Білім • Бүгін, 09:15

Табысқа апарар анық жол

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2025 жыл отандық жоғары білім саласы үшін нендей нәтижемен есте қалды? Осы сұрақ ойландырғанда ең алдымен санаға сап еткені – еліміздің академиялық хабқа айналу жолындағы жұмыстары болды. Биыл бұл бағытта қандай қадам жасалды? Не ұттық? Шолу жасап көрдік.

Табысқа апарар анық жол

Әуел баста Президент­тің әлем­дегі ең үздік 5 жоғары оқу ор­нының Қазақстанда филиа­лын ашу туралы тапсырмасынан басталған бастама бүгінде үлкен карта жасауға алып келді. Бұл – елімізде шетелдіктермен ынтымақтастық негізінде құрыл­ған стратегиялық серіктестік, филиал, қос дипломды бағдарлама, бірлескен білім бағдарламасы, шетелдік оқу орны, консорциум, жаһандық кампус.

Қазіргі уақытта әртүрлі форматта (стратегиялық серіктес­тік, филиал, қос дипломды бағ­дар­лама, бірлескен білім беру бағдар­ламасы, шетелдік оқу орны, консорциум, жаһандық кампус) 33 шетелдік жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Елдер бойынша есеп мынадай: Ресей Федерациясы – 7, АҚШ, Ұлыбритания және Қытай – әрқайсысы 5-тен, Оңтүстік Корея – 3-тен, Франция және Германия – әрқайсысы 2-ден, Италия, Польша, Түркия, Өзбек­стан – әрқайсысы 1-ден.

Бүгінде аталған жұмыс нақты мемлекеттік құжатпен жүйленіп бекітілген, дәлірек айтсақ, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдар­ға арналған тұжы­рымдама­сында көзделген. Ал енді осы бағытта отандық жоғары білім жүйесін ілгерілеткен қандай ынтымақтастыққа қол жеткіздік, бұл бізге не береді?

Қаржы. Маман даярлау, ел азаматтарына еңбек нарығы­ның сұранысына сай жоғары білім беру үлкен сомадағы қара­жатты талап ететін, мемлекеттің қалтасына кәдімгідей салмақ салатын ауқымды іс. Осы шаруаны жеңілдету, сөйте тұра сапаны көтеру – бүгінгі жоғары білім менеджерлерінің тактикалық жүрісі болып тұрғандай. Мысалы, биыл елімізге келген шетелдік студенттердің саны 35 мыңнан асқан. Соның нәтижесінде Қазақстанға шамамен 30 млрд теңге табыс түсті.

Осыған қоса білімнің сапалы болуы ондағы инфрақұрылым жағдайына да келіп тіреледі. Дәл сол инфрақұрылымның өзі де – мемлекет қоржынына жүк боларлық жұмыс. Ал шетелдік жоғары білім өкілдерімен, орта­лықтары, университеттерімен әріптестік аталған мәселенің тиімді шешімінің бір жолы болғандай. Мәселен, филиал­дардың құрыл­тайшылары қомақ­ты инвестициялар (De Montfort University – шамамен 20 млн АҚШ доллары, Cardiff University – шамамен 25 млн АҚШ доллары, Coventry University – шамамен 70 млн АҚШ доллары) тартқан. Бұл қара­жат оқу ғимараттарын сатып алуға және оларды қажет­ті құрал-жабдықтармен жа­рақ­тандыруға бағытталған. Сеул­техтің «LUPIC» жобасы аясында корей тарапы 750 шаршы метр аумақты қамтитын Бизнес-инкубациялық орталық пен AI-коворкингті құруға 52,5 млн теңге бөлді. Аталған инфрақұрылымға «AI Coworking», «Game Dev Center», «Digital Creativity Lab», «Hardware Lab», «Cyber Sports Room» жасақтауға, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының білік­тілігін арттыру және Сеултех ғалымдарын Қызылорда қаласы­на іссапарға жіберу шаралары кіреді. Филиал­дарды қолдауда индустриялық серіктестердің рөлі ерекше. Мәселен, «Қаз­фосфат» ЖШС РХТУ филиалын қолдауға 1,026 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді.

Академиялық даму. Иә, университеттің инфрақұрылы­мы керемет, гранты көп, стипендиясы жақсы болсын дейік. Алайда кез келген саланың сал­ма­ғы ондағы мамандардың кәсіби әлеуетімен, мазмұнымен өлшенеді. Айталық, филиалдарда 162 білім бағдарламасы бойынша оқытылады. Ал онда­ғы профессорлардың 500-ге жуығы – шетелдік. Бұл  – оқы­ту­­шыларымыздың шетелдік әріптес­терімен жұмыс істей жүріп үлкен тәжірибе жинауына жағдай жасайды әрі сту­денттеріміз өз елінде-ақ әлемнің беделді оқу орындарынан келген профессорлардан сабақ ала алады деген сөз. 

Филиалдардың мазмұндық ықпалынан бөлек кадрларды даяр­лаудың халықаралық стандарттарын енгізу, практикалық бағыттағы оқытуға негізделген оқу жоспарлары, ағылшын тіліндегі білім бағдарламалары, бас университеттердің цифрлық платформаларын, соның ішінде олар жазылған электрондық кітап­ханаларды пайдалануға мүмкіндік береді.

Мұндай әріптестік академия­лық әлеуетті арттырды, біз мұны өткен 4 қарашада жарияланған QS Asia 2026 рейтингінде көрдік. Аталған рейтингке 44 отандық жоғары оқу орны енді, оның ішінде 10 жаңа университет бар (2025 жылы рейтингте 35 университет болған). Рейтинг деректері жоғары оқу орындарының бір­лескен білім беру және ғылыми жобаларға белсенді қатысуы, сондай-ақ жетекші шетелдік уни­верситеттердің филиалда­рын ашу ұлттық жоғары білім жүйесінің академиялық әлеуетін нығайта түседі әрі бәсекеге қабі­леттілікті арттырады. Айталық, рейтингке енген 44 жоғары оқу орнының 29-ы әлемнің жетек­ші университеттерімен страте­гиялық серіктестіктерге ие болса, 15 университеттің базасында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалы жұмыс істейді.

Өндіріске жол. Шетел­дік әріптестермен ынты­мақтастықтың болуы кейбір ірі отандық және алыс-жақын шетелдік компаниялармен өндірістік бағытта байланыс орна­тып, университеттер­дің зерт­теуді нақты өндіріске бағыт­тауына жағдай жасайды. Өйт­кені бұл әріптестік тек инвестиция тартудың мысалдары ғана емес, сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру арқылы технологиялар трансферін қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, Қозыбаев университеті мен Аризона университеті күкіртті қайта өңдеу технологиялары саласында бірлескен зерттеулер жүргізуді бастады. Аталған зерттеулер полимерлік материалдар, аккумуляторлар, оптикалық өнімдер және ауыл шаруашы­лығы тыңайтқыштарын өндіруге арналған. Тағы бір маңызды жоба – агроөнеркәсіптік кешен бойынша консорциум. Бұл жоба аясында халықаралық демонстрациялық ауыл шаруа­шылығы стансасы құрылды, Агрокомпетенциялар орталы­ғы ашылды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының төзімді сұрыптарын шығару, биоалуантүрлілікті сақтау, аграр­лық технологиялар транс­фері және ғылыми кадрларды даяр­лауға бағытталған бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Қалай десек те, биыл страте­гиялық серіктестіктерді құру ар­қы­лы жоғары оқу орындарын трансформациялау қарқынды қолға алынғаны көрінді. Ал бұл бастама еліміздің жаһандық білім беру кеңістігіне кетігін тауып кірігуіне негізі болып тұр. Мұның табысы мен тиімділігін уақыт екшейтіні анық.

Соңғы жаңалықтар

Елден кіндігін үзбеген…

Қоғам • Бүгін, 12:12

Перу дәрігерлері сиам егіздерін ажыратты

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 11:30