Шаруашылық • 09 Қаңтар, 2026

Бітік шыққан егін – еселі еңбектің нәтижесі

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында өткен жылы ауыл шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болғанын, астық пен ұн экс­пор­ты рекордтық деңгейге жеткенін айрықша атап өтті. Расымен де былтыр елі­мізде бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемде астық жиналды. 16 млн гектар алқап­­тан гек­тарына орташа 17 центнер өнім алынып, қамбаға 27 млн тонна астық құйылды.

Бітік шыққан егін – еселі еңбектің нәтижесі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Егіс алқабындағы молшылық

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруа­шылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі.

Былтыр бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидай егісі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, озық агротехнологиялардың арқасында өнім көлемі төмендемей, керісінше өскен. Бұған қоса 4 млн тоннаға жуық арпа жиналды. Алғаш рет бұршақ дақылдары түсімі 1 млн тоннаға жетсе, майлы дақылдардан рекордтық 4,3 млн тонна өнім алынды. Сондай-ақ 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс пен 2,6 млн тонна бақша дақылдары өндірілді.

Мақтаны тамшылатып суару технология­сын қолданған шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды. Орташа өнімділік 30 ц/га деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға көп. 

«Былтырғы дерекке қарасақ, 26,5 млн тонна астық бастырылған екен. Атап өтерлігі, өсімдік шаруашылығын­дағы өндіріс көлемі 21,1%-ға, ал мал ша­руашылығында 3,2%-ға артты. Осы өсім ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 13,7%-ға ұлғайтып, оның көлемі 8,3 трлн теңгеге жеткен еді. Ал биылғы мәліметтерге қарап, саладағы даму үрді­сіне көңілің толады», дейді экономист С.Жобаев.

 

Мал шаруашылығындағы тұрақты өсім

Президент сұхбатында мал шаруа­шылығын дамыту керектігіне тоқтал­ды. «2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға ­дейін өседі. Соған сәйкес оның импорты 27 млн тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе Азия елдеріне ет шыға­ратын ірі экспорттаушыға айналатын мүм­кіндігі бар. Сондықтан былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбек­керлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды», деді Қ.Тоқаев.

а

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жалпы, елімізде кейінгі 11 айдың қоры­тындысында мал шаруашылығы саласында тұрақты өсім сақталғанын байқауға болады. Еттің барлық түрі­нен 1 млн тоннадан астам өнім өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 па­йыз­ға жоғары болды. Ірі қара мал саны 2,7 пайызға артып, 8,3 млн басқа жет­ті. Төл алу да айтарлықтай өсті, 2,8 млн­ бұзау тіркеліп, былтырғыдан 17,8%-ға көп. Жылқы саны 6,9%-ға кө­бейіп, 4,4 млн басты құрады, ал құлын саны 1 млн-ға жетті. Түйеде де өсім бар, оның саны 300 мың басқа, бота саны ­53,8 мыңға жетті.

«Сиыр еті – 358,8 мың тонна, қой еті – 111,8 мың тонна, жылқы еті – 146,8 мың тонна, құс еті 337,1 мың тонна көлемін­де өндірілді. Бұған қоса сүт өндірісі 3 491 мың тоннаға жетіп, 5%-ға артса, жұмыртқа өндірісі 4,1 млрд данадан асқан. Мал шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 103,5%-ды құрап, өндірілген өнімнің ақшалай көлемі 3,3 трлн теңгеге жетті. Бұл – саладағы жүйелі дамудың әрі аграрлық сектордың ел экономикасына қосып отырған үлесінің айқын дәлелі», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

 

Фермер өніміне қолдау бар

19 желтоқсаннан бастап Азық-түлік корпорациясы дәнді, майлы дақылдарды тікелей сатып алу бағдарламасын іске қосты. Бұл тетік форвардтық қаржылан­дырудан кейінгі аграршыны қолдаудың ең сұранысқа ие құралының бірі саналады әрі ауыл шаруашылығы өнімін әділ бағада кепілді өткізуге мүмкіндік береді.

Биыл сатып алынатын дақылдардың тізбесі кеңейтілді. Бидай, арпамен қатар, күнбағыс, майлы зығыр мен қарақұмық та қабылданады. Ескере кететіні, бір ауыл шаруашылығы өндірушісінен бар­лық дақыл түрі бойынша жиынтық көлемде 3 мың тоннадан артық өнім алынбайды. «Неге 3-ақ мың тонна?» деген сұрағымызға корпорацияның басқарушы директоры Сағат Төлеу: «3 мың тонна­­лық шектеудің қойылуы, шағын және орта фермердің барынша көбі қатысуына мүмкіндік беру мақсатында жасалды. Тиімді шаралар шағын және орта фермерлерге бағытталған», деп жауап берді.

Тікелей сатып алу бағдарламасына қатысуға өтінім корпорацияның өңір­лік өкілдіктерінде қабылданады. «Тікелей сатып алу 4 күннен бері жүріп жатыр. 24 желтоқсандағы жағдай бойынша диқан­дар 22 мың тоннадан астам астық тапсырды», деген Сағат Төлеу азық-түлік өнімдерін қабылдау жұмысы күн сайын қарқын алып келе жатқанын айтты.

Былтыр «Ауыл» партиясы да Мәжілісте аграрлық сектордың мүддесін қорғауға әрі ауылдың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс жүр­гізді. Су кодексіне енгізілген өзге­ріс­тер бойынша фермерлерге еріген қар суын 2 млн текше метрге дейін арнайы рұқсатсыз жинауға мүмкіндік берілді, бұл құрғақшылыққа бейім өңірлер үшін маңызды. Салық жеңілдіктері де артты. Саладағы өнім өндірушілерге қосылған құн салығы 80 пайызға дейін төмендетіл­ді, бұл өндірісті кеңейтуге әрі жаңа техно­логия енгізуге жағдай жасайды.

Балық шаруашылығы да назардан тыс қалмады. «Акваөсіру туралы» заңға түзетулер енгізіліп, субсидиялардың ашық бөлінуі мен монополияға жол бермеу қамтамасыз етілді. Партияның бастамасымен аграрлық банк құру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұқым шаруашылығын дамыту, топы­рақ құнарлылығын сақтау сияқты ұзақ­мерзімді жобалар ілгерілетілді.

«Депутаттық сауалдар арқылы өңір­лердегі нақты мәселелер Үкіметке жет­кізілді. Заңнамалық шешімдер мен бюд­жеттік түзетулер, өңірлермен тұрақ­ты байланыс партияның аграрлық сая­сат­тағы ұстанымының тек ұран емес, нақты іс-қимыл екенін дәлелдеді», деді Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.

Соңғы жаңалықтар