Саясат • 13 Қаңтар, 2026

Жергілікті кәсіпкерлер ұсынысы назарға алынады

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары еліміздің ауыл-аймақтарын аралап, тұрғындармен кездесу өткізіп жатыр. Бұл жолы халық қалаулылары Атырау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесіп, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.

Жергілікті кәсіпкерлер ұсынысы назарға алынады

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

«Amanat» партиясы фракция­сы­ның мүшелері Қайрат Бала­биев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырық­баев, Нұрсұлтан Байтілесов, Ерлан Әбдиев Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округі «Бадам» индустриалды аймағындағы «Central Asia Aluminium Company» ЖШС жұмысымен танысты. Алюминий профильдерін өндіретін бұл кәсіп­орында 200 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылған. Жобаның алғашқы кезеңінде 4,4 млрд теңге инвестиция салынған зауыт өнімінің басым бөлігі экспортқа шығарыла­ды. Депутаттар бұл өндіріс орны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық өнім көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экспортқа бағдарланған өнді­ріс­терді қолдау жөніндегі тапсыр­маларының нақты жүзеге асуы екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мәжіліс депу­тат­­тары өңірдің аграрлық әлеуетін дамыту мәселесіне де назар аударды. Бұл бағытта қабыл­­данып жат­қан заңнамалық және инс­титу­цио­нал­дық шаралар пар­тияның сайлауалды бағдарла­масында да нақты көрініс тауып отырғанын жеткізді.

– Өндіріс пен ауыл шаруашы­лығы­ның қатар дамытудың маңы­зы зор. Парламент тарапынан инвесторларға қолайлы заңна­ма­лық орта қалыптастыру, отан­дық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттыру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады, – деді депутат Т.Қырықбаев.

Жұмыс сапары барысында де­путаттар жуырда Шұбарсу ауылын­да пайдалануға берілген 600 орындық «Парасат» жалпы білім беру мектебіне де барды. Былтыр желтоқсанда ашылған үш қабатты білім ордасы 50 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың жүктемесін азайтып, білім сапасын арттыруға септеседі. Әрі мұнда 70-ке жуық адам тұрақты еңбек етеді.

– Білім беру инфрақұрылы­мын дамы­ту – елдің болашағына салын­ған инвестиция. Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жобалар жас ұрпақтың сапалы білім алуына және ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жоюға бағытталған, – деді депутат Қ.Балабиев.

Ал «Respublica» партиясынан сай­­ланған Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов Атырау облы­­­сын­­дағы кәсіпкерлермен кезде­­сіп, бизнестің күнделікті жұмы­­сын­да туындайтын нақты түйткіл­­дерді тыңдады. Соның бірі – металл және электротехникалық бұйым­­дар өндіретін, қарқынды дамып келе жатқан «CENTECH» компаниясы.

100 пайыз отандық кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арт­тыруға өз үлесін қосып келеді. Десек те, нысан басшысы Азамат Көкенов жергілікті кәсіпорындар үшін ірі компаниялармен бәсекеге түсу оңай емес екенін айтып қалды. Негізгі түйін ішкі нарықта отандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыруға, мемлекеттік және квазимемле­кеттік секторда өзіміздің тауарлар­ға нақты басымдық беруге, жергілік­ті кәсіпорындарға ұзақмерзімді жұмыс істеуге мүмкіндік жасайтын жүйелі тетіктерді іске қосуға келіп тіреледі. Өйткені ішкі нарықта сұраныс болмаса, кез келген қолдау уақытша ғана әсер береді.

Мәжілісмен «Дина» сауда орта­лығында жергілікті кәсіпкер­лер­мен де жүздесті. Кездесуде банктер ұсынатын несиелердің пайыздық үстемесі, тауар тасымалына қатысты енгізілген электронды тіркеу жүйесі және жол инфрақұрылымының сапасы сынды проблемалар ортаға салынды.

Өз кезегінде «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Атырау жылу электр орталығының ұжымымен кездесіп, жылу маусымында туындауы мүмкін қиындықтар мен өңірді тұрақты энергиямен қам­тамасыз ету мәселелерін талқы­лады. Кездесуде тариф тұрақ­ты­лығына, сондай-ақ азаматтардың жайлы тұрмысына тікелей әсер ететін жылу электр орталығын газбен қамтамасыз ету жұмысына баса назар аударылды.

Мұрат Әбенов, Мархабат Жайым­бетов және Мұрат Ергеш­баев Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде жергілікті «Эко такси» отандық сервисінің жұмысы­мен танысты, сондай-ақ Прези­дент­тік саябақты қайта құру барысын тексерді. Аталған жоба осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында іске қосылған еді. Мұнда әр жүргізушіге бір рейс үшін 60 теңге төленеді, ал тапсырыстың қалған сомасы оның есебіне тікелей түседі. Жүргізушілерге үйлестіруші ұйымдар арқылы жалақы мен әлеуметтік аударымдар төленеді, жұмысқа шыққандар күн сайын медициналық тексеруден өтеді. Сервистің жұмысын мемлекеттік органдар қатаң бақылауда ұстайды.

Сондай-ақ депутаттар Қызыл­ор­­да­дағы Президенттік саябақ­ты қай­та құру жұмысын бақылады. Жа­ңарту жұмыстары аяқталған соң саябақта 300 орындық балалар ла­гері, ботаникалық бақ, субұр­қақ­­­тары бар аллеялар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, workout орын­­дары, фудкорт, веложол­дар мен шағын су арналары пайда болады.

Солтүстік Қазақстан облысына барған «Amanat» партиясы фрак­ция­сының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода Петропавлдағы саңырауқұлақ фермасының тәжірибесімен танысты. Былтыр 20 желтоқсанда іске қосылған «Eco Glade» ЖШС кәсіпорны жылына 2 400 тоннаға дейін agaricus тектес саңырауқұлақ пен 4 мың тонна компост, яғни шымтезек өндіруге бағдарланған. Кәсіпорын 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Депутаттар бұл кәсіпорын өңірдің қайта өңдеу секторын дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. Жоба арнайы экономикалық аймақ­тың жеңіл­діктерін пайдалана оты­рып іске асырылуда, бұл өндіріс­ті жедел­детіп іске қосуға және инвести­циялық шы­ғындарды азайтуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ мәжілісмендер кәсіп­­орын қызметкерлеріне өңір­лер­дің дербестігін күшейтуге бағыт­­талған жаңа Бюджет және Са­лық кодекстері шеңберіндегі заң­на­малық нормалар туралы айтып берді. 

Соңғы жаңалықтар