Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қызметінің әр кезеңінде жастарды стратегиялық ресурс әрі ел дамуының қозғаушы күші ретінде қарастырып келеді. Жыл басындағы дәстүрлі кең көлемдегі сұхбатында да Мемлекет басшысы осы ұстанымына берік екенін аңғартты. Бұл – кездейсоқ емес, демографиялық әрі әлеуметтік шындықпен сабақтасқан ұстаным. Себебі бүгінде ел халқының шамамен 30 пайызын жастар құрайды. Демек елдің болашағы, даму бағыты мен реформалардың нәтижесі, ең алдымен, осы буынның санасы мен белсенділігіне тікелей байланысты.
Сұхбатта Президент жастарға жүктелер негізгі міндет ретінде жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселесін алға шығарды. Мемлекет басшысы талапшылдықты тек сын айту немесе наразылық білдірумен шектемей, оны нақты іспен, адал еңбекпен және кәсіби өсуге ұмтылумен ұштастыру қажеттігін атап өтті. Яғни елге деген жанашырлық сөзбен емес, нақты әрекеттен көрінуге тиіс. Бұл пікірді «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев та қолдайды.
– Мемлекет басшысы сұхбатында хакім Абай мұрасына ерекше мән берді. Ұлы ойшылдың қара сөздерінде еңбек пен білім, ізгілік пен кісілік қасиеттер терең қамтылған. Бұл құндылықтар цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде де өзектілігін жоймайды. Олар адам мәдениеті мен парасатын айқындайтын негізгі өлшем болып қала береді. Осы тұрғыда «Ассамблея жастары» үшін ағартушылық, мәдени және креативті жобалар арқылы жасампаз патриотизмді насихаттау – басты бағыттардың бірі. Ұйым Абайдың «Толық адам» ілімін түрлі форматта дәріптеп келеді. Соның ішінде Абай оқуларын өткізу және ұлы ойшылдың туған жеріне экспедициялар ұйымдастыру бар. Мұндай бастамалар жастарға ақын шығармашылығымен үстірт танысып қана қоймай, оның еңбектеріндегі терең ойларды зерделеуге мүмкіндік береді. Биыл да кезекті Абай оқулары жоспарланған. Бұл іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес мемлекеттерден де талапты жастардың басын қосады, – деді Т.Жұмырбаев.
Сонымен қатар ол Президент жүктеген міндеттерді нақты жүзеге асыру мақсатындағы биылғы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, жауапкершілігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті жас буынды тәрбиелеуге бағытталған «Жаңа толқын», «Қазақстан халқы Ассамблеясының көшбасшылар мектебі», «Jastar Wave», «Jastar Generation» сынды тұрақты жобаларынан бөлек, бірқатар жаңа бастама іске қосылады.
– Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясының «Менің таза Қазақстаным» жобасын іске асыруға кірісеміз. Бастама қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар қоғамдық кеселдерден – лудомания, есірткіге тәуелділік пен маскүнемдіктен аулақ болуға, яғни ниет пен істің тазалығына баса назар аудармақпыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, тазалық ұлттық болмысымыздың өзегіне айналуы керек. «Мен Қазақстанның патриотымын» жобасын да бастаймыз. Ілкімді іс елдің өсіп-өркендеуіне нақты үлес қосып жүрген жастардың жетістіктерін үлгі етуді мақсат етеді. Оның үстіне, Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған орай, көптеген жоба аталған салалардағы дағдыларды меңгеруге бағытталады. Қазірдің өзінде «Digital Assembly» модулі іске қосылды, ал ұйым белсенділері әлеуметтік жобаларға арналған жаңа цифрлық шешімдерді әзірлеуге жұмылдырылды. Алдымызда өте маңызды әрі жауапты міндет тұр. Бұл жұмыстың Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуінің мәні зор, – деді «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы.
Сұхбатта көтерілген тағы бір маңызды мәселе – құндылықтар жүйесі. Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың ашық ойлы, әділетті қоғамды қалайтын талабын қолдай отырып, ұлттық болмыс пен тарихи жадыны сақтаудың маңызын еске салды. Президент үшін жаңашылдық пен ұлттық құндылықтар бір-біріне қарсы ұғым емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын тірек екені аңғарылады. Әрі сөз арасында Мемлекет басшысы жастарды популизмге, жеңіл жол іздеуге немесе арандатушылық көзқарастарға ермеуге жанама түрде ескерту жасады. Оның пікірінше, елдің тұрақтылығы мен ұзақмерзімді дамуы сабырлы, сауатты әрі жауапты ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарға қойылатын талап та жоғары.
– Мемлекет басшысының ел болашағына қатысты пайымы, саяси институттарды жаңғырту мен экономикалық тетіктерді жаңарту жоспары тікелей жастарға арналған. Өйткені жаңа жағдайда өмір сүретін де, бүгінгі реформалардың игілігін көретін де – келешек ұрпақ. Сондықтан Президент сұхбатындағы негізгі мессендждерді жас оқырмандардың терең түсініп, зерделегені маңызды. Әсіресе өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн дегені маңызды. Яғни жас буын жасандылық мен көзбояушылыққа бой алдырмай, Отанға деген сүйіспеншілікті сөзбен емес, нақты іспен, жетістіктермен, тың жаңалықтармен, оқудағы не кәсіби жетістіктерімен өлшеуі қажет. Елдің ең басты капиталы да осыдан қалыптасады. Сонда ғана әлеуметтік желіде жиі айтылатын Қазақстанның прайм-дәуірі басталады, – деді «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәш.
Қорыта айтқанда, Президент жастарды тек мемлекеттің қолдауына иек артатын әлеуметтік топ ретінде емес, ел тағдырына тікелей ықпал ететін шешуші күш ретінде қарастырады. Ал жүктелген міндеттің өзегі – білім, еңбек, жауапкершілік және елге адал қызмет. Бұл – бүгінгі жастар үшін ғана емес, Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы үшін де айқындаушы фактор.