Аймақтар • 07 Қаңтар, 2026

«Қоянды ауданын құруды сұраймыз!»

3860 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тұрғындар ауыл инфрақұрылымы қазіргі жүктемені көтермейтінін айтады.

Астана агломерациясының құрамындағы елді мекеннің бірі – Қояндының арғы тарихы 1962 жылдан басталады. Алайда бұл 2000 жылдарға дейін бір көше бойын жағалай орын тепкен 50–60 түтінді шағын ғана ауыл болатын. 2004 жылы «Жаңа қадам» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен 96 гектар жерге әлемнің тоғыз мемлекетінен келген қандастар қоныстандырылып, іргесі кеңейе бастады. Бүгінде Қоянды – 40 мыңнан аса халқы бар еңселі елді мекен.

«Қоянды ауданын құруды сұраймыз!»

Сурет: Tengrinews.kz

Астанадан екі шақырым жер­де, күре жолдың бойында­ орналасқан ауылға күні бүгін­ге дейін көшіп келушілер ағыны толас­таған емес. Олардың ішінде еліміздің өзге өңірлерінен де, шет мемлекеттерден де қоныс аударушылар бар. Кенттің аумағы да барған сайын ұлғайып келеді. Инфрақұрылымы жақсарып, электр желісі тартылып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Ал таяу күндері көгілдір отын беріліп, Целиноград ауданындағы газбен қамтылған алтыншы елді мекен атанды.

«Президенттің тапсырмасы бойын­ша Астананың айналасындағы елді мекендерді «Сарыарқа» газ құбыры­ның 1-кезегіне қосу үшін газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоян­дыны табиғи газбен қамту жобасы аясында 226 км газ тарату желісі салынып, 12 газ тарату пункті орнатылды. Осылайша, 21 мың адам табиғи газбен қамтылды», деді газ беруге арналған салтанатты іс-шараға қатысқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Ауыл әкімі Солтанбай Бақытхан­ның айтуынша, қазір Қоянды кентінде 5 500-ден аса үй бар. Тұрақты тіркеуде 10 мыңға жуық халқы болғанымен, бейресми санақ бойынша 40 мыңнан асып жығылады.

«Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан ірі көлемде қаражат бөлініп, кентіміздің инфрақұрылым, жол, су, газ жүргізу мәселелері кезең-кезеңмен шешіліп келеді. Өткен жылы 2 мың орындық мектеп салынды. Биыл Өрт сөндіру бекетін, алюминий зауытын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде ауыл ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы – 180 шақырым. Оның 37,7 шақырымы асфальтталған», дейді ол.

Әкімнің айтуынша, Қоянды ауылы тұрғындарының басым көпші­лігі Астанада еңбек етеді. Күре жолдың бо­йындағы кентке елорданың орталық базары мен үлкен сауда орындары да таяқтастам жерде. Соның арқасында ауыл хал­қы жедел өсіп келеді. Олардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайдың бәрі шешіліп жатқанымен, әзірге тұрғындар санының өсу динамикасына ілесе алмай тұр.

Осыған орай былтыр тамыз айында ауылдың жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жиналысы өтіп, ауыл әкімі мен белсенділердің ұйғаруымен инфрақұрылымның базалық қажет­ті­ліктерімен қамтамасыз етудің бес жылдық жоспары құрылған. Ол 10 тармақтан тұрады. Атап айтқанда, жол құрылысы, сумен жабдықтау, электр желісін тарту, мәдениет үйін салу, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, өрт сөндіру бекеті, мектеп салу, ауылдағы жерасты су ағындарының гидродинамикасын әзірлеу, Қоянды ауылы әкімдігінің ғимаратын, мүгедек балаларға арналған оңалту ғимаратын салу секілді тармақтар бар.

С.Бақытханның айтуынша, бүгінде таңда Қояндыдағы үйлердің 75 пайызы орталықтандырылған сумен қам­тыл­маған. 565 үй әлі де электр желісіне қосыл­маған. Ауылда 3 мектеп бар. Бірақ ол жеткіліксіз болып тұр. Өйткені бала саны көп. Сондай-ақ ауыл әкімінің аппараты қазіргі ғимаратты жалға алып отыр. Әкімдіктің өз ғимараты – апат­тық жағдайда. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге жарамсыз. Сондықтан жаңа ғимарат салу қажет.

«Жоспарланған жұмыстардың бәрі­­нің құжаттары дайын. Сметалық-жоба­лық құны, эскиздік жобалары жасалған. Тек бәрі қаражатқа тіреліп тұр. Бұған ауданның бюджеті жетпейді. Сондықтан республикалық, облыстық бюджеттен қаражат бөлінсе, дұрыс болар еді», дейді С.Бақытхан.

Қоянды ауылы Целиноград ауданына қарайды, ал аудан орталығы Ақмол кенті бұл жерден 70 шақырым жерде. Дәлірек айтсақ, Астананың арғы бетінде орналасқан. Сондықтан қоян­дылық­тар полиция, сот, т.б. салалардағы мемле­кеттік қызметтерді алу үшін бір күн уақытын жоғалтып, аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Бұл онсыз да тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан ауыл халқы үшін қолайсыз. Осы орайда тұрғындар тарапынан Қояндыны Целиноград ауданы құрамынан шы­ғарып, дербес аудан құрып, соның орталығы қылу мәселесі де көтеріліп жатыр. Олардың айтуынша, қазір бұл елді мекен қай қырынан алса да, аудан орталығы болуға әбден лайық.

Біз ауыл тұрғыны Бекен Ысқақовпен бірауыз тілдескен едік. Ол осы жерде 2008 жылдан бері тұрады екен. Айтуынша, ауылдың 18 жыл бұрынғы ауқымы мен қазіргі ахуалды салыстыруға келмейді. Ол уақытта бүгінгідей ерсілі-қарсылы көлігі жүйткіген автобан жоқ. Қоянды шамдары сығырайған шағын қыстақ секілді болатын. Қазір құлашын кеңге жайған сәулетті елді мекенге айналып үлгерген.

«Бірақ бізде әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Өйткені қоныстанушылар санының көптігі ауылдың әлеуметтік-инфрақұрылымдық жағдайына салмақ салып тұр. Ауыл әкімі бейресми санақ бойынша 40 мың адам деп отыр. Ал шын мәнінде бізде тұратын адамдардың саны қазір 50–60 мыңнан да асып кетті. Еліміздегі көптеген ауданның өзін­де мұндай халық жоқ. Егер әлеу­мет­тік-инфрақұрылымдық мәселені жедел­детіп шешпесек, бұл ауыл өміріне ауырт­пашылық туғызып жатыр. Бұл ауыл­ға басқа шағын елді мекендер секіл­ді қарауға болмайды. Осы орайда, Қоян­дыға қала типтес кент мәртебесін беру немесе жаңа аудан құрып, соның орта­лығы ету туралы бастама көтеріп келеміз. Целиноград ауданының біз жақ бетінде Қызылсуат, Софиевка секілді 3–4 ауыл бар. Солардың басын құрап, бір аудан қыл­са, Қояндыны аудан орталығы етіп бекітсе, бөлінетін қаражат көлемі ұлға­йып, аталған мәселелердің шешімі табылар еді», дейді Б.Ысқақов.

Ауыл тұрғынының айтуынша, егер осы жерде полиция бөлімі, сот, ха­лыққа қызмет көрсету орталығы, мәде­ниет, білім бөлімдері ашылса, бұл ауыл­дастарының аудан орталығы мен облыс орталығына сабылуына тосқауыл қояр еді. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын Целиноград ауданына қараған Қосшы ­ауылына қала мәртебесі берілгенін мысалға келтірді. Ауыл белсенділерінің тілегі – Қояндыға қатысты да осындай шешімнің қабылдануы.

Шын мәнінде, бүгінде Қоянды – Астананың іргесіндегі қарапайым ауыл ғана емес, елордамен бірге өсіп, өркендеп келе жатқан үлкен елді мекен. Прези­дент айтқандай, Астананың халық саны кейін­гі бір жылда 100 мың адамға артқаны белгілі. Елордамызға түсіп отырған осы­­нау жүктемені қаланың айналасынан орын тепкен, үлкен агломерацияға кіре­тін елді мекендер бірлесіп көтермесе болмайды. Қоянды осы жүктің бір шетін көтеруге әбден қауқарлы. Халқы­ның көпшілігі – жастар. Бүгінгі көші-қон бары­сына қарап, ауыл іргесі бұдан да кеңейе беретіні талас тудырмайды. Ал оған өзге шағын ауылдар секілді қарап, қаражат бөлінетін болса, жергілікті тұр­ғындар айтып отырған мәселелердің бүгін-ертең шешімін таба қоюы екіталай. 

Соңғы жаңалықтар

Бүгін – Ұлттық ұлан күні

Әскер • Бүгін, 10:43

Жасанды интеллект құрылысқа жат емес

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:55