Таным • Бүгін, 09:13

Аудармашыны ЖИ алмастыра ала ма?

80 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары жасанды интеллект (ЖИ) қарқынды дамып, аударма саласына дендеп ене бастады. Онлайн аударма платформалары, нейрожелілерге негізделген жүйелер кез келген мәтінді бірер секундта бірнеше тілге аудара алады. Бұл жағдай «болашақта ЖИ адам-аудармашының орнын баса ала ма?» деген заңды сұрақ туғызды. Соған жауап іздеп, арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырған едік.

Аудармашыны ЖИ алмастыра ала ма?

Сурет: traff.ink

Аударманың сапасы төмен

м

Бағлан МИЗАМХАН,

Абылай хан атындағы Қазақ халық­аралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Аударма және филология факультетінің деканы, кәсіби аудармашы:

– Бұл сұраққа бірауыз сөзбен жауап беру өте қиын. Үлкен ғылы­ми зерттеуді, теориялық негіз бен прак­тикалық тұжырымды қа­жет ететін мәселе. Өйткені аудар­машы да, аударма да әртүрлі. Аудар­маның жазбаша, ауызша деп не­гізгі үлкен екі топқа бөлінетінін былай қойғанда, олар да ішінен сан түрге бөлінеді. Айталық, жазбаша аударманың сөзбе-сөз аудар­ма, еркін аударма, ғылыми тех­ни­калық аударма, ресми-іске­ри аударма, ақпараттық аудар­ма, көр­кем аударма сияқты түрлері же­тіп артылады. Сонымен қатар аудар­ма қазақ тілінен шет тіліне ме, әлде шет тілінен қазақ тіліне қа­рай ма деген сұрақ та негізгі мәсе­­лелердің бірі. Бұларды тізбек­теп айтып отырған себебім, аудар­маның бұл түрлерінің бәрін жүз пайыз алып кете алатын мамандар қазіргі кезде жоқтың қасы. Әсі­ресе, қазақшадан шет тіліне көркем аударуға келгенде ақсап жатамыз. Оның негізгі себебі, қазақ көркем шығармаларында ұлттық болмысты білдіретін бейнелеуіш сөздер, лакуналар жетіп артылады. Жалпы, қазақ тілі әлем тілдері ішінде аз зерттелген тілдердің бірі. Зерттелген деген сөзді әдейі қолданып отырмын, өйткені көптеген ғылыми ең­бек­те қазақ тілін азшыл (minor) топ­қа жат­қызады, бұл дұрыс емес. Ал аудармадағы жасанды интел­лект мәселесіне келсек, «Google Translate» пен «DeepL» сияқ­ты жүйелердің дамуына байланыс­ты кәсіби (адам) аудармашылар мен машиналардың рөлі белгілі бір деңгейде өзгергенімен, қазақ тілінен ағылшын тіліне көркем шығарманы аударған кезде жоға­рыда айтқан мәдени-ұлттық реңкті білдіретін бірліктерді жеткізу мәселесі әлі де өзекті қалпында қалып отыр.

Машиналық аударма құралда­рының түрлі салаларды жетік мең­­гермеуі, әсіресе қазақ тілі сияқ­­ты аз зерттелген тілдердің мә­тін­дер корпусында жеткілікті қам­тыл­­мауы мәдени бірліктердің қате ау­дарылуына, мәтіннің жасанды, құлаққа түрпідей тиер үйле­сімсіз болып шығуына алып келуі мүмкін. Оның себебі, ЖИ жүйелері қолданыстағы онлайн деректерге сүйенеді, ал мұндай деректер бірнеше үстем тілдерге ғана бейімделген. Ондай тіл­дер – экономикалық және сая­си ықпалы күшті елдердің тілд­ері. Осыдан-ақ ЖИ аударма жүйе­лерінде қазақ тілі сияқты тілдерге қатысты аударманың сапасы төмен болатынын аңғара­мыз. Дегенмен, бұл жайт ЖИ жүйесіндегі қазақ тілінің жағдайын жақсартуға болмайды дегенді білдірмесе керек. Сөйтсе де сөзім жалаң болмауы үшін жуырда өткен ғылыми конференцияда жасаған талдауымды назарларыңызға ұсынсам.

Зерттеу барысында «Алдар көсе» қазақ халық ертегісінде кезде­сетін мәдени реңкті білдіретін бірліктердің ағылшын тіліне Мэри Луи Мейси аударып, 1968 жылы Нью-Йоркте жарық көр­ген нұсқасы мен ChatGPT-4o интер­фейсі аударған нұсқасын салыс­тырған едік. Шынын айту керек, зерттеу нәтижесі бірізді болу үшін OpenAI-дың o1 немесе o1 Plus сияқты нұсқалары қолданылмады. Осылайша, нейронды машина аудар­ма жүйелерін «оқытуға» бола ма дегенді анықтауға тырыстық. ЖИ аударма сапасын жақсарту үшін бірнеше промпт берілді. Нәтижесінде, Мэри де, ЖИ да мәдени бірліктердің коннотативтік мағынасын аударуға келгенде қателесетінін байқадық. Мысалы, Мэри ағылшын оқырмандарының ұғым-түсінігіне сай келмейтін дүниелерді өз бетінше бейімдеп отырған. Айталық, «тоқал» сөзін ол «қызметші қыз/servant girl» деп берумен қатар, көптеген ұлттық нақышты білдіретін бірліктерді аудармадан алып тастаған. Ол ол ма, Алдаркөсені «beardless rogue, who was known throughout the steppe for his slyness and trickery/халыққа айлакерлігі мен қулығымен танылған қаңғыбас көсе» деп бергені айды аспанға шығарғандай әсер қалдырады.

Ал ChatGPT күрделі тіл­дік құрылымдарды өңдеп, көлем­ді ақпараттық мәтіндерді айтар­лықтай дәлдікпен аударғанымен, түпнұсқа мәтіннің мәдени және эмоциялық қалпын толық ашып көрсете алмаған. Бірнеше промп­тан кейін ChatGPT оларды мей­лінше өңдегенімен, кей бірліктер сол қалпы қате аударылған. Мыса­лы, «жабық» сөзі бірнеше нақты коннотацияға ие екені белгілі. Алайда көшпелі мәдениет контек­сінде ол киіз үйдің керегесін жауып тұратын киіз жабу. Ал ЖИ оны «a traditional Kazakh covered cart used by nomads, often to transport women or children/ көшпелілер әйелдер мен балаларды тасымал­дау үшін пайдаланған жабық арба» деп аударған. Демек, көр­кем сүйене отырып жасалған бұл ғылыми зерттеуден аз таралған тілдердің мәдени реңкке ие бірліктерін адам мен жасанды интеллект бірлесе отырып аударғанда ғана сапалы аудармаға қол жеткізетінімізді байқаймыз. Олай болса, ЖИ адамды немесе адам ЖИ-ді алмастыра ала ма деген сұрақ аударма саласы үшін орынсыз сияқты.

 

Көркем шығармаға тісі бата қоймас

ш

Шыңғыс МҰҚАН,

«Мазмұндама» баспасының директоры, баспагер:

– Әлемдегі әңгіме ЖИ бола­шақта аудармашының орынын баса ма емес, қашан басадыға ойыс­ты. Осы жазда Google жария еткен ЖИ жиі орындайтын тап­сырмалардың тізімін аудар­ма­шылардың жұмысы бастап тұр. Айтпақшы, ол тізімнің онды­ғында тілшілер де бар. Мәселен, New York Times-дің қысқа жаңа­лықтарын бес жылдан бері ЖИ жазады. 1997 жылы IBM-нің Deep Blue суперкомпьютері сол кездегі әлем чемпионы Гарри Каспаровты жеңді. Компьютер алғаш рет адамды жеңгеннен бері 29 жыл ішінде бірде-бір рет адам компьютерді жеңіп көрген емес. Одан бермен қарай комьютерлік бағдарламалар тіпті дамып кетті. ЖИ-революцияның өзі неге татиды. Десе де сапа жағынан алдымен ағылшын сияқты ізашар тілдер алда тұрады, сондықтан қазақ тілінің аудармашыларына кезек кейінірек келеді. Техникалық мәтіндер, нұсқаулықтар, келісім-шарттар, заңнамаларды ЖИ-аудармашылар қазірдің өзінде сапалы аударады. Десе де ЖИ-дің көркем шығармаға, оның ішін­де поэзияға, басқа да нәзік тақы­рыптарға көпке дейін тісі бата қоймас деп ойлаймын. Ағыл­шын және испан тілдерінің қы­зыл дипломды аудармашысы ретін­де, аударма ісіне құрылған баспа­ның құрылтайшысы ретінде әріптестерімнің болашағы алаң­датады. Бірақ ЖИ-ге қарсы болған аудармашы ұтылады, ал ЖИ-ді құрал ретінде қолдануды үйреніп алған аудармашы ұтады, еңбегі өнімді болады. Алдағы уақытта таза аудармашылар емес, аудармашы редакторлар көбірек қажет. ЖИ тек аудармашыларды ғана емес, бүкіл мамандықтарды ойландырып отыр. Еңбек нарығын ХХ ғасырдағыдай күрделі трансформация күтіп тұр. Мәселен, өткен ғасырдың басында Америка жұмысшыларының 95% ауыл шаруашылығында істеген, қазір 5% ғана еңбек етеді. Қалғандары жұмыссыз қалған жоқ. Түрлі кәсіп ашылды, мамандық пайда болды. Сол секілді аудармашы ма­мандығын ғана емес, бүкіл маман­дық атаулын да қызық өзгерістер күтіп тұр. Осындай жаңалығы жылдам кезеңде өмір сүріп жатқан біз қандай бақыттымыз.

 

Жақсы ма, жаман ба деп отыратын шақ емес

алма

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,

PhD, Ұлыбританияның Лидс университетінде ғылыми тағылымдама өтіп жатқан «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты:

– Жасанды интеллекттің алғы­шарт­тары болған машиналық оқыту, автоматизация тетіктері барлық салада осы уақытқа дейін жылдар бойы біртіндеп енгізіліп жатты. Енді кейінгі бірнеше жылда оның жылдамдығы мен сапасы, генерациясы мен мүмкіндігі мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Дәл қазір «АІ келді, енді не болады?» деген сұрақты әлемдегі сала ма­мандары толассыз қойып жатыр. Мәселен, қазір он айлық ғылы­ми тағылымдама өтіп жатқан Ұлы­британияда да бұл тақырыпқа мән беріп, өндірістегі мамандармен қоян-қолтық диалогке түсіп, сараптап, саралап, жаңа түсініктер қалыптастыруға тырысып жат­қанына куә болып отырмыз. ЖИ-ге арналған конференция­лар мен семинарларға қатысқан сайын, менің санамда да бұған қатысты тың, салмақты түсініктер қалыптасып жатыр. Аударма саласына келер болсақ, Жасанды интеллект ол жердегі көп дүниені өзіне алып үлгергені ешкімге жасырын емес. Ақпаратты мәтін күйінде де, аудио күйінде де сіңіріп алып, көз ілестірмей, дереу аударып бере қояды. Әзірге сапасын мінсіз дей алмаймыз, әсіресе қазақтілді нұсқасын қолданып отырғанда, тым шұбалаңқы сөйлемдер құрау­ға «шебер» екенін көріп жүр­мін. Қазақ тілінде мүлдем жоқ «жаңа» қойыртпақ сөзді өте жиі құрастырады, ал ол – қауіпті үрдіс. Бұрындары дайын мәтінді тіл мамандарына, аудармашыларға көрсетіп алатын, соның өзінде ішінара қате кетіп жататын. Жа­қында балаларым оқитын мектеп­тің ортақ чатына медицина қыз­мет­керінен тұмауға қатысты нұс­қаулық келді. Сөйлемдерін сөйлем деуге келмейді, немен аударғаны көрініп тұр. Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні аудар­машы ретінде қолданып, бар жауапкершілікті соған арта салу жиілеп барады. Бұрын нашар, калька аударманы көрсек «гуглмен» аудара салған ба деуші едік. Енді калькаға қисынсыздық пен «ақсақ» сөзді қолдану мәселесі қосылып отыр. Осындайда жоғары білімді, тәжірибелі аудармашының орны қатты білінеді. Дегенмен зерттеушілер болашақта аудармашы мамандығының тынысы тарыла беретінін, тіпті бір адамды екінші тілді адамға синхронды аударатын арнайы чиптер пайда болатын айтып жүр. Технология осы қарқынмен дами берсе, оған да жетер күн алыс емес. Алайда қай кезде болмасын, тілге деген сауаттылық, жауапкершілік және кәсібилік өте маңызды деп ойлаймын. Егер оны әлсіретіп жібер­сек, өзге тілді білсек те, өз тілі­міздің сөздерін түсінбейтін халге душар болуымыз мүмкін. Қазір цифрлық дамуға жауапты қазақ­стандық мекемелер тіл корпустарын жасап, MLOps арқылы жасанды интеллектіге азық болатын қазақша мәтіндер енгізіп жатқаны белгілі. Соның сапасы тілді дұрыс қолдануға қатысты көп нәрсені шешетін болады. Жалпы алғанда, AI жақсы ма, жаман ба деп отыратын кезең артта қалды, енді оны қалай өнімділікті арттыратындай, этиканы бұзбайтындай, нормаларды сақтайтындай етіп тиімді қолданамыз деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Оның ше­шім шығарушы әлеуеті біздің елде әлі толық іске қосылмады, ол қар­қынын күшейтіп, масштаб­талғанда, жаңа кезең басталады. Әлем ғалымдарының айтуын­ша, қазір АІ өте тез дамуда, ал инфрақұрылымның көбі «ес­кірген». Алдағы 5–8 жылда бұ­рыннан келе жатқан жүйелер­ді бәрібір АІ-мен толық байла­ныстыруға тура келеді. Аударма саласындағы да барлық жүйе, біз қаласақ та, қаламасақ та біртін­деп толықтай жаңарады. Соған дейін стандарттау мен сапаны бақылауды күшейту – бүгінгі күннің зор міндеті.

 

Мәдени ерекшелікті толық түсінбейді

мамырбек

Мамырбек ФАРАХАТ,

Назарбаев университеті ақылды жүйелер және Жасанды интелект институты­ның деректер
сарапшысы:

– Жасанды интеллект бола­шақ­та аудармашының кейбір қыз­­мет­терін алмастыра алады, бірақ оны толықтай ығыстырып шыға­р­а­ды деу әлі ерте. Қазіргі таң­да ней­рон­дық машиналық аудар­ма жүйе­лері өте жылдам дамып жатыр. Олар үлкен көлемдегі мәтін­дерді қысқа уақытта аударып, күнделікті тұрмыста, техни­ка­лық құжаттарда және қара­пайым ресми мәтіндерде кеңі­нен қолданылады. Бұл тұрғы­дан ал­ғанда, Жасанды интеллект аударма үдерісін жылдамда­тып, уақыт пен шығынды үнемдеуге айтарлықтай үлес қосады. Алайда тіл – тек сөздер жиынтығы емес, ол мәдениет, тарих, ойлау жүйесі мен сезімнің көрінісі. Көркем әдебиет, поэзия, философялық мәтіндер, әзіл мен астарлы мағына сияқты салаларда адам-аудармашының рөлі әлі де шешуші болып қала береді. Жасанды интеллект кей жағдайда контексті, мәде­ни реңкті немесе ұлттық ерек­ше­ліктерді толық түсінбей, мағы­на­лық қателіктерге жол беруі мүм­кін. Ал кәсіби аудармашы мәтін­нің сыртқы мағынасын ғана емес, оның ішкі рухын, автордың ойын дәл жеткізе алады. Сол үшін болашақта аударма саласында бәсекелестік күшейетіні анық. Жасанды интеллектіні тиімді қолдана алмайтын, тек сөзбе-сөз ауда­румен шектелетін аудар­ма­шылар біртіндеп нарықтан ығы­суы мүмкін. Ал жоғары деңгей­дегі, яғни бірнеше тілді терең меңгерген, мадениетаралық айыр­ма­шылықтарды жақсы түсінетін, мәтінді өңдеп, редакциялай ала­тын кәсіби аудармашылар ғана сұ­ранысқа ие болмақ. Ең ықти­мал бағыт – адам мен жасанды интел­лектінің бірлесе жұмыс істеуі. ЖИ бастапқы аударманы жасап берсе, аудармашы оның сапасын тек­серіп, дәлдігін қамтамасыз етеді. Осылайша, болашақта аудар­машы мамандығы жойылмайды, керісінше, тек үздік, білікті маман­дар қалатын жаңа сапалық деңгейге өтеді.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар