Біреу оны ғылымға қаржы ретінде салады, тағы біреуі өнерге жұмсайды, енді біреуі туған-туысы мен отбасының қажетін өтеуге береді. 1 миллион доллардан асатын жүлде қаржысына тіпті кейбіреуі үлкен үй сатып алыпты. Ұлы физик Альберт Эйнштейн Нобель сыйлығын аларынан екі жыл бұрын – 1919 жылы-ақ оның ақшасын бұрынғы зайыбы Милева Маричке беруге уәде етіпті. Сыйлық қаржысы қолына түскеннен кейін ғалым берген уәдесінде тұрды. Ал ирландиялық қаламгер Сэмюэл Беккет (1969 жылғы сыйлық иегері) жүлде қаржысын достарына таратып берген. Достықты биік бағалаған кісінің іс-әрекеті де осылай болатын шығар.
Ал ғылым саласы бойынша Нобель алған көптеген ғалым сыйлық ақшасын ғылым мен қоғам игілігіне жұмсауды жөн көріпті. Америкалық нейробиолог Пол Грингард анасының құрметіне Пёрл Мейстер Грингард атындағы жүлде қорын құрған. Ол биомедициналық зерттеулер саласындағы әйел ғалымдарды марапаттауға бағытталған. Сонымен бірге неміс биологі Кристиан Нюсляйн-Фольхард бала күтімі мен тұрмыстық көмек үшін әйел ғалымдарға грант беретін орталық ашқан. Америкалық космолог Джон Мазер астрономия және космология саласындағы студенттерге арналған стипендия бағдарламасын әзірлеген.
Аталған үлкен марапатты иеленген қаламгерлер сыйлық ақшасын қайда жұмсағаны туралы айталық. Альбер Камю Францияның бір бұрышынан жайлы үй алып, шығармашылықпен айналысыпты. Ал Юджин О’Нилдің Калифорнияда шығыс стиліндегі шығармашылық үй салдырғанын білдік. Осылайша, Нобель сыйлығының қаржысы иегерінің қалауына сай кәдеге жарайды.