Бұл көрсеткіш бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Салыстыру үшін айтсақ, 1 желтоқсанға дейін бағдарлама іске қосылғаннан бері осы санат бойынша бар болғаны 507 өтінім орындалып, 548 млн теңге төленген. Өсім қараша айында басталған. Ол кезде 236 өтінім мақұлданып, 204 млн теңге бөлінген. Ал 2025 жылдың басында радиохирургия бойынша ай сайынғы орташа көрсеткіш 10 өтінімнен аспаған.
Бірінші кредиттік бюро бұл жағдайды зейнетақы төлемдеріндегі кезекті аномалия деп бағалап отыр. Мұндай күрт өсімдер қыркүйек айында стоматологиялық қызметтерге төлем жасауға тыйым салынғаннан кейін байқала бастаған. Шектеу көптеген жалған құжаттар анықталған соң енгізілген. Бұған дейін медициналық зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігі дәл осы стоматологияға тиесілі болған.
Бұған дейін зейнетақы қорынан тіс емдеуге 200 млрд теңге заңсыз шығарылғанын жазған едік.
Тыйым салынғаннан кейін азаматтар офтальмологиялық қызметтерге жаппай өтініш бере бастаған. Қыркүйек пен қазан айларында бұл бағытта да күмәнді белсенділік тіркеліп, желтоқсанның басында көз ауруларын емдеуге арналған өтінімдер қабылдау тоқтатылды.
Қараша айында пластикалық операциялар бойынша да осындай серпіліс байқалды. Бұл бағытқа шектеулер желтоқсанның ортасынан бастап енгізіле бастады.
Нәтижесінде қазіргі таңда емделуге арналған зейнетақы төлемдерінің негіздемелері едәуір қысқарды. ПКБ мәліметінше, тізімде тек тар бейінді әрі ауыр медициналық бағыттар ғана қалды.
Атап айтқанда, радиохирургиядан бөлек, орфандық ауруларды емдеу, радионуклидті және радиойодтерапия, сондай-ақ протонды терапия қарастырылған. Желтоқсан айында бұл санаттар бойынша да өсім байқалғанымен, әзірге өтінімдер саны жүздеп не мыңдап есептелмейді.
Еске салайық, 2026 жылы зейнетақы жинағының жеткілікті шегі орта есеппен 10 пайызға өсті.