Басты міндеттің бірі орындалды
Отырыста Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов атап өткендей, Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды. Бұл – кейінгі жылдардағы инфрақұрылымдық жобалар ауқымының артқанын көрсететін маңызды нәтиже.
Вице-министрдің дерегінше, осы кезеңде республикалық бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлініп, 1,6 мыңнан астам жоба жүзеге асырылған. Қаражат есебінен 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұған қоса жергілікті бюджет арқылы 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. «2021 жылы ауыл халқының 90%-ы, қала халқының 97,5%-ы сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізген болса, қазір еліміздегі 90 қала мен 7,5 млн тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етіліп отыр», деді Қ.Қажкенов.
Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін өңірлерде ауқымды инженерлік құрылыс жұмыстары жүргізілді. Су құбырларының тозығы жеткен учаскелері жаңартылып, жаңа су көздері ашылды, жергілікті қауіпсіздік талаптарына сай тазарту стансалары салынды. Бұған қоса жерасты су қорларын барлау, ұңғымаларды бұрғылау мен су сапасын бақылау жүйелері күшейтілді. Себебі бұған дейінгі кезеңде көптеген ауылдар тасымалданатын немесе маусымдық суға тәуелді болып келген еді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазір республикалық меншіктегі 26 топтық су құбыры 1,33 млн тұрғынды қамтамасыз етіп тұр. Бұл жүйелердің басым бөлігі 1980–1990 жылдары салынғандықтан, жаңғырту мен басқаруды оңтайландыру өзекті мәселе болып келген. Сондықтан 2024 жылдан бастап «Қазсушар» нысандарын жергілікті атқарушы органдарға кезең-кезеңімен беру басталды. Бұл жергілікті деңгейде жауапкершілікті арттырып, судың көзінен тұтынушыға дейінгі бақылауды күшейтуге жол ашады.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Былтыр 9 өңірде жалпы құны 103,2 млрд теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылды. Жоспарланған 9 жобаның орнына 15-і мерзімінен бұрын аяқталды. Нәтижесінде, 1 599 шақырым су желілері салынды, 7 су құбыры кешені пайдалануға берілді. Бұл жұмыстың нәтижесінде 514 мың тұрғыны бар 277 елді мекенде су беру сапасы жақсарды, ал бұрын орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған 73 ауыл алғаш рет ауызсуға қол жеткізді.
Менеджмент тиімділігін арттыру жолы
Үкімет отырысында су секторын цифрландыру мәселесі де талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын хабарлады. Жүйе электрондық үкімет стандарттарына сай жасалып, 11 мемлекеттік ақпараттық жүйені біріктіру арқылы суды басқарудың бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастырады. Бұл – су ресурстарын нақты есепке алу, пайдалану мөлшерін болжау, шығынды азайту мен су айналымын онлайн бақылау мүмкіндігін береді.
Қазір платформаның базалық функциялары іске қосылған. Аналитика, болжау, тариф модуляциясы, пайдаланушы интерфейстері мен электрондық шарттар интеграциясы енгізіліп жатыр. Су тұтынуды болжау жүйесі пилоттық режімде іске қосылған. Жыл соңына дейін оны толық коммерциялық енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Egov mobile және банк қосымшаларымен интеграциялау жұмыстары да басталған. Бұл су тарифтерін төлеуді жеңілдетіп, ашықтықты күшейтеді.
Биыл 103 суару каналы автоматтандырылады. Қызылорда, Жамбыл мен Түркістан облыстарында бекітпелер қашықтан басқару жүйесіне ауыстырылады. Ислам даму банкінің қолдауымен қосымша 264 суару каналы цифрландырылмақ. Бұл тәулігіне 24 сағат су таралуын автоматты бақылауға, суды жоғалту мөлшерін азайтуға әрі егін суару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, тек суды тиімді бөлу есебінен кей өңірлерде су үнемдеу 15–25%-ға дейін жетуі мүмкін.
Су тапшылығы мен ауыл шаруашылығы
Еліміз климаттық өзгерістерге ұшыраған өңірлердің қатарында. Ғылыми болжамдарға сай, алдағы онжылдықта су тапшылығы мәселесі айқын сезілуі мүмкін. Әсіресе ауыл шаруашылығы – су тұтыну көлемі бойынша бірінші орында тұрған сала. Бүгінде елдегі су пайдаланудың 65–70 пайызы егін суаруға тиесілі. Кей аймақтарда судың 40%-ға дейінгі мөлшері инфрақұрылымның ескіруі салдарынан далада немесе канал бойында жоғалады.
Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Үкіметтің алдына 5 жылда елді мекендердің барлығын ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойды. Премьер-министр су шаруашылығы инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жүйелі түрде қарау маңызды екенін айтты.
«Халық санының және жалпы экономиканың өсуімен бірге елімізде су тұтыну көлемі де ұлғая береді. Сондықтан таза ауызсу мәселесінің өзектілігі де күн өткен сайын арта түседі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру аяқталды. Дегенмен ауызсумен қамтамасыз ету – үздіксіз жүретін процесс. Сондықтан барлық жауапты мемлекеттік органдар бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы қажет», деді О.Бектенов.
Сумен жабдықтау желілеріне қызмет көрсету мен ауызсу сапасы туралы мәселелерге тоқталған Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың назарын өңір тұрғындарынан келіп түскен ауызсудың сапасы мен жиі берілмей қалуына, сумен жабдықтау желілерінің тозуына, сондай-ақ жөндеу жұмыстары мен іске қосу мерзімдерінің созылып кетуіне қатысты шағымдарына аударды.
«Жақында ғана Орал мен Теміртау қалаларының тұрғындары судың сапасына қатысты мәселе көтерді. Жалпы, өткен жылы сумен жабдықтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға 70 мыңға жуық арыз-шағым түсті. Бұл өңір әкімдіктеріне мердігер, не қызмет көрсетуші ұйымдармен қажетті деңгейде жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді. Жаңадан қосылған сумен жабдықтау және су бұру желілерін тиісті дәрежеде күтіп-ұстау шаралары қабылданбайды, сондай-ақ ауыз су сапасының нормалары сақталмайды», деді Премьер-министр.
Осыған байланысты әкімдіктерге әрбір шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдануды тапсырды. «Ескірген желілер, тұрғындар тарапынан сұраныстың өсуі, жаңа аудандардың салынуы қолданыстағы жүйелерді жаңғыртуды талап етеді. Сондықтан қызмет көрсету сапасын сақтай отырып, қамту ауқымын да кеңейту қажет. Жергілікті атқарушы органдар Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануы маңызды. Оның оң нәтижесі – желілердің тозу деңгейі азайып келе жатқаны қазірдің өзінде байқалып отыр. Осы бағытта жұмысты жалғастыру керек», деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы 1 млрд текше метрге жетуі мүмкін екенін айтты. Сондықтан фермерлерді суды үнемдейтін технологияларға көшіру, тамшылатып суару жүйелерін кеңейту, суды көп қажет ететін дақылдар құрылымын қайта қарау, суару лимиттерін өңірлерге әділ бөлу мәселелері күн тәртібінде тұрғанына тоқталды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мемлекеттік органдарға су саласын цифрландыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
«Бірінші кезекте осы жылдың соңына дейін жерүсті, жерасты су көздері туралы деректерді біріктіретін су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру керек. Аталған жобаны іске асыру Ұлттық су балансының картасын қалыптастырып, гидрогеологиялық мониторингті жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса суару каналдарын цифрландыру жұмысын жалғастырған жөн. Сондай-ақ әлемдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, қалалық су каналдарының өндірістік үдерістерін толық автоматтандыру мен цифрландыру міндеті бар. Бастапқы су көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін суды толық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық жұмыс сапалы әрі уақтылы жүргізілуге тиіс», деді О.Бектенов.
Үнемдей біліп, сапаға да мән берсек
Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-министр тиісті органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен бірге жалпы сипаттағы трансферттердің бөлінген сомалары мен Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде сумен жабдықтау мен су бұру жобаларының іске асырылуына жүйелі түрде бақылауды қамтамасыз етуге тиіс.
Су ресурстары министрлігі жыл соңына дейін 142 ауылдық елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретін 12 жобаны жүзеге асыру шараларын қабылдауы керек. Ал Қаржы министрлігі республикалық бюджет шеңберінде көзделген сумен жабдықтау жобаларын уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктері, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан мен Жамбыл облыстарының әкімдіктері суды көп қажет ететін дақылдар бойынша егіс алқаптарының құрылымын суды пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестендіреді. Ал Су ресурстары министрлігі фермерлерге су беруге қатысты барлық шарттардың егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі жол картасының индикаторларына сәйкес жасалуын қамтамасыз етеді.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі министрліктермен және әкімдіктермен бірлесіп, су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмысты жалғастырады. Суға ұқыпты қарау мәдениетін жастайынан қалыптастыру үшін аталған жұмысқа Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерін де тартуы керек. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап өткендей, суға және тұтастай алғанда, қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен әрі шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегіне айналуға тиіс», деді Премьер-министр.