Сурет: sportbox.ru
Алғашқы айналымда бос болған еліміздің бірінші ракеткасы одан кейін нидерландтық Ботик ван де Зандсхулп (АТР №75) пен қытайлық Шан Цзюнчэнге (№406) шаң қаптырды. Бұл бәсекелердің екеуі де екі сеттен асқан жоқ. Жартылай финалда жерлесімізге біраз тер төгуіне тура келді. Ол алғашқы сетте америкалық Маркос Гиронға (№64) есе жібергенімен, одан кейінгі сеттерді өз пайдасына шешті – 3:6, 6:4, 6:2.
Финалда Бублик әлемнің жетінші ракеткасы италиялық Лоренцо Музеттимен күш сынасты. 23 жастағы Апенин түбегінің өкілі 2024–2025 жылдар аралығында Уимблдон мен Роллан Гарроста үздік төрт ойыншының қатарына қосылған. Бірақ бұл жолы өте керемет ойнаған Александр 7:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Бубликтің спорттық мансабындағы тоғызыншы титулы. Осы табысының арқасында 250 ұпай жиып, 106 460 доллар көлемінде сыйақы алды. Сонымен қатар А.Бублик өз мансабында тұңғыш рет әлемдік рейтингте ТОП-10-дыққа енді. Оған дейін ерлер арасында еліміздің бірде-бір теннисшісі дәл осындай биік белеске көтерілген жоқ еді.
* * *
Үндістанның Бангалорында ұйымдастырылған турнирде Тимофей Скатовтың да қарқыны қуантты. Бастапқы бәсекелерде Ник Оберляйтнер (Аустрия), Леонг Мицуки Вэй Кан (Малайзия), Йонаш Форейтектен (Чехия) басым түскен отандасымыз жартылай финалда Арольд Майоны (Франция) жолынан ығыстырды. Финалда Скатов Педро Мартинеспен (Испания) кездесті. АТР рейтингінде өзінен 139 саты жоғары тұрған теннисшіге оның әлі жетпеді – 6:7, 3:6. Осы межеге жеткенінің арқасында Тимофей үздіктер тізімінде бірден 40 сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 195-орында тұр.
Аустралияның Брисбен қаласында ұйымдастырылған, жүлде қоры 1 691 602 долларды құраған турнирге еліміздің бірнеше ойыншысы қатысқаны белгілі. Солардың арасынына ең үздік көрсеткішке Анна Данилина қол жеткізді. Сербиялық Александра Круничпен жұптасып өнер көрсеткен ол жартылай финалға дейін жетті. Елена Рыбакина ширек финалда сүрінді. Жарыстың әйелдер сынында Арина Соболенко (Беларусь) бас жүлдені олжаласа, ерлер бәсекесінде Даниил Медведевтің (Ресей) мерейі үстем болды.
Жасыл құрлықтағы Аделаида деп аталатын ең көрікті қалалардың бірінде WTA 500 додасы басталды. Оның жүлде қоры 1 206 446 долларды құрайды. Іріктеу сынында екі кездесу өткізген Юлия Путинцева Тори Рассел (Аустралия) мен Мария Боузковадан (Чехия) басым түсіп, мықтылармен күш сынасу құрметіне ие болды.