Блицтің Бибісараның оң жамбасына келетінін талай байрақты бәсекелер барысында байқағанбыз. Бүған дейін ол шахматтың дәл осы түрінен 2021, 2022 жылдары әлем чемпионы атанған еді. Сонымен қатар жерлесіміз осындай деңгейге жеткен ең жас ойыншы ретінде өз есімін тарихта қалдырды. Рапидтен аталған жарыстың күмісі мен Азияның алтынын мойнында жарқыратқаны тағы бар. Классикалық шахматтан да нәтижелері өте жақсы. Бүгінде Асаубаеваның ФИДЕ рейтингінде үздік ондықты түйіндеп тұрғаны жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі.
Дохадағы доданың блиц сайысында жер жаһанның әр қиырынан жиналған 141 ойыншы бақ сынады. Олар швейцариялық жүйемен 15 тур ойнады. Бастапқы бәсекелерде 11 ұпай жиған Асаубаева жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде қазақ қызы әлем чемпионатының қола жүлдегері, қытайлық Чжу Цзиньэрді 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Ал финалдық бәсекеде екі дүркін әлем чемпионы, украиналық Анна Музычуктан басым түсті. Есеп – 2,5:1,5. Сөйтіп, Бибісара Асаубаева үш дүркін әлем чемпионы атанды.