Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Республикада ғылым саласын қаржыландыру соңғы жылдары айтарлықтай көрсеткішке жетті. Деректерге сүйенсек, соңғы алты жылда ғылымға бөлінген қаржы 6 есеге дейін өсіп, 252,5 млрд теңгені құраған. Биыл «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес білім және ғылым саласына 901,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат білім беру сапасын жақсарту, дарынды жастарды қолдау және ғылыми орталықтарды дамытуға бағытталмақ. Қаржының 588 млрд теңгесі ғылыми кадрларды даярлау мен ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық бұл жұмыстарға жұмсалады. Бұған дейін жұмыстарға бөлінетін қаржы көлемі төмен еді. Ендігі кезекте ел Үкіметі ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, қаржыландыру көлемін ІЖӨ 1 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Осыған орай өңірлерде білім берудің қолжетімділігі мен сапасын, ғылыми зерттеулердің нәтижелігін арттыру мақсатында аталған тұжырымдамаға өзгеріс енгізілді. Онда атап көрсетілгендей, басқарудың жаңа моделі, қолданбалы зерттеулер мен қорытындыларын коммерцияландыру, инфрақұрылымды цифрландыру, зияткерлік әлеуетті басымдыққа ие салаларды дамыту маңызды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті 2026–2028 жылдарға арналған жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға сәйкес, экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану, энергия, озық материалдар және көлік, озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар, елдің зияткерлік әлеуеті, өмір және денсаулық туралы ғылым, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс, биологиялық қауіпсіздік сияқты ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтады. Ведомствоның мақсаты 2030 жылға дейін ғалымдар санын арттырып, зерттеулер сапасын күшейту. Мұнымен қоса инновациялар генерациясының толық циклін қамтитын ерекше аймақ – ғылыми қалашықтар құруды көздеп отыр. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар негізінде бизнеске қолдауды екі есеге, жоғары технологиялық экспорт көлемін 20 пайызға арттыру жоспарланған.
Ел ғылымын дамыту мақсатында қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы», «Жасанды интеллект туралы» заңдар жасанды интеллект, биомедицина, роботтехника, квантты технологияны дамыта отырып, еліміздің ғылыми-технологиялық үрдісте алдыңғы қатарлы елдермен бәсекелестігін арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айтарлықтай қолдау көрсетіліп отырғанын ғылым саласына салынған инвестиция, жоғары оқу орындарының өндіріс ошақтарымен байланысының дамуы, елімізде шетел университеттері филиалдарының ашылуынан көрініс береді. Қазіргі таңда әлемнің беделді жоғары оқу орнымен серіктестік орнап, 33 филиалы ашылды. Технология парктері және инжиниринг орталықтарының құрылуы ғылыми кадрлық әлеуетті дамытуда басымдыққа ие. Ұлттық Ғылым академиясының пәрмені күшейіп, қазіргі кезде ғылыми зерттеулер, өндіріс, бизнес, халықаралық ықпалдастығына қатысты маңызды жобалар іске аса бастады. 2025–2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 113 ғылыми-техникалық тапсырысына сараптама жүргізілген. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысты дамытуда ғалымдардың аймақтық ықпалдастығына да көңіл бөлінбекші.
Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарында 30 мыңнан астам шетел студенті білім алып жатыр. Ал 2029 жылға қарай студенттер санын 100 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Үздік түлектеріміздің елде тұрақтап қалуына байланысты жұмыспен қамту бағдарламасы да биыл жаңа сипатта іске асқалы отыр. Президент өз Жолдауында ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстырудың маңызына тоқталып, «Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым екені. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек», деген болатын.
Ғылым – экономикасы дамыған елдерде инновациялық дамудың қозғаушы күші. Ғылыми зерттеулер, заманауи әзірлемелердің 70 пайызға жуығына бизнес қолдау көрсетеді. Осы орайда Президент тапсырмасымен елімізде де жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сол 1 пайыз қаржысын ғылымға аудару көзделген. Биыл ғылым саласы мемлекет, сондай-ақ өндіріс тарапынан айтарлықтай қолдауға ие болмақ. Ал оның нәтижесі ел экономикасына бағытталған озық зерттеулер, инновациялық шешімдерден көрініс береді.
АЛМАТЫ