Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық істі Ішкі істер министрлігінің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы тергеп жатыр.
«Сарбаздың өліміне әкелуі мүмкін барлық себептерді және оның туыстары айтқан уәждерді тексеру үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның бақылауында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жарияланбайды», делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, 2026 жылғы 6 қаңтарда Ұлттық ұлан құрамындағы 6506 әскери бөлімде қызмет атқарған мерзімді әскери қызметшінің жүрегі тоқтаған. Дәрігерлердің өмірін сақтап қалу әрекетіне қарамастан, ол Шымкент қаласындағы ауруханада көз жұмған. Алдын ала себеп ретінде дәрігерлер «жедел лейкоз» диагнозын атаған. Бұған дейін Ұлттық ұлан сарбаздың қайғылы жағдайға дейін дәрігерлердің бақылауында болғанын және тексерулерден өткенін мәлімдеген.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әскер қатарында сарбаздардың қаза табуы мен жарақат алуына жол бермеу үшін алдын алу шараларының тиімділігін арттыруды тапсырған. Бұған қоса Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «Сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуы өркениетті елге жат үрдіс» деп айтқан еді.