Қоғам • Кеше

2026 жылы кімдер көп табыс табады?

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде келер жылы қай салада жүрген азаматтардың табысы артуы мүмкін екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

2026 жылы кімдер көп табыс табады?

Фото: pinterest.com

Кейінгі жылдары еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп келеді. Технология дамыды, жұмыс істеу тәсілі де басқа арнаға бұрылды. Осыны ескерген мемлекет 2025 жылы кәсіби стандарттарды қайта қарап, жаңартты. Нәтижесінде 132 кәсіби стандарт әзірленіп, олар 1,1 мыңнан астам мамандықты қамтыды. Соның шамамен 600-і – жұмысшы кәсіптер. Ал кәсіби стандарттар тізілімінде қазір 864 құжат бар, олар 4,5 мыңнан аса мамандыққа қолданылады.

Жаңарту кезінде басты назар нақты еңбекке қажет кәсіптерге аударылды. Әсіресе жұмысшы мамандықтарға және технология әсерінен өзгерген еңбек мазмұнына басымдық берілді. Генеративті жасанды интеллект пен жаңа цифрлық шешімдер көптеген саланың ішкі құрылымын өзгертті. Сол себепті бұрынғы талаптар қайта қаралып, қазіргі нарыққа бейімделді.

Сұранысқа ие жаңа мамандықтардың қатарында виртуалды және цифрлық жобалаумен айналысатын BIM-мамандар, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлары, сондай-ақ киберқауіпсіздік инспекторлары бар. Бұл бағыттардың барлығы цифрландыру мен өндірістегі автоматтандыруға тікелей байланысты.

Министрліктің мәліметінше, технология өндірісті өте жылдам өзгертуде, ал кадр даярлау жүйесі соған ілесу үшін жаңаша бағдарды қажет етеді. Осы тұрғыдан кәсіби стандарттар еңбек нарығы мен білім беру жүйесі үшін нақты бағыт көрсететін құралға айналып отыр. Олар маман біліктілігіне деген сенімді арттырып, тұрақты экономикалық өсімге негіз болады.

Кәсіби стандарттарды әзірлеу және қайта қарау жұмысына 50-ден астам салалық кеңес қатысып отыр. Бұл кеңестердің құрамында 900-ден аса сарапшы бар. Олардың ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес, салалық бірлестіктер мен білім беру ұйымдарының мамандары бар.

Алдағы жылдары мемлекет сұранысқа ие мамандықтарды кәсіби стандарттармен 100 пайыз қамтуды жоспарлап отыр. Ең жоғары кадр қажеттілігі өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және көлік саласында күтіледі. Дәл осы салаларда жұмыс істейтіндер үшін 2026 жыл табыс тұрғысынан мүмкіндікке толы болмақ.

2030 жылдан бастап кәсіби стандарттарды еңбек қатынастарында қолдану міндетті болады. Осыған байланысты ескі біліктілік анықтамалықтарынан жаңа жүйеге біртіндеп көшу көзделіп отыр. Негізгі мақсат – жұмыс беруші мен қызметкерге артық қиындық тудырмай, талаптарды кезең-кезеңімен енгізу.

Соңғы жаңалықтар