Сұхбат • 11 Қаңтар, 2026

Қазақстан – диалог пен теңгерімді дипломатияны таңдаған «орта держава»

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Саясаттанушы Таир Нигманов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың телефон арқылы сөйлесуінің саяси мәнін, Қазақстанның Таяу Шығыс қақтығысына қатысты ұстанымын, сондай-ақ еліміздің халықаралық аренадағы «орта держава» ретіндегі рөлін талдап береді.

Қазақстан – диалог пен теңгерімді дипломатияны таңдаған «орта держава»

– Израиль тарапының бастамасымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасында телефон арқылы сөйлесу өтті. Бұл сигналды Израильдің сыртқы саяси күн тәртібінде және өңірлік контекстте Қазақстанның қабылдануы тұрғысынан қалай бағалайсыз?

– Ең алдымен, Қазақстан кез келген қақтығыста дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайтын ұстанымын жүйелі түрде ұстанып келе жатқанын атап өткен жөн. Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс та бұл көзқарасқа толық сай келеді. Қазақстан бірнеше ондаған жылдарға созылып келе жатқан бұл жанжалды шешудің жалғыз нақты жолы – екі мемлекет қағидатын іске асыру деп есептейді. Осы саясат аясында, яғни диалог пен бейбітшілікті қолдау шеңберінде Қазақстан бір жағынан екіжақты қатынастарды дамытып, екінші жағынан қақтығыстың екі тарапымен де кемінде диалогты сақтауға тырысады. Біз Израильмен дипломатиялық қатынастарды қолдаймыз, екі елде де елшіліктер ашылып, жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ Қазақстан қазан айында болған шабуылды террористік акт деп бағалады, бұл – қисынды әрі дәйекті ұстаным. Сонымен қатар Қазақстан Израильдің кейбір әрекеттерінің теріс салдары болуы мүмкін екеніне де назар аударып келеді. Мәселен, еліміз Израильдің Қатардың егемен аумағына жасаған соққыларын және басқа да бірқатар әрекетін сынға алды. Осыған параллель түрде, өткен жылдың екінші жартысында, нақтырақ айтқанда төртінші тоқсанда, Қазақстан Президенті мен Палестина ұлттық әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббас арасында да телефон арқылы сөйлесу болғанын атап өткен жөн. Осылайша, Қазақстанның сыртқы саясатының жалпы тұжырымдамасы мен дипломатиялық реттеуді дәйекті қолдау аясында Израиль Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесу Израиль тарапының бастамасымен өтті. Біріншіден, Израиль тарапы Мемлекет басшысымен байланыс орнатуға ниет білдірді, екіншіден, Қазақстан бұл бастамаға оң жауап беріп, кез келген тараппен – ешбір ерекшеліксіз – диалогқа әрдайым ашық екенін көрсетті.

– Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы көпжылдық әрі көпқырлы ынтымақтастықтың біртіндеп дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде бұл серіктестік қай салаларда стратегиялық сипатқа ие бола бастады?

– Израиль мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды аса тығыз әрі терең деп айту қиын. Дегенмен, Израиль Қазақстан азаматтары үшін туристік бағыт ретінде белгілі бір қызығушылық тудырады. Сонымен қатар Израиль жоғары технологиялар саласында, әсіресе ауыл шаруашылығы мен медицина бағытында әлемдік көшбасшылардың бірі екені баршаға мәлім. Сонымен бірге географиялық алшақтық екіжақты ынтымақтастықты кеңінен дамытуға белгілі бір шектеулер мен объективті кедергілер туғызады. Израиль тарапы Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылғаны үшін ризашылығын білдірді. Бұл – мен жоғарыда айтқан дипломатиялық реттеудің нақты көрінісі. Авраам келісімдері – Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінің соңында ұсынылған дипломатиялық бастама. Ол Израиль мен бірқатар араб елдері, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері, Марокко және өзге де мемлекеттер арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруді көздеді. Қазақстанның бұл келісімдерге қосылуы еліміздің тек Палестина мен Израиль арасындағы емес, жалпы Израиль мен араб әлемі арасындағы диалогты да қолдайтынын білдіреді. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық қайшылықтарды шешуде дипломатиялық әдістерді таңдауды ұстанатынының айқын белгісі.

– Қазақстан дәстүрлі түрде байыпты әрі прагматикалық сыртқы саясат жүргізіп келеді. Осындай тәсіл Астананың халықаралық диалог бастамаларына шынайы түрде кірігуіне қаншалықты мүмкіндік берді?

– Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты нақты нәтижелер беріп отыр. Тіпті саясатқа терең бойламаған кез келген адам байқай алатын жайт – Қазақстан әлемнің барлық дерлік елдерімен жақсы қарым-қатынас орнатқан мемлекет. Қазақстан Президенті кез келген әлемдік көшбасшымен байланыс орната алады, басқа мемлекеттер де елімізбен диалогты сақтауға мүдделі. Бүгінде әлем күрделі геосаяси дауыл кезеңін бастан өткеріп отыр, мемлекеттер біртіндеп қарсы лагерьлерге бөлініп жатыр. Әскери-саяси блоктар нақты қалыптаспаса да, мұндай бөліністің бар екені анық. Осы жағдайда Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты мен баршаға ашық ұстанымы еліміздің, біріншіден, жаһандық қарсыластықтың бір бөлігіне айналмауына мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан аумағы әлі де бейбітшілік пен тұрақтылық аймағы болып қала береді. Ал әлемнің басқа бөліктерінде мемлекеттердің аумақтары ірі ойыншылар арасындағы текетірес алаңына айналып, қарапайым халық соғыстар мен қақтығыстардың зардабын тартып отыр.

– Тараптар жоғары деңгейдегі сапарларды қоса алғанда, белсенді байланыстарды жалғастыруға келісті. Бұл символикадан нақты іске көшу үшін қаншалықты маңызды?

– Израиль – жоғары технологиялары дамыған мемлекет. Ал Қазақстан бұған объективті түрде мұқтаж. Ел экономикасында құрылымдық мәселелер бар екені белгілі, сондықтан заманауи технологияларды экономиканың және қоғамдық өмірдің барлық салаларына тарту қажет. Осы тұрғыдан алғанда Израиль Қазақстан үшін өте қызықты әрі перспективалы серіктес бола алады. Екі ел арасында өзара тиімді әрі прагматикалық ынтымақтастыққа негіз болатын нақты мүдделер мен түйісу нүктелері бар.

– Жалпы алғанда, Президент Тоқаев пен Қазақстанның «орта держава» бейнесін қалыптастырудағы рөлін қалай бағалайсыз?

– Қазақстан ілгерілетіп отырған «орта державалар» туралы нарративтің басты идеясы, әлем тек геосаяси алыптармен ғана шектелмейді. Әскери және саяси қуаты зор, ядролық қаруға ие ірі державалар кейде халықаралық құқық нормаларын бұзуға жол береді. Ал мұндай текетірестің салдарын көбіне орта және дамушы елдер тартады. Қақтығыстар ірі ойыншылар арасында жүреді, бірақ оның зардабы өзгелерге тиеді. Мұндай жағдайда тиімді жол – дипломатиялық деңгейде күш біріктіру және кооперация. Орта державалар үнсіз бақылаушы емес, халықаралық диалогтың толыққанды қатысушылары екенін және олардың пікірі ескерілуі тиіс екенін үнемі айтып отыру қажет. Алайда бұған тек ұжымдық әрекет пен үйлестірілген саясат арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бұл ұстаным Қазақстанның өзге де «геосаяси алып» емес мемлекеттермен кездесулерінде жиі айтылады. Соңғы мысал ретінде Вьетнам басшысының сапарын атауға болады. Вьетнам, Оңтүстік Корея, Түркия секілді елдер халықаралық үдерістерге нақты ықпал ете алатын әлеуетке ие және өңірлік күн тәртібінде маңызды рөл атқарып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Өлең құрастыратын кітап

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50

ChatGPT-дің жаңа сүзгісі

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:40

Жетісу мәдениеті жандана түсті

Аймақтар • Бүгін, 08:35

Өнер ордаларының өрісі

Саясат • Бүгін, 08:32