Олимпиада • 09 Қаңтар, 2026

Әзірге 23 жолдама бар

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Италияның Милан, Кортина д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпия ойындарының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Доданың дүбірі естілген сайын жанкүйерлерден де маза кетті. Дәп қазір оларды «Қоржынымызда қанша жолдама бар?» деген сауалдың толғандыратыны анық.

Әзірге 23 жолдама бар

Осы күнге дейін еліміздің спортшылары 23 жолдамаға ие болды. Алғашқы лицензияларды мәнерлеп сырғанаушылар жеңіп алды. Былтырғы жылдың көктемінде АҚШ-тың Бостон қаласында жалауы желбірген әлем чемпионатында Михайл Шайдоров өрелі өнерімен төрткүл дүниенің тамсандырып, күміс медальді иеленді. Сөйтіп, алғашқы жолдама уысымызға түсті. София Самоделкина бұл жарысты 14-орынмен қорытындылады. Осы нәтиженің өзі жерлесімізге Апеннин түбегіне аттануға жеткілікті болды.

Әлем кубогі кезеңінде отандық шорт-трекшілер табысты өнер көрсетіп жүр. Соның нәтижесінде еліміздің төрт спортшысы сайыстың тоғыз түрінен күш сынасуға мүмкіндік алды. Олар – Денис Никиша (500, 1000 метр, аралас эстафета), Абзал Әжғалиев (500 метр, аралас эстафета), Ольга Тихонова (500, 1000, 1500 метр, аралас эстафета), Яна Хан (500, 1500 метр, аралас эстафета). Конькишілердің қоржынында 11 жолдама бар. Ерлер 500 метрлік қашықтықта сынға түседі. Әйелдердің түрлі қашықтықтарда жеңіп алған лицензиялар саны мынадай: 500 метр – 2, 1000 метр – 2, 1500 метр – 2, 3000 метр – 2, 5000 метр – 1, масс-старт – 1, командалық із кесу жарысы – 1 жолдама. Бұл ретте Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Марина Ильященконың бағы жанды.

Алдағы уақытта тағы бірнеше спорт түрінен іріктеу турнирлері өтеді. Сол жарыстарда құрама қоржыны тағы бірнеше лицензиямен толығады деген үміт бар. Жалпы, Туризм және спорт министрлігінің алға қойған жоспары – 35 жолдама олжалау.

Соңғы жаңалықтар