Руханият • 06 Қаңтар, 2026

Тектінің тұяғы

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақта ардақты адамға қатысты айтылатын «текті» дейтін сөз бар. Ал Қытайдың ежелгі дао ілімінің негізін қалаушы Чжан Цзы: «Текті адамда үш қасиет болады. Біріншісі – арғы тегінен ажырамайды, екіншісі – рухани бас­тауынан бөлінбейді, үшіншісі – шындықпен бірге өмір сүреді», деген екен.

Тектінің тұяғы

Қазақта текті жандар баршылық. Соның бірі – биыл туғанына 110 жыл толып отырған көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханұлы. Бұл тұлғаны қоғам ірі абайтанушы һәм Алаш қайраткерлерінің тәлімін алып, сарқытын ішкен «көзі» деп таниды. Қайымның төл шәкірті Тұрсын Жұртбай ұстазы туралы: «Қайымның адам ретіңде ұстанатын ұлы қасиеті – рух қайсарлығы мен тектілігі», деген екен.

Қайым ағаның шыққан тегі, алған өнегесі хақында көп айтыла бермейді. Білетініміз – 1916 жылы қаңтардың 5 күні Семейде көзі ашық, көкірегі ояу, Алаш арыстарымен үндес Мұхамедхан Сейітқұловтың шаңырағында дүниеге келгені ғана.

Ғалымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов жаратылысы жайсаң, озық ойлы, өнер-білімге құштар, дос-жаран, ағайын-туысқа үйір адам болыпты. Бірінші дүние­жүзілік соғыста қолға түсіп, Семейге тұтқын болып келген аус­триялық құрылысшылар салған әсем үйді сатып алып, бір бөлмесін тұтас кітапхана жасапты. Онда шетел әдебиеттерімен қатар, орыс жазушыларының туындылары жайғасқан дейді.

Қайым аға естелігінде: «Әкей­дің кітапханасында Абайдың 1909 жылы Петерборда жарық көрген алғашқы кітабы, «Қазақ», «Сарыарқа», «Тәржіман, «Дала Уәлаяты», т.б. газет, журналдар болған» деп жазса, ғалымның өмір-тарихын зерттеп кітап жаз­ған семейлік журналшы Дәулет Сейсенұлы: «Қайымның әкесі Алаш қайраткері Мұхамед­хан Сейітқұлұлы орысша, мұсыл­манша сауатты әрі араб тіл-жа­зуын өз бетімен үйренген адам. Кезінде Тыныбай мешіті мен Ахмет Риза медресесінде дәріс оқыған», депті (Д.Сейсенұлы. «Ер қазақ»: деректі хикаят. 2020 жыл. 4-б).

Қысқасы, осы шаңырақтан Абай мен Шәкәрімнен бастап, елге тұтқа Алаш азаматтарының бәрі дәм татқан. Бұл әулет өткен ғасырдың отызыншы жылдары жүргізілген сталиндік репрессиядан аман қалмапты. Байды жек көретін большевиктер най­засының ұшын бірінші болып Сейтқұлов әулетіне тіреген екен. 1921 жылы Мұхамедханның ақ сарай үйі тәркіленіп, отбасы мүшелеріне «сендерге осы да жетеді» дегендей екі-ақ бөлмесін қалдырған да, басқа бөлмелерін мектеп қылыпты. Қызық болғанда Қайым аға осы мектепте сауат ашыпты.

Кеңес өкіметі 1928 жылы байталау (конфеске) науқанын бастағанын білеміз. Ірі байларды тұтқындады немесе жер аударды. Бұл науқан Мұхамедханды айналып өткен жоқ. Әуелі түрмеге қамап сағын сындырады. Көп ұзамай түрмеден босатқанымен, қолындағы күллі мал-мүлкін сыпырып алады. «Бейтаныс бі­реу­лер келіп, қорадағы жылқы­ларды шықпырта қуып ұстап, міне жөнелгенде қораға бауыр басқан жануарлар көзінен жасы сорғалап, жылап бара жатыпты», деп еске алады әулеттің кейінгі ұрпақтары.

Сейітқұловтарды қудалау мұнымен біткен жоқ. 1932 жылы Мұхамедханның жаңадан тұр­ғызған шағын үйін тағы да тартып алады. Бұл оқиға туралы Қайым аға өз естелігінде: «Әкей күштіге жағынып жан сақтауды білмейтін адам еді, тіпті басқа жаққа көшіп кетуді де ойлаған жоқ. Қаланың Солдат көшесіндегі үйшіктей үй­ге барып бас сауғаладық», депті.

Келесі кезекте 1935 жылы Мұхамедханның кенже інісі Әбілқасым тұтқындалып, 10 жылға сотталып, жазасын толық өтеп шыққан. Бірақ түрмеден босап үйіне келген соң көп кешік­пей көз жұмыпты. Тегі қамаудағы ауыр азап, жан төзбес қиындық сүйегіне өтіп кеткен сияқты.

Сейітқұловтарға ақыры соққы 1937 жылдың қараша айының соңғы күні жасалыпты. Бұл Рамазан айы екен. Отбасы түгел ораза екен. Сол күні барлығы сәресін ішіп бола бергенде, сырттан дабырлаған топ адамның үні естіледі. Әлдекім есік қағады. Ашады. Баса көктеп кіріп келген топ адам отағасына мылтық кезеп «сені тұтқындаймыз» деп әкіреңдейді. Арада апта өтпей «кеңестің қас дұшпаны мұсылман діншілдер тобының мүшесі Мұхамедхан Сейітқұлов 10 жылғы сотталып Сібірге айдалды, хабарласу, хат жазу құқы жо­йыл­ды» деген ресми хабар келеді.

«Бірақ шын мәнінде атамызды тұтқындаған соң үш күн өткенде 2 желтоқсан күні атып тастапты. Біз мұны 1989 жылы білдік. Сүйегі қайда қалғаны беймәлім. Суреті де сақталмаған. Өйткені ұсталған күннің ертеңінде үкімет адамдары келіп, жинаған кітаптарын және барлық қағаз мұраларын (фото, қолжазба, т.б.) ине сабақ жіп қалдырмай жинап алып кетіпті», дейді Дина Қайымқызы естелігінде.

Қайымның екінші інісі 1918 жылы туған Құрманғали Сталинград шайқасына қатысып, соғыстан бір көзінен айырылып мүгедек болып оралған. 1946 жылы, экспедитор болып қызмет атқарып жүрген кезінде боранда далада қаза тапқан екен.

Ал 1924 жылы туған кенже інісі Маулетхан Семей педа­гогикалық институтының 2-курсында оқып жүріп, курстас досы Әзілхан Нұршайықовпен бірге 1942 жылдың 23 ақпанында май­данға аттанады. Сол күйі хабарсыз кеткен.

Жоғарыдағы қуған-сүргін Қайымды айналып өтпепті. 1937 жылы «Халық жауының баласы» деген «қалпақ» кигізіп, оқудан шығарады. Тумысы өжет жігіт сонда да мойымайды. Ва­гоннан жүк түсіреді, көмір тасиды, қысқасы отбасын асырау үшін жанталасады. Қаншама қиындық көрсе де өжет жас әкесі Мұхамедхан Сейітқұловтың «Кімді көрсең де, кімнен тәлім алсаң да – бәрін есте сақта» деген өнегелі сөзін берік ұстайды.

Қайымды қуғындау бұнымен тоқтаған жоқ. Ғалым 1951 жылы сәуір айында «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында канди­даттық диссертация қорға­ғаннан кейін кешікпей қуғынға ұшырап, 25 жылға сотталады. Түрмеде бес жыл отырып, ҚазССР Жоғары соты президиумының 1955 жылғы 13 қаңтар күнгі өкімімен ақталып шығады.

Осы бір қиын уақыт туралы Қайым аға: «25 жылды арқалап Қарлаг-қа кете бердім. Өлсем кешегі Алаш арыстарынан жаным артық емес деп ойладым. Жергілікті билік аяғы ауыр Фархинурды алты баламен бір бөлмеге тығып, қалғанын тартып алды», депті.

Академик Рахманқұл Бер­дібаев: «Қайым – көпқырлы тұлға. Оның әр қыры жіті зерт­­телуі керек. Абайды же­тік білген абайтанушы. Ол еш­қан­дай идеологияның қыс­пағына түспей, ғылыми шын­ды­ғынан айырылған жоқ. Алаш­ордалықтар мен Шәкәрім мұрасын жарыққа шығаруда Қайым сияқты еңбек сіңірген адам аз. Бүкіл алаштықтар қыр­ғынға ұшырағанда Әуезов пен Қайым қалды. Ұлттың рухы Қайым секілді азаматтардың бо­йын­да сақталады. Оның мұрасы біздің халқымыздың тарихы мен мәдениетінің қасиетті бөлшегі», деген екен.

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, ғұлама-ғалым, табанды зерттеуші, рухы биік тұлға, қажырлы қайраткер Қайым ағаның тұлғасын бір мақалаға сыйғызып баяндау мүмкін емес. Десе де даталы мерейтойы қарсаңында үнсіз қалуға бол­майды. Қайым аға кейінгі жастарға қаратып: «Бақыт деге­німіз – еркіндік, адал сөйлеу және ештеңеден қорықпай өмір сүру», деп өсиет қалдырған екен. Ендеше, ер қазақтың (Д.Сей­сенұлы) өсиетіне адал болайық!

Соңғы жаңалықтар