Қоғам • Кеше

Аязды жылытқан жанашырлық

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде волонтерлік халықаралық деңгейде қоғамды біріктіретін маңызды құндылық ретінде мойындалып отыр. Алайда бұл идеяның шынайы салмағы – биік мінберлерде емес, қарапайым адамдардың күнделікті өтеусіз атқарған амалында. Бас қаланың алабұртқан аязында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жанашырлары осындай игі ісімен елді сүйсінтті.

Аязды жылытқан жанашырлық

Бір топ ерікті жалғызілікті зейнеткерлер мен қарттардың ауласын қардан тазалап, қолғабыс етті. Олар тек физикалық ең­бекпен шектелмей, тұрмысына көмек көрсетіп, қариялармен әңгімелесіп, рухани қолдау білдірді.

– Біз үшін қақаған қыста аула тазалау – оңай шаруа емес. Мұндай сәттерде волонтерлердің көмегі – үлкен тірек. Бүгінгі жастардың қоғамға құрметпен қарап, жана­шыр­лық танытып жүргені көңілге үміт ұялатады. Игі іс арқылы жас буын қазір адамгершіліктің биік үлгісін көрсетіп отыр. Сондықтан барша еріктілерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді елорда тұрғыны Света есімді қария.

Осылайша, қарттар ал­ғысын жаудырып, жастарға шәй мен тәттісін ұсынды. Бір жағынан бұл – халықтың осал топтарын қолдау амалы әрі әлеуметтік жауапкершілікті дамыту тетігі.

Негізінен мұндай игі істер «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Осы жолы идеяны 15 волонтер қолдап, елордалық жастар арасында мейірімділік пен белсенді азаматтық ұстаным мәдениетін кеңінен насихаттауға тырысты.

– Нақты «Қамқорлық мекенжайы» акциясын тұрақты түрде өткіземіз. Оның мақсаты – жеке секторда жалғыз тұратын зейнеткерлерге қар күреп, қадам басар жолдарын ашып, отындарына көмек көрсету. Байқоңыр ауданындағы үлкен кісілерге көмектестік, олардың алғысы мен жылы лебізі бізге күш-қуат берді. Бұл жұмысты көктемге дейін үздіксіз жалғастырамыз, – деді «Астана жастары» волонтері Дарья Олейникова.

Айта кетейік, еліміздегі «Ме­йірімді Қазақстан» әлеу­мет­тік акциясы өз мәресіне жетті. Бұл бастама да қоғамдағы қол­дау мәдениетін нығайтуға, әлеуметтік жауапкершілікті арт­тыруға және жастарды игі іс­терге тартуға бағытталды. Өткен жылдың аяғында он күн бойы республиканың барлық өңі­ріндегі жастар ұйымдары мен волонтерлер қайырымдылық іс-шараларын өткізді.

Науқанның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналды. Атап айтсақ, жалғызілікті зейнеткерлерге көмек көрсету, қарттар үйі мен балалар үйіне қолдау білдіру, медициналық мекемелерде донорлық акциялар ұйымдастыру, аз қамтылған отба­сыларға көмек беру, сондай-ақ коммуналдық қызмет са­­­ласы қызметкерлерін қолдау бо­йынша жобалар жүзеге асты. Жалпы 10 мыңға жуық азамат қатысты. 

Соңғы жаңалықтар