Көпшілік назарында жүрген жеңіл атлеттер жайында айтар болсақ, жарыстың алғашқы күні 1500 метрге жүгіруде Нора Джеруто шашасына шаң жұқтырмады. Кениядан келген легионер бұл күндері Шығыс Қазақстан облысы атынан сынға түсіп жүр. Ол – 2022 жылғы әлем чемпионы, Гауһар лигасының алты кезеңінің, финалдық сериясының жеңімпазы. Бұл қашықтықта күміс пен қола медальды Дарья Миллер (Алматы) мен Аяна Болатбекқызы (Жетісу) иеленді. 60 метрлік сайыста Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы Ольга Сафронова (Павлодар) алдына жан салмады. 400 метрлік бәсекеде Азияның үш дүркін чемпионы Аделина Земстің (Қарағанды) бағы жанды. 1 500 метрге жүгіруде Бауыржан Райымбаевқа (Маңғыстау) тең келер ешкім табылмады.
Келесі күндер де шиеленісті бәсекелерге толы болды. 3 мың метрлік сайыста да Нора Джеруто өзінің мықтылығын дәлелдеді. Ерлер арасындағы дәл осы қашықтықта Камиль Салихов (Ұлытау) үздік шықты. 800 метрге жүгіруде Ақбаян Нұрмәмет алдына жан салмады. Осылайша, Жетісу облысынан келген ару аталған жарыста алтыншы рет бас жүлдені олжалады. Сондай-ақ жеңімпаздар қатарында Алмат Төлебаев (60 метр, Алматы), Эльнор Мухитдинов (400 метр, ШҚО), Алина Чистякова, Алина Чистякова (ұзындыққа секіру, Қарағанды), Ирина Конишева (ядро лақтыру, Алматы), Антон Боднар (биіктікке секіру, Түркістан), Никита Изотов (800 метр, СҚО), Иван Товченик (сырықпен секіру, Алматы), Мария Ефремова (үш қарғып секіру, Қарағанды), Зелимхан Насыров (үш қарғып секіру, Ақмола) сынды спортшылар бар.