Айбын • 10 Қаңтар, 2026

Отаншылдықтың өлшемі

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін – Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның құрылған күні. Осыдан тура 34 жыл бұрын Президент Жарлығымен Ішкі әскерлер жасақталған еді. 2014 жылдың сәуір айында Ұлттық ұлан болып қайта құрылып, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында мүлтіксіз қызмет атқарып келеді. Бұл құрылым ІІМ-не бағынышты болғанымен, ішкі тұрақтылықты қадағалайтын құқық қорғау саласындағы функциялары бар әскери ведомство саналады.

Отаншылдықтың өлшемі

Бүгінде Ұлттық ұлан өзге де салалар секілді жаңа заман талаптарына бейімделіп, жаңғыру кезеңін бастап өткеріп жатыр. Соның ішінде Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде» атты Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтарды іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыс көп. Атап айтқанда, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «NitecAI» платформасы орнатылып, әскерлерді басқару орталығын Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу қамтамасыз етілді. Бұл жүйе «Сергек» және өзге де мемлекеттік бейнебақылау ресурстарымен біріктірілген.

Еліміздің Әскери доктринасы қорғаныстық сипатта болғанымен, әскерлер кез келген заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеурінге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Ұлт­тық ұланда авиацияны дамыту, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді жетілдіру, сондай-ақ әскерлерді заманауи көліктік бронды-танк техникасымен және қару-жарақ үлгілерімен жарақтандыру басым бағыттар ретінде айқындалған.

«Бүгінде әскер күш­тері әуе кемелерімен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 2025–2029 жылдарға арнал­ған ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту жоспары бекітіліп, Ұлттық ұлан академиясында болашақ офицерлерді даярлау үшін ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша оқу циклі енгізілді. Ал елордамызда қатардағы және сержанттық құрамға арналған ҰҰА мамандарын даярлау сыныбы жабдықталды. Алматы қаласы маңындағы жауынгерлік және әдістемелік даярлық орта­лығында осы бағыт бойынша мамандарды курстық даярлау басталды», дейді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кеңесшісі, майор Әлібек Әбділов.

Оның айтуынша, қазір әскери қызметшілерді даярлау­да жаңа технологиялар мен оқыту әдістері енгізіліп жатыр. Әртүрлі оқу-жаттығу­лар барысында, оның ішінде халықаралық жаттығуларда алғаш рет «FPV» ұшқышсыз авиациялық жүйелері және отандық өндірістегі әртүрлі мақсаттағы соққы беретін дрондар қолданылған.

Сонымен қатар майор Ә.Әбділов «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету – мемлекеттің стратегиялық міндеті саналатынын, осыған орай Ұлттық ұланға артылған міндет – ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамта­масыз ету, сондай-ақ қылмыс­тық атқару жүйесі мекеме­лерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қада­ға­лауды жүзеге асыру екенін айтты.

«Былтыр құқықтық тәртіп әскерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында 17 мың құқық бұзушыны ұстап, ішкі істер органдарына жеткіз­ді, олардың 687-де қыл­мыс белгілері анықталды. Жауын­герлік қызметті атқару кезінде 308 суық қару мен оқ-дәрі және жалпы салмағы үш килодан асатын есірткі тәркіленді. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан қарауылдары қылмыстық атқару жүйесінің 39 мекемесі мен 1 өндірістік нысанды күзетеді. Былтыр ұландықтар ішкі тыйым салынған аймаққа өтуге талпынған 7 сотталған адамның жолын кесіп, негізгі қоршау арқылы тыйым салын­ған заттарды өткізудің 123 факті­сінің алдын алды», деді ол.

Жыл сайын Ұлттық ұлан қатарына шамамен 14 мың жас шақырылады екен. Әскердің негізгі тірегі – офицерлік құрам, ал міндеттердің басым бөлігін келісімшарт бойынша әскери қызметшілер атқарады. Аталған санаттардың әрқайсысымен тәр­бие жұмысын жүргізу белгілі бір жү­йелілікті, құрылымды және жеке көзқарасты талап етеді. «Әс­кери қызметшілердің мо­­ра­ль­дық-психологиялық ах­уа­лына тікелей әсер ететін тәр­­бие, психологиялық және әлеу­мет­тік-құқықтық жұмысты ұйым­дастыру мен жүргізудің тиім­ділігіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы әскерлер­де тәрбие жұмыстарының кешені 2022–2025 жылдарға арналған «Өмірді сақта» бағдарламасын іске асыру және Ішкі істер министрлігі жариялаған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы: Заң мен тәртіп күзетін­де» аясында өткізілді. Қазіргі уақытта Қарулы күштерде, басқа да әскери құралымдарда 2025–2028 жылдарға арналған «Армиядағы заң мен тәртіп», «Цифрлық алдын алу шаралары» сияқты ведомствоаралық бағдарламалар іске асырылып жатыр», дейді Бас қолбасшының кеңесшісі.

Майор Ә.Әбділов қоғамда көп талқыланатын әскердегі әлім­жеттік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жеке құрамға бақылау жүргізу және ішкі ережелердің бұзылуына жол бермеу мақсатында бейнебақылау камераларының санын арттыру жұмыстары жалғасып келеді. Бүгінгі таңда әскери қалашықтар аумағында, казармаларда, қару-жарақ қоймаларында, асханаларда, тұрмыстық қызмет көрсету орындарында, тәулік бойғы кезекшілік пункттері мен қарауылдарда 5 мыңнан аса бейнекамера орнатылған. Олардың жұмысы – әскери бөлім командирлерінің, жедел кезекшілердің және әске­ри полицияның тұрақты бақы­лауында. Камералар жеке құ­рам­­ды нақты уақыт режімінде қада­ға­лауға мүмкіндік береді екен, яғни қажет болған жағдайда жаз­­б­аларды қайта қарап, заң бұзу­­ш­ы­лықтар мен жарақат алу факті­­лерін анықтауға мүмкіндік береді.

«Бұл шаралар өз жемісін беріп жатыр. Былтар әскерлерде топтық құқық бұзушылықтарға және мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілердің өміріне қауіп төнген жағдайдар болған жоқ», деді ол.

Ә.Әбділов мемлекет тара­пынан мерзімді әскери қыз­метшілерге және олардың қызмет өту кезіндегі қызығу­шылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін, соның ішінде «Несиелік демалыстар» мен үздік сарбаздарға білім грантын ұсыну мүмкіндіктері жайында айтты.

«Мерзім 2.0» бағдарламасы еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлесіп 2023 жылдан бастап іске асырылып жатыр. 2025 жылдың өзінде Ұлттық ұлан сарбаздарына еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға шамамен 1 300 грант берілді. Құқықтық тәртіп әскерлеріндегі төрт мыңға жуық мерзімді қызмет сарбазының ішінен жауынгерлік даярлықта озық көрсеткішке қол жеткізген үздіктер жеңімпаз атанып, оларға оқу сертификаттары табысталды», деді ол.

Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Патриот болу – ел мен отбасының игілігі үшін аянбай еңбек ету», дегені белгілі. Бұл әсіресе әскери қызметшілер үшін айрықша маңызды сөз. Өйткені әрбір сарбаз ел үшін қызмет етеді, ол – елінің нағыз патриоты. Ұландық сарбаздар да Отан үшін отқа да түсуге болатынын өз ісімен дәлелдеп келеді. 

Соңғы жаңалықтар