Қоғам • Кеше

Шетел жұмысшылары қай салада көп?

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл соңындағы деректерге сүйенсек, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен ел аумағында 14 103 шетел азаматы еңбек етеді екен. Оның ішінде басшылық қызметтен бастап, маусымдық жұмысқа тартылғандар бір қауым.

Шетел жұмысшылары қай салада көп?

Шетелден жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттар өз алдына бірнеше санатқа бөлінеді. Мысалы, жоғарыдағы тізімнің ішінде басшылар мен олардың орынбасарларына 537 рұқсат берілген. Бұл – бірінші санат. Екінші санат бо­йынша, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына 2 244 рұқсат беріліпті. Тартылған шетел жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші, төртінші санаттарға тиесілі. Мұнда мамандарға, білікті жұмысшылар санатындағыларға рұқсат беріледі. Нақты санды айтсақ, мамандардың үлесі – 3 784, білікті жұмысшылар – 1 271 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 299 адам, корпоративтік ауыстыру аясында 3 970 адам тартылған.

Ресми ақпаратқа үңілсек, елімізде нақ қазір шетел жұмыс күшін пайдаланатын
1 817 жұмыс беруші бар. Олардың қанатының астында шетелдіктерден бөлек, 334,4 мыңнан астам өзіміздің ел азаматы жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз, жалпы қызметкерлер санының 96%-на пара-пар. Осыған қарап, салыстырмалы түрде шетел жұмысшыларының үлесі бізде аз деп айтуға болады.

Қызмет түрлері жөнінен құрылыс саласында шетелдіктер көп. Құрылыста 4 993 шетел азаматы жұмыс істесе, ауыл, орман, балық шаруашылығында – 2 316 адам, тау-кен өнеркәсібі, карьерлерді қазу бағытында – 1 235 адам, өңдеу өнеркәсібінде 1 155 адам еңбек етеді. Еңбек мигранттары келетін негізгі елдердің көшін Қытай бастап тұр. Көрші елден 5 604 адам ресми жұмыс істеуге келсе, Өзбекстаннан – 2 110 адам, Түркиядан – 1 036 адам, Үндістаннан – 943 адам келген.

Көпшілік біле бермес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота бөледі. Былтыр жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде, 14,8 мың бірлік болып белгіленген. Наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен көлем 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайған. Тамызда маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін іске асыратын кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25%, 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленіпті. Бүгінде өңірлердің қажеттілігін ескере отырып, бұл квота 16,7 мың бірлікке дейін қысқарып отыр.

Соңғы жаңалықтар