Аймақтар • 09 Қаңтар, 2026

Ерлі-зайыптыны кім өлтірген?

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылындағы бір отбасынан төрт адам із-түзсіз жоғалып кетті. Олардың нақты қай күні жоғалғаны жөнінде дерек жоқ.

Ерлі-зайыптыны кім өлтірген?

Сурет: azattyq-ruhy.kz

Облыстық полиция де­партаментінің бас­пасөз қызметінен мәлім еткендей, былтырғы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны ағасының отбасы жоғалуына байланысты шағым түсірген. Алайда жоғалған жандарды іздестіру ісі былтырғы 29 желтоқсанда тіркелген.

Жоғалғандар – ерлі-зайып­ты, олардың қызы мен ұлы. Отағасы Мақсот Қарабалин – 1959, әйелі Нәсіп Өтешқалиева 1961 жылы өмірге келген. Ерлі-зайыптының 1990 жылғы қызы Мирамгүл мен 1993 жылы туған ұлы Наурыздың үшінші топтағы мүгедектігі бар.

Департамент басшысының орынбасары Құттыбай Сады­қов­тың айтуынша, ел аумағындағы емделу орындары тексеріліп жатыр. Төрт адамның телефон нөмірі Шымкент қаласының аумағында байланысқа қосылған. Бірақ төртеуі де еліміздің шекарасынан тысқары шықпаған.

«Із-түзсіз жоғалған төрт адам­ның тұрмыстық жағдайы орташа болған. Оларға ай сайы­н зейнетақы мен жәрдемақы түсіп тұрған. Қар­жылық мәселе туын­дамаған», дейді Қ.Садықов.

Оның пікірінше, оларды ешкім бопсаламаған. Ерлі-зайыптылар мал ұстағанымен, сырт көз қы­зығатын бай-бақуатты емес. Бұл отбасының қызы мен күйеу баласы да іздестіріліп жатыр. Олар қарашада Махамбет ауданының Махамбет ауылындағы үйінен шығып кеткені анықталыпты.

«Күйеу баласының туыстарынан арыз түскен жоқ. Ол бес баласын анасына тастап, әйелін емдетуге алып кеткен. Олардың Түркістан облысындағы Қапланбек шекара бекетінен Өзбекстанға өтіп, одан әрі басқа елге кеткені белгілі болып отыр», деді Қ.Садықов.

Төрт адамның хабар-ошарсыз кеткені жұртшылықты алаң­датты. Бәрі де олардың ыс­тық ұясына аман оралуын тіледі. Алайда сейсенбіде ерлі-зайып­тының мүрдесі табылды. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрхат Оразбаев растады.

«Аталған дерекке қатысты адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің жеке басы анықталды. Қазір күдіктілерді табу, ұстау мақсатында тиісті жедел-іздестіру іс-шаралары жүр­гізіліп жатыр», деп мәлімдеді Н.Оразбаев.

Оның айтуына қарағанда, жоғалғандардың екеуі әлі та­был­­ған жоқ. Олардың жүрген жерін анықтауға қатысты іздестіру жал­ғаса береді.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар