектердің бояу құра­мы әртүрлі болуы мүмкін. Құрам­дары толық анықталған соң ою-өрнектер көшірмелері қалпына келтіріледі. ХІХ ғасырдың соңынан бері құлаған қабырғалардың астында қалған өрнектердің кей тұстары өшірілсе де, тұтастай бедері мен түсін жоғалтпаған. Енді қабырғадан алынатын түпнұсқасы басқа тақ­тайшаларға жабыстырылып, Ор­талық музейге жөнелтіледі. Мешіт­тің ішкі жұмыстары аяқ­талған соң көшірмелер бұрынғы орындарына қайта орналастырылады.

 

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар

Тәртіпті тізгінші

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:58

Жұмыс орны және өңірлік карта

Аймақтар • Бүгін, 09:55